11.06.2019, 12:12
Оқылды: 492

Кешірім сұраудан да кешікпеу керек (ФОТО)

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасынан классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының желісі негізінде дайындалған «Арманым – Әселім» қойылымы көрерменге жол тартты.

 teatr (8)

Қойылымның премьерасына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстанның халық әртісі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменовке жерлестеріне рухани сый тарту еткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ орайлы сәтті пайдаланып, өнерсүйер қауымға жақсы жаңалық жеткізді. Өңір басшысының мәлімдеуінше, жуырда облыс орталығында зәулім заманауи мәдениет сарайының құрылысы басталмақ.

teatr (4)

Қойылымды тамашалаушы көрермендер қатарынан табылған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева туған жері – кіндік қаны тамған Нарын құмы алдындағы борышын өтеймін деп өнерін ортаға салған Талғат Теменовке ақ батасын берді.

«Оралдың сахнасы арқылы көрермен көңілінен орын алған туынды – ұлы жазушы Ш.Айтматовтың өзін алғаш әлемге таныстырған шығармасы. Классикалық туындыны жастанып жатып оқыдық, аты тарихта қалған, аңызға айналған талай мәдениет майталманының сахналағанына куә болдық. Өнер саласында атын қалыптастырып, баршаға танылған Талғат ұлдарыңыздың бұл туындыны Орал сахнасына қоюының үлкен мәні бар. Мұны туған жерге тағзым деп қабылдағанымыз жөн», – деп тебіренді ақын.

teatr (16)

Екі күн бойы көрермен көңілін толқытқан туындының оқиға желісі көлік жүргізушісі Ілияс пен өрімдей жас сұлу Әселдің арасында өрбиді. Жол үстінде кездейсоқ танысқан екі жас бір-біріне ғашық болып, атастырылған жігіті бар екендігіне, ата-анасының қарсылығына қарамастан, жас қыз дәл осы жігітпен ғұмырын байланыстыруға бел буады. Көп ұзамай, өзі «құс қанатты тұлпарым» деп ерекше еркелететін Самат атты батырдың әкесі атанған Ілиястың бақытты шағын қара бұлт торлап, сын сәттер туады. Өмірдің сынағына сынып, уытты ішімдіктің уытына малтығып, әуелден өзіне көңілі кетіп жүрген Хадиша сылқымның соңынан кеткен отағасын күте-күте шаршаған Әсел ұлын құшақтап, алыс жолға аттанады. Жол-жөнекей ұшырасқан Байтемір атты егде азамат жас әйел мен сәбиді қамқорлығына алып, үйінің төрінен орын береді. Арада бір жыл өткеннен кейін бұл азаматтың адалдығы мен шынайы көңіліне риясыз сенген Әсел өзінің де, Саматтың да тағдырын Байтемірге сеніп тапсырады. Хадишамен баянды бақыт бұйырмаған Ілияс уақыт өте жан жары мен ұлын сағынып, жан жарасы жүрегін сыздата бастайды. Тағдырдың жазуымен құдайы қонақ болып Байтемірдің үйіне жолы түскен сәтінде Әселмен кездесіп, кешірім сұрайды. Алайда Әсел қиын сәтте қолтығынан демеп, жанының жарасын емдеуге барын салған Байтемірден бас тартпайды, «Бәрі де кеш!» деген ауыр үкім, ұлының өзге адамды «әке» деп жүргені Ілиястың жанын өртейді. Қойылымды тамашалап отырып, қолда бар бақытты уақытында бағалау қажеттігін, арадағы жылдар легі жүректі ауыртпай, сезімді суытпай тұрып, «Кешір» деген бір ауыз сөзді айтуға үлгеру керектігін ұғынасың. Өмірде сирек жолығатын шынайы сезімді бағалай алмаған Ілиясқа біресе ашуланып, біресе еріксіз жаның ашиды.

teatr (18)

«Таразының бір басында жүрегінің өмірлік иесі, екінші басында өзін қиын сәтте қамқорлаған жанға деген шексіз құрмет тұрған сәтте таңдау жасаған Әселдің орнында болсам, қайтер едім?» деп еріксіз ойға қаласың. Өткінші өмірде өтпелі сынаққа сынбауды, сезімді аялай білуге шақыратын туынды ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Бас кейіпкерлер – Ілияс пен Әселдің рөлін сомдаған Жасқайрат Валиуллиев және Нұржиян Хасанованың өнеріне, қойылымдағы негізгі рөлдерді керемет алып шыққан Мұсағали Бектенов, Гүлжиян Шынтемір, Нарқыз Шадыеваның актерлық шеберліктеріне тәнті болған көрермендер ыстық ықыласын аямады.

Кеш соңында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры директорының көрермендерді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Ғалия Ибрашева «ҚР мәдениет саласының майталманы», ал аталмыш өнер ордасының актерлері Думан Ғұмаров, Асылжан Жакин, Жасқайрат Валиуллиев «Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

teatr (20) teatr (17) teatr (10) teatr (12) teatr (5) teatr (9)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале