8.11.2019, 19:29
Оқылды: 261

Кішкентай Дәулетке қол ұшын созайық!

daulet (2)"Адамның бір қызығы бала деген", бала - бауыр етің, жан жүрегің, жұлының, жалғасың, бүкіл арман-мақсатыңның ізгі қадамы, жұпар ауасы, мөлдір кәусәрі деп тізе беруге болады. Алланың берген сыйы, ата-анасының осындай баласы аяқ астынан дертке душар болса, дүние көз алдыңызда төңкеріліп түскендей, барлығы күйрегендей тынысың тарылып, жер-көкке сыймай ауа қарманып, жан-жағыңнан жәрдем тілеп, көмек қолын, жанашыр адам іздейтінің бар. Аллаға сабыр қылсаң да мазадан айырыласың.

БҚО-ның Бәйтерек ауданы, Трекино ауылының тұрғыны 8 жасар Дәулет Ұлықпановқа  "ми бағанасының диффузиясы, төртінші дәрежелі қатерлі ісік" деген диагноз қойылып, Қазақстанда емдеу мүмкіндігі болмағандықтан, тек біздің ел емес, интернет ақтарып, әлемнің дамыған ірі елдерінен көмек сұрағанда, олардың өзі мұндай диагнозбен ем-дом жасаудан бас тартып, не істерге білмей Дәулеттің ата-анасы тығырыққа тірелгенде жылт еткен үміттеріне демеу болған, ауру баланы емдеуге қабыл алған бірден-бір мемлекет Түркия болды. Науқасты шетелге әкеткенше үш апта уақыт жоғалды. Дәулет алдымен Ақтөбеде, (сонда әке-шешесімен туысқандарына қыдырып барған бала ғой) онда ешқандай ем шара жасалмағасын Алматыға жеткізіледі. Одан жағдай жақсармайды. Дәрігерлер балаға ешқандай ота жасамайтынын, ағзасынан биофсей ала алмайтындарын айтып, тек тіршілігін сақтауға паллативті терапия көмегін ұсына алатынын айтқан соң ата-анасы балалар онкологиясымен айналысады деген елдермен сөйлеседі. Бұл мәселеде дамыған мемлекет саналатын Испания да Дәулеттің диагнозын естіп, бірден бас тартады. Кореяда балалардың мұндай дертке шалдығуы кездеспегендіктен, оларда тәжірибе жоқ екен, ал Изариль жай диагнозын тексеруге 800-1000 еуро сұраса, Германия елінің дәрігерлері де қыруар ақша талап етеді. Айналып келгенде әр күнгі емі қымбатқа түссе де соңғы үмітті өшірмей, Дәулетке дем беріп отырған ел түркі елі, түркі бауырлар.

daulet (1)Қазір кішкентай Дәулет Стамбул қаласында. Ондағы "LIV Hospital" клиникасы емдеуді қолына алған. Әкесі Нұрбол жанында. Баланың миына ота жасау, емдеу шамамен 35-40 мың еуроны құрайды екен. Бұл алдын-ала шамамен айтылған қаражат мөлшері. Өміріне өте қауіп төндірген ісік баланың миындағы жүйке тамырларына тым жақын орналасуы, сол арқылы оның тыныс алу мен жұтыну жолына, жүріп-тұру, қимыл-қозғалысына кері әсерін тигізуі мүмкін, дәрігерлердің ота жасаудан қорқып, көбінің бас тартуы осыдан болса керек.

Қазіргі күнде Дәулеттің Стамбулдағы әр күні біраз қаражатпен өлшенуде.

Бұл тек бір ата-ананың басына түскен ауыр сын емес, "адамның күні адаммен" деген, біздің дінімізде "Мұсылман мұсылманға бауыр, бір-бірінің айнасы" дейді. Жомарт жүрек ағайын, қолымыздан келгенше кішкентай Дәулетіміздің осы дерттен аман-есен емделіп шығуына қол ұшымызды созайық.

Сіз бен біздің бұл қайырымдылығымызды Алла сауапқа жазар, біз бір отбасына осындай қиын жағдайда жанашырлық танытып, көмек берсек, ол адамгершілігіміздің белгісі, сәл көмегіміздің өзі тап қазір шыбын жаны өмір үшін күресіп жатқан Дәулетжанға зор демеу, әке-шешесіне қолдау, Алла назарында біздің адам екендігіміздің көрінісі, бізге де сын болған жағдай. Ибрагим пайғамбарымызды отқа жағып өртеп жатқанда кішкентай құмырсқа өртті сөндірмекке бір тамшы су алып бара жатыр екен, қарлығаш та қанатымен су тасып сеуіпті, сонда сырт дүние ол екеуіне күлмейді ме, сендерге не жоқ, осындай алапат өртті сөндіреміз деп ойлайсыңдар ма, сонда құмырсқа мен өртті сөндіре алмаймын, бірақ ертең пайғамбарыңды құтқаруға сен не істедің деп сұраса, Аллаға не бетімді айтам десе, қарлығаш та өртті өшіре алмаймын, бірақ осы әрекетімді Алла-Тағала көріп, қабыл алса, онда ол өртті сөндіре салу Аллаға түк емес депті. Ағайын, біз ше, біз қайтеміз? Дәулеттің отасына, еміне деп көмектессек, Ұлық Алла біздің ынтымағымызға риза болар, сөйтер де балақайға қайырымды дәрігерлердің қолымен шипа дарытар, үміт бар, жақсылыққа сенейік, Дәулеттің ата-анасына, ет жақындарына жанашырлығымызды білдіріп, үміт сыйлайық! Әр ақ ниет, әр жақсы істің сауабы өлшеусіз. Отбастарыңыз, бала-шағаңыз аман болсын, жомарт жүрек ағайын!

Мұнайдар Балмолда,
 Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале