15.09.2017, 20:51
Оқылды: 33

Клиникалық ауруханаға - 150 жыл

aaБүгін облыстық клиникалық аурухананың 150 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылған мерекелік кешке аталмыш ұжым ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Салтанатты жиын сонау Патша үкіметі кезінде негізі қаланған аурухананың тарихы, бүгінгі жетістіктері және сала ардагерлерінің естеліктерінен құралған бейнефильмді тамашалаудан басталды.
- Сонау 1867 жылы құрылған алты керуеттік стационар бүгінде 150 жылдық тарихы бар, уақыт талабына сай іргелі мекемеге айналып отыр. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жазылғандай, бұқаралық сананы өзгерту үшін қоғам өзінің тарихына мән беріп, оны дәріптеп, айтулы оқиғаларды біліп отыруы керек. Бүгінгі таңда облыстық клиникалық аурухана кеңесші емханасы бар, шұғыл көмек көрсете алатын, облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді, науқастарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ете алатын ең ірі ауруханалардың бірі. Қазіргі уақыт талабына сай денсаулық сақтау саласына көптеген өзгерістер мен реформалар енгізілуде, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтау сөзінде. Ол «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатырған бірқатар ілкімді істерге де тоқталып өтті. Арман Кәрімұлы хирург-дәрігер Ербол Есеев және дәрігер-эпидемиолог Динара Мәжитоваға облыс әкімінің «алғыс хатын» табыс етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қала әкімдігі және аталмыш аурухана басшылығы тарапынан медицина саласының бірнеше қызметкері мерекелік төсбелгі, сый-сияпатпен марапатталды. Салтанатты кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале