2.08.2017, 11:18
Оқылды: 37

Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкен

Кеше БҚО ІІД өткізген брифингте жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құспаев «Уральская неделя» басылымының журналисі Лұқпан Ахмедияровтың 21 шілде күні фейсбуктегі жеке парақшасына жазған мәлімдемесіне қатысты түсінік берді.


Кенжебек Құспаевтың айтуынша, сол күні Лұқпан Сайлауұлы қаладағы «Сити орталығы» сауда үйіндегі «Синема Парк» кинотеатрында жас әріптестерімен бірге спирттік ішімдік ішті деген айыппен автоматпен қаруланған полиция қызметкерлеріне ұсталғандығын жариялаған.

-Жүргізілген тексеріс барысында 21 шілде күні түнгі сағат 23.00 шамасында ІІД-дегі 102 операторына алтыншы кинозалының соңғы қатарында белгісіз біреулердің спирттік ішімдік ішіп отырғандығы туралы жасырын қоңырау шалынғандығы анықталып, тіркеуге алынған. Оқиға орынына келген «Сова» түнгі іздестіру тобының қызметкерлері 1975 жылдың 23 желтоқсанында туылған, «Уральская неделя» басылымының журналисі Лұқпан Сайлауұлы Ахмедияровты және өзі ұйымдастырған «Журналистер курсының» тыңдаушыларымен алтыншы залдың соңғы қатарында отырғандығы анықталған. Аталған адамдарға тексеріс жүргізген кезде олардан біреуі толық, екіншісі ішілген екі шөлмек «Виски» ішімдігі мен стакан табылған. Аталған жайтты анықтау мақсатында ұсталғандар арнайы тексеру орнына жеткізілген. Ол жерде ұсталғандардың екеуі өз еркімен тексеруден өткен. Екеуінің де спирттік ішімдік ішпегені анықталған. Ал, Л.Ахмедияров пен қалған тәртіп бұзушылар тексерістен өтуден мүлдем бас тартқан. Аталған адамдарды жауаптау кезінде 21 шілде, сағат 22.30 шамасында, кино басталмас бұрын Л.Ахмедияров «Сити орталығы» сауда үйінің ішінен екі шөлмек «Виски» ішімдігін сатып алып, қалташаға салынған күйі кинозалға кіргізген. Орындарына жайғасқан соң қасындағы Д.В.Зайкин есімді азаматпен бір шөлмекті іше бастаған. Орын алған жайтқа байланысты 22 шілде күні жауапталған азамат Д.В.Зайкин кинотеатрда болғанын және Л.Ахмедияровпен бірге ішімдік ішкенін толық мойындады. Д.В.Зайкин «Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкені немесе мас күйінде жүргендігі үшін» әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 24 шілде күні азамат Л.Ахмедияров та әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5672 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Л.Ахмедияров айыппұлды сол бойда төлеп, өз кінәсін толық мойындады. Қоғамдағы әділдік үшін күресіп, халық алдында беделге ие болып жүрген азамат Л.Ахмедияровтың бұл қылығы өзімен бірге жүрген шәкірттерінің және жас ұрпақтың тәрбиесіне кері әсер етері сөзсіз деп санаймын,-деді Кенжебек Сүйеужанұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале