8.02.2018, 10:23
Оқылды: 138

Көк тас кеміру жақсылыққа апармайды

Керек-жарақ алуға базаршылап шыққан бір күн еді. Қашанда ығы-жығы халық иін тіресіп жүретін «Мирлан» базары. Қақпадан өте бергенде, сауда жасап отырған апайдың алдындағы бір дорба толы тасқа үңіліп, ішінен кесектерді іріктеп алып жатқан қызға көзім түсті. Ұзай бергенде, сатушы апайдың «Бәрі бірдей топырақ емес пе, несіне таңдайды?» деген үнін құлағым шалғаны.

Бұрындары мектептегі тақтаға жазатын ақ борды жеп қоятын оқушылар болатын. Ал қазір ақ борға қарағанда, көк тас жейтіндер көбейген тәрізді. Кейде қоғамдық көліктерде де осы көк тасты қытырлатып жеп отырғандарды көзіміз шалып, таныстар арасында да осы «ас болмайтын нәрсені» әңгімелеп отыратындарды ұшыратамыз. Сондай сәтте «Бұл тастың таңдап тұрып жейтіндей денсаулыққа бір пайдасы болғаны ма?  Ешқандай зияны жоқ па?..» деген сауалдар жиі мазалайды.  Естуімізше, сайдан қазып алып, тазалап, кептіріп, үлкенді-кішілі пішінде уатып, базарға апарып сатады. Көше бойында кәкір-шүкір сатып отыратындардың алдындағы жаймада да көк тас «менмұндалап» тұрады.

Бір байқалғаны, бұларды көбіне қыздар, әйелдер жейді. Бір таныс қыз баладан мұны не үшін жейтінін сұрағанымда, «Неге екенін білмеймін, әйтеуір, жегім келеді. Бірауық ұмытып кеткендей боламын. Бірақ есіме түскенде, соны жегім кеп, аңсарым ауады да тұрады. Сосын амал жоқ, сатып аламын», – деген болатын өз есімін жасыруын өтініп. Ал бір бойжеткен ақ балшықтың иісін қатты ұнататынын, сондықтан да ауық-ауық осы тасты жеуге тәбеті ашылатынын айтты.  Шынында да, бұл тастың тамақтан өтетін тағамға айналуына не себеп? Сұрақтардың жауабын білу үшін маманға жүгінуді жөн көрдік. Облыстық клиникалық аурухананың гемотология бөлімшесінің дәрігер-гематологы Ырысгүл Қозиева былай дейді:

– Адамдарда әуестік деген әр түрлі болады. Кейбірі тас жейді, бор жейді. Кейбіреулер иістерге, мысалы, бензин, керосин не үй ақтайтын ақ балшықтың иістеріне құмар болады. Мұндай заттарға, әлде иістерге тәуелділік адам ағзасында бір элементтің жетіспеушілігін көрсетеді. Яғни темір жетіспеушілік, қаназдық болғаны. Ел арасында көбісі қаназдық десе түсінбейді де, анемия десе ұғады. Адам бойында бұл аурудың бар-жоғы дәрігерге тексерілгенде белгілі болады. Бор жеу – ағзаға зиян. Біріншіден, ол таза зат емес. Оның құрамында түрлі микробтар болуы мүмкін. Кез келген микроб ағзада инфекция тудырады. Іш өтеді, ішек инфекциялары, асқазан жаралары пайда болады немесе оның құрамында улануға әкеп соқтыратын басқа бір ауыр металдар болуы мүмкін. Бор жейтіндердің жүрегі айнып, құсып, көбінесе үлкен дәрет жүрмей қалады. Ағзасындағы мұндай жайсыздықты сезген адам мамандарға қаралып, дәрігерлік сараптама тапсыруы қажет. Қаназдықтың да түрлері көп. Анемияның қай түріне болсын жүргізілетін ем 10-20 күнде бітпейді. Бір не екі-үші ай бойы емделу қажет. Бір ай емделген соң дәрігерлік сараптама тапсырып, қаралу керек. Емделмей жүре берген адам басқа ауруларға шалдығады.

Анемияның пайда болу себептері де өте көп. Ағзаға темір, дәрумен жетіспеушілігі және фолий қышқылы жетіспеушілігі салдарынан анемия болады. Асқазан жарасы, эрозия, гастрит, атрофиялық гастрит, асқазанға жараның салдарынан қан кетіп асқыну, ішектің инфекциясы, геморрой секілді ішектің түрлі аурулары да себеп болуы мүмкін. Геморройдың асқынған түрі қауіпті. Анемиямен көбінесе әйел адамдар ауырады. Әсіресе,  жүктілік кезінде қаназдық өршиді. Қаназдық көбісінде бала кезден қалыптасады. Ал жас балаларда анемияның пайда болуының себебі – дұрыс тамақтанбау. Мысалы, күніне 300-400 грамдай жас малдың етін қабылдау қажет. Бор жеуге әуес жандардың өзімен-өзі шешім қабылдап, кез келген дәрі-дәрмекті қолдана беруіне болмайды. Анемияның қай түрімен болсын, ауырып келген адам барлық тиісті тексерістен өтеді.

*  *  *

Базардан шығар жолда ұсақ-түйектер сатып отырған апайдың алдындағы көк тасты алушы болып, саудалап көрген едік.

– Көк тастың мына бір кесегі қаншадан?

– 20-дан, 50-ден, целлофан қалташадағылары 100 теңгеден.

– Қай жақтан әкелесіздер?

– Жымпитыдан.

– Сонда бұл тастарды қайдан алады екен?

— Кәдімгі жердің астынан шығатын тас қой. Қазып алады. Мешокпен бізге әкеледі. Біз сатып аламыз.

Байқағанымыздай, тас та бір пайда бизнес көзіне айналған екен. Бірақ әңгімеге арқау боп отырғаны бұл емес, бор мен тастың денсаулыққа зияндығы. Сондықтан да бор жейтіндер өздерінің у жеп жатқандарын ұғынса дейміз.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале