18.04.2017, 16:29
Оқылды: 63

Көктемгі егіске сақадай сай

Биыл өңірдегі дәнді дақылдар егістігі 253 мың гектарды құрайды. Өткен жылы егістік алқаптарының аумағы 215,6 мың гектар болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалының алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шарушалығы басқармасының бөлім басшысы Денис Омашев әңгімеледі.     


Денис Молдағалиұлының айтуынша, дәнді дақылдар егісі 253 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,7 пайызға артық. Оның ішінде 72 мың гектар күздік дәнді дақылдар егілген. Ал жаздық дәнді дақылдар 181 мың гектар  алқапқа егіледі. Оның құрылымында жаздық бидай 119,1 мың гектарды (65,9%), арпа 53 мың гектарды (29,3%), тары 4,2 мың гектарды (2,3%) және басқа дәнді дақылдар 4,5 мың гектарды (2,5%) құрауы тиіс. Майлы дақылдардың егіс алқабы 52 мың гектар болады деп күтілуде. Соның ішінде күнбағыстың егіс алқабын 40 мың гектарға жетпекші. Ал картоп және көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемін 9000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Соның ішінде картоп 3,9 мың, көкөніс дақылдары 3,5 мың, бақша дақылдары 1,6 мың гектарға егіледі.

Мал шаруашылығын дамыту үшін мал азықтық базаны құру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл мал азықтық дақылдардың егісі 168,1 мың гектарды құрамақ. Соның ішінде біржылдық шөптер 31 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,4 мың гектарға, көпжылдық шөптер 15 мың гектарға егілуі тиіс. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер егісі 121,6 мың га құрайды.

-Облыс тұқыммен толық қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымы жоспардан 24,9 пайызға артық дайындалды. Оған қажеттілік   19,8 мың тоннаны құраса, күні бүгінге нақты дайындалғаны - 24,8 мың тонна (124,9%). Майлы дақыл тұқымы 21,7% артық дайындалды, жоспар - 460 тонна, нақты дайындалғаны 560 тонна (121,7%). Мал азықтық дақылдар тұқымы 20,5 пайызға артық дайындалды, оған қажеттілік 782 тонна болса, ісс жүзінде 942 тонна (120,5%), тұқымдық картоп бойынша қажетті көлемдегі 11,7 мың тонна тұқым толықтай дайындалды, - деді Денис Омашев.

Биыл көктемгі далалық жұмыстарға 4173 трактор, 4965 дәнсепкіш, 793 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы жоғары өнімді 46 егіс кешені қатысады. Бүгінде тракторлар 92%-ға, дән сепкіштер 94%-ға, қопсытқыштар 96%-ға жөнделді. Сонымен қатар диқандарға көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Наурыз айына 5 мың тонна, сәуірге 3 мың тонна, мамырға 4 мың тонна жеткізілетін болып белгіленді. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС анықталды. Наурыз-сәуір айларында шаруашылық құрылымдарына 1 литр дизель отынының бағасы 122 теңгеден босатылуда.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы арқылы 600 млн. теңге қарастырылған (6%-дық мөлшерлемемен). Бұл қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі. «Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, өңір диқандары көктемгі жердегі ылғалды тиімді пайдаланып, көктемгі далалық жұмыстарды уақытында аяқтауды көздеп отыр.

-Биыл ылғал мол болды. Егін шығымы жақсы болады деп үміттеніп отырмыз, - деді Денис Омашев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале