15.09.2017, 16:23
Оқылды: 23

Қызмет көрсету бағытында екі мыңға жуық заңбұзушылық анықталған

Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мүксімов алдымен Орал қалалық әкімдігіндегі «Ашық әкімдік» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Аталмыш жоба мемлекеттік қызметті алушыларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ыңғайлы жағдайда алуға мүмкіндік береді. Қалалық әкімдіктің бөлімдерімен баламалы түрде мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдайтын және өңдейтін алаң құрылды. Операциялық залда электронды кезектер қойылып, қызмет ұсынудағы кедергілер барынша азайтылып, жайлы күту орындары жасалып, кондиционерлер орнатылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында күту залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтерді алу және олардың нәтижесіне шағымдану тәртібі тақырыбында келушілерге бейнероликтер көрсетіледі.

«Ашық әкімдік» жобасы шеңберінде жер қатынастары, сәулет, және қала құрылысы бөлімдерімен 10 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Бұл жобасы іске қосылғалы 2 466 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде жеке тұрғын-үй, шаруашылық құрылыстарына  рұқсат беру және өзге де қосымша қызметтер көрсетіледі.

Орал қалалық әкімдігіндегі кездесу барысында С. Мүксімов «Ашық әкімдік» жобасының негізгі жұмыс көрсеткіштерімен, талдау нәтижелерімен танысып, жобаның жұмысын жақсарту бойынша тиісті ұсыныстар берді.

Бүгінде автокөліктерді тіркеу саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жүгінушілер аз емес. Мұндай мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру мақсатында еліміздің өңірдерінің басым бөлігінде арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғаны белгілі. Алайда  облысымызда  әзірге арнайы ХҚКО ашылған жоқ. Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихандау бөлімдерімен үш орында (Орал қаласы, Бөрлі және Қазталов аудандарда) Көліктерді тіркеу қызметтері көрсетіледі.

С. Мүксімов облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының тіркеу-емтихандау бөліміндегі қызметкерлермен кездесу барысында бөлімнің жұмысымен, соның ішінде автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бағытындағы жұмыстармен жете танысты. Сондай-ақ ол қызмет алушылармен де жүздесіп, пікірлесті.

Мемлекеттік қызметті алуда тұрғындар жиі бас тірейтін орындар халыққа қызмет көрсету орталықтары екені сөзсіз. ХҚКО-ларда халыққа ыңғайлы және сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін барлық жағдай  жасалуда. Облыста халыққа қызмет көрсету орталықтарының 14 бөлімшесі бар. Биылғы сегіз ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 993 529 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Орал қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ БҚО филиалының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің №1 бөлімшесінде болған С. Мүксімов облыстағы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен танысты. Ондағы мемлекеттік қызмет алушылармен сұхбаттасып, қызмет берушілердің жұмыстарын жақсарту бойынша тұрғындардан конструктивті ұсыныстар алуға дайын екендігін, сондай-ақ агенттіктің интернет-ресурсындағы арнайы айдар арқылы өз пікір-ұсыныстарымен бөлісуге болатынын жеткізді.

2017 жылдың сегіз айы ішінде облыстың мемлекеттік органдары  2 571 578 мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның ішінде қағаз жүзінде 592 126 (немесе жалпы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 23 %-ы), мемлекеттік корпорация арқылы 887 929 (34,5%) қызмет көрсетілген, ал электронды форматта 1 091 523 (42 %) қызмет көрсетілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментімен мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша заңнамалардың сақталуына 34 тексеру шарасы жүргізілген, соның ішінде 26 жоспардан тыс (тоғыз жоспардан тыс шағымдар бойынша, 17 жоспардан тыс агенттіктің тапсырмасы бойынша), сегіз ішінара тексеру болған. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 1 971 заңбұзушылық анықталып, 12 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале