6.12.2019, 16:10
Оқылды: 81

Көңіліміздің төрінде

«Пай-пай,Өмір!

Өтесің-ау бір күні,

Тиясың-ау,

қуанышты күлкіні.

Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі,

Пай-пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні» - деп М. Мақатаев жырлағандай, күні кеше бірге жүріп, қуаныш сәттерді бірге өткізген ауылдас, жұмыстас әрі сыйлы іні туралы өткен шақпен айту қандай ауыр. Алайда өзінің бітім-болмысымен, қарапайым адами қасиеттерімен елдің есінде қалғаны жүрекке дауа.

фото1

Марқұм Мүтиғолланың барлық саналы ғұмыры, жастық шағы, еңбек жолы қазіргі Ақжайық ауданының Алғабас ауылымен тығыз байланысты. Бұл ауыл – іргесі ыдырамаған, ынтымағы жарасқан, қазақы салтдәстүрінен, әдет-ғұрпынан ажырамаған, қаймағы бұзылмаған елді мекендердің бірі. Осы жер - Мүтиғолланың білім алып, тәрбиеленген және алғашқы еңбек жолын бастаған туған ауылы.

Иә, Мүтиғолла Мәденов ұзақ жыл мамандығы бойынша бөлімшеде, сосын кеңшардың бас агрономы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол жұмыстың ретін білетін, ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, кісілігі мол, ешкімнің сағын сындырмаған, қылдай қиянат жасамаған, қолынан келген жақсылығын маңайындағылардан аямаған, қайырымды азамат деп елі бағалады, құрметтеді. Әр кез жұмысшыларды тәртіпке, тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарауға, адал еңбек етуге, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттап отыратын.

Оны жас еңбеккерлер арасынан жиі көретінбіз. «Адамға игі атақ-дәреже әперетін ұлы құдірет – еңбек. Еңбексіз табылған бақыттың қадірі аз, ғұмыры қысқа. Осыны ұқсаңдар, мақсаттарың айқын, болашақтарың жарқын болатынын біліп жүріңіздер» – деп жастарға ақыл-кеңес беретін.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар кезінде, ауылда жұмысы бола тұрса да, ұрпағының болашағын ойлап, қалаға қоныс аударды. 1999-2016 жылдар аралығында БҚО бойынша аумақтық инспекцияда бас маман, мемлекеттік астық инспекторы, бөлім басшысы болып қызмет етті. Өзінің білімі мен еңбекқорлығының арқасында тәжірибелі маман екенін жаңа жұмыс орнында қарымды көрсетті.

Ол құрметті зейнет демалысына шыққан соң да үйде қол қусырып отыра алмады. “БҚО ауыл шаруашылығы ардагерлері” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Мүтиғолланың ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы», «Үздік инспектор», «Еңбек ардагері», «Құрметті ардагер» медальдары мен төсбелгілері және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алғысхаттарымен марапатталды.

Аузын ашса, жүрегі көрінетін ол өте бауырмал, мейірімі мол, пейілі кең, әр кез адалдықты, адамдықты биік қоятын, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, өз ойын бүкпесіз айтатындығы қызуқандылығы, тіпті ақындығы бар еді. Күн райын болжау қасиеттері ерекше болатын.

Замандастары арасында да үлкен беделге ие еді. Барлығымен хабарласып, аман-саулықтарын сұрасып, жоқтап, түгелдеп, бастарының қосылуына мұрындық болып жүретінін, қолындағы барын өзгеге үлестіруге әзір тұратынын, әлдекім қиналса, қасынан табылатынын жолдастары бүгінде үлкен тебіреніспен еске алады.

Жалған дүние-ай! Жылы сөзімізді тіршілікте бір-бірімізге айта бермейміз, іштей жақсы көріп қана қоямыз. Мейірімімен, жан шуағымен бөлісетін бауырларымыз, сыйлас інілеріміз жанымызда мәңгі жүретіндей көреміз. Ағалап жүгіріп жүретін сәттерін еске аласың, сағынасың, жоқтайсың. Амал қанша?!

Мүтиғолла үлкен әулеттің басшысы, ағайындардың қамқоршысы болды. Зайыбы Маржан екеуі екі қыз өсіріп, олардың дені сау, білімді, тәрбиелі болуына аса мән берді, біршама қиындықтарды да бастан кешірді. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта ұрпақтары жоғары білімді мамандар – Гүлмира шетелдік компанияда, ал Ләззат М.Өтемісов атындағы БҚМУда оқытушы болып жемісті еңбек етуде.

Иә, Мүтиғолла зайыбы Маржанмен 42 жыл бақытты ғұмыр кешті. Ақ жүректі, адал тілекті, ибалы, инабатты, өте сабырлы, барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты жан жары отағасының алдынан кесіп өткен жоқ. Бетіне жел болып тимеді, қызметі өсіп, абыройбеделінің артуына зор үлес қосты. Ініміз өмірде тік жүріп, түп-түзу қалпында дүниеден озды. Алла ісінің бұруы жоқ. Міне, осыншама уақыт өтсе де,  Мүтиғолланың жарқын бейнесі жадымызда жаңғыруда.

Бар саналы ғұмырын айналасына, ауылына, жақсылыққа арнаған, елінің игілігі жолына сарп еткен азаматтың есімі мен еңбегі ел есінен ешқашан да өшпейді.

Данышпан Абай ұлы Әбдірахман өмірден озғанда күйіне отырып:

«Қайғы болды күйінгендей, Ол қуатым еді рас. Сабырлық қылсақ керекті» дегеніндей, зайыбына, ұрпағына сабырлық берсін.

Топырағы торқа, иманы жолдас болсын! Көңіліміздің төрінде, жадымыздың өрінде ол.

Ержан Қабдоллин

еңбек ардагері,

Алғабас ауылы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале