15.03.2017, 16:18
Оқылды: 25

Конституциялық өзгеріс - саяси жүйені демократияландырудағы үлкен қадам

 

        Облыстық мәслихатта «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының активі өтті. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен болған жиынға партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихаттардың "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының басшылары, партия ардагерлері, "Жас Отан" жастар қанатының өкілдері қатысты.

        Жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтаған соң өңір басшысы партия филиалының активі елімізде жүргізілген конституциялық реформаларға арналатынын жеткізді.

        - Елбасының бастауымен, еліміздің қолдауымен, бір айдан аса уақыт көлемінде кеңінен талқыланған жаңа реформа ел дамуына бастайтын тарихи маңызды құжат екенін көрсетті. Қоғамымызда қызу талқыланған жаңа өзгерістер бүтін бір мемлекеттің тарихына жаңару енгізген, болашағын айқындайтын тың серпін деп бағаланды. Соған орай өңірімізге Парламент депутаттары, орталық атқарушы билік өкілдері облысымызға келіп, аудандарда, елді мекендерде халықпен кездесіп, бұл реформаның мән-маңызы жөнінде кеңірек түсінік берді. Бүгінгі таңда Парламентпен Конституцияға өзгерістер енгізілді.

Елбасы мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөліп, Парламенттің рөлін күшейтті. Мемлекет басшысы өзінің кейбір өкілеттіліктерін Үкіметке берді. Сондай-ақ жерлікті атқарушы биліктің де құзыреттілігі кеңейді. Біз енді жаңа даму кезеңінде жұмыс істейтін боламыз. Жалпы конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін маңызды шешім болды деп есептейміз,-деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында негізгі баяндаманы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүйлеймен жасады.

-2016 жылғы 15 желтоқсанда ҚР Президенті билік тараптары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырған болатын. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды.

Ағымдағы жылдың 25 қаңтарында Елбасы Үндеу жолдап, билік өкілеттіктерін қайта бөлу, жалпы саяси жүйені демократияландыру туралы реформа ұсынды. Мемлекет басшысының өкімі бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы жалпы халықтық талқылауға шығарылды. Бұл талқылау биылғы 26 қаңтардан 26 ақпанға дейін жалғасты.

Елбасының Үндеуін талқылау мақсатында облысымызда 14 ақпараттық топ құрылды. Олардың құрамына «Нұр Отан» партиясы облыстық және аудандық филиалының спикерлер пулы, зиялы қауым өкілдері, облысымыздың белгілі тұлғалары, жалпы алғанда 212 мүше енгізілді. Бұл бағытағы кездесулер облыс тұрғындарымен болды, сонымен қатар 271 бастауыш партия ұйымында, облыстық және аумақтық филиалдардың кеңейтілген саяси кеңестерінің отырыстарында, «Қазақстан - 2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясы отырысында өтті. Сондай-ақ партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері тарапынан тақырыптық қабылдаулар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Желілік кестемізге сәйкес облыс аумағында 1000-ға жуық кездесу ұйымдастырылып, саяси-бұқаралық жəне түсіндіру жұмыстарымен облысымыздың 160 мыңнан астам тұрғыны қамтылды. 100-ге тарта ұсыныс айтылды. Жинақталған барлық ұсыныс мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мəселелері жөніндегі жұмыс тобына жолданды.

Мемлекет басшысы ұсынған заң жобасында Конституцияның 19 бабына 26 түзету қарастырылған болатын. Түзетулердің басым бөлігі Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қамтыды. Парламент қабылдаған "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңын Конституциялық Кеңес ҚР Конституциясына, оның ішінде республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы еткені белгілі.

Жаңа жағдай конституциялық реформаның қажеттігіне, өзгерістердің пісіп жетілгеніне көз жеткізді. Осы арқылы Елбасы өз халқының даналығына сенетінін дәлелдеп отыр. Енді біз сол сенімге сай болуымыз қажет. Соған орай партияның барлық мүшесі өз күш-жігерлерін осы сенім мен жауапкершілікті ақтауға жұмсаулары керек,-деді Серік Кенжебекұлы.

Жиын барысында партияның Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, «Батыс энергоресурсы» ЖШС-ның бастауыш партия ұйымы төрайымы Светлана Мукиева, облыстық мәслихат депутаты, "Болашақ" корпоративтік қорының төрайымы Салтанат Тұманбаева конституциялық реформаның мәні, бұл бағытта аудандарда, партияның бастауыш ұйымдарында өткен түсіндіру жұмыстар жөнінде баяндады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале