26.10.2017, 10:56
Оқылды: 30

Кооперативке біріккеннің тиімділігі

Өткен сейсенбіде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудан-ауылдардағы құрылған кооперативтердің жұмысын насихаттау мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы сапар ұйымдастырды.

Шараға қатысушылар Тасқала ауданындағы «Тасқала сүт» АШК, Зеленов ауданы Дариян ауылындағы «Каверина С. В» жеке кәсіпкерлігінің, Теректі ауданы Покатилов ауылындағы «Достық» кооперативінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

Бижан Мұстафин төрағалық ететін «Тасқала сүт» сүт өңдейтін шағын кәсіпорын ағымдағы жылдың наурыз айында іске қосылған. Жалпы құны 20 миллион теңгені құрайтын жобаны қолға алған кәсіпкер шаруаға қажетті құрал-жабдықты Атырау облысынан 10 миллион теңгеге сатып алған. Сүт өңдеуге арналған шағын кәсіпорынның қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна. Атап айтқанда, кәсіпорын күніне 500 литр сүт, 400 литр айран, 50 литр қаймақ және сондай көлемде йогурт өндіруге қауқарлы.

Кооператив төрағасының айтуынша, кәсіпорын іске қосылған күннен бері бес тонна өнім өндірген. Кәсіпорынның өнімділігі тапсырылатын сүт көлеміне тікелей байланысты. Жаз айларында сүт көлемі молайса, жылдың басқа мезгілдерінде сүт аз тапсырылады екен. Қажетті сүттің басым бөлігі кәсіпкердің жеке шаруашылығындағы сауын сиырлардан алынады. Жаз айларында ауыл тұрғындары өздерінен артылған сүтті осы жерге өткізеді. Кәсіпорын сүттің әр литрін 100 теңгеден қабылдайды. Сүт тапсырған кооператив мүшелеріне үкімет тарапынан әр литріне 10 теңгеден демеуқаржы төленеді. Кәсіпорын бүгінде екі ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Шығарылған өнім аудан көлеміндегі сауда орындарына жөнелтіледі.  Дүкен сөрелеріне түскен сүт пен айранның әр литрі 200 тегеден, қаймақ пен йогурттың жарты литрі 150 теңгеден, ірімшіктің келісі 400 теңгеден сатылады.

Кәсіпорын төрағасы Бижан Мұстафин болашақта сүт қабылдау бекеті жанынан 100 бас сауын сиырға арналған ферма салатынын айтты. Ол үшін құны 100 миллион теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттама да жасақталыпты. Бүгінде кәсіпкер құрылысқа қажет несие-қаржыны алу үшін құжаттар жинақтауда.

Ағымдағы жылдың мамыр айында өз жұмысын бастаған Дариян ауылындағы «Коверина С. В» кәсіпорыны тәулігіне 40 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Аталған жобаның жалпы құны 120 миллион теңге. Кәсіпорын шикізатты ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кооперативтерінен және жеке қосалқы шаруашылықтардан қабылдайды. Табиғи таза май мен ірімшік өндіретін кәсіпорынның өнімділігі тәулігіне 5 тоннаны құрайды. Аталған кәсіпорында 45 адам тұрақты жұмыс жасайды.

– Өңірдегі мал басы көбейген сайын сүт өнімдері де артары сөзсіз. Біз өндірген өнімдерге сұраныс жоғары. Тіпті, кей облыстардан тапсырыстар екі апта бұрын түседі. Май мен ірімшік өнімдері Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Астана, Қарағанды, Петропавл қалаларына жөнелтіледі. Бүгін Алматы облысынан да тапсырыс түсті. Өндіріс көлемін арттырсақ, бұл өңірлерді толығымен қамтимыз. Аудан-ауылдардағы құрылған кооперативтер өз қанатының астына неғұрлым көп шаруаларды жинаса, өндірілетін өнімнің де көлемі артпақ. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытсақ өңірдегі сүт, ет өнімдеріне деген сұранысты шет мемлекет емес, өзіміз қамтуға қол жеткіземіз, – дейді кәсіпорын басшысы Сергей Коверин.

Теректі ауданы Покатилов ауылында құрылған «Достық» кооперативі құрамына 20-дан астам жеке адамдар біріккен. Қарлығаш Сералиева жетекшілік ететін кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, модульды сүт қабылдау пунктін ашқан. Аталған пункт тәулігіне 2-2,5 тонна сүт қабылдауға қауқарлы. Тұрғындардан қабылданған сүт алғашқы тазартудан өткен соң жоғарда айтылған «Каверина С. В» жеке кәсіпорнына жөнелтіледі. Ағымдағы жылы іске қосылған кооператив бүгінгі таңда 6,5 тонна сүт тапсырған.

– Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Осы кәсіпорындар арқылы өндірілген сүт, ет өнімдеріне демеуқаржы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар сатып алынған жем-шөптің құнын төмендету, инвестициялық демеуқаржы шеңберінде сатып алынған құрал-жабдықтар мен техникалардың құнын 50 пайызға дейін жеңілдету жағдайы қарастырылған. Сондай-ақ кооператив сатып алған сүт, ет қабылдау құрылғыларын, тасмалдауға қажетті көлік құралдарын кепілсіз негізде сатып алуға мүмкіндік жасалуда. Ағымдағы жылдың 23 қазанынан бастап кооператив төрағалары мен мүшелерін тұрақты ақпаратпен қамту мақсатында оқыту жұмыстарын жүргізу қолға алынуда, – деді ауыл шаруашылығы министірлігінің ауыл шаруашылығы кооперациясы департаменті директорының орынбасары Нұрболат Мақашев.

Ұйымдастырылған сапар барысында қатысушылар әр кәсіпорындағы жұмыс процесімен танысып, көкейдегі сауалдарына тұшымды жауаптар алды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале