30.04.2020, 16:37
Оқылды: 245

 Көрінбейтін майданның күрескерлері

  Қытайдағы Ухан қаласынан бастап ушыққан COVID-19 індетінің таралу қарқыны әлі бәсеңсіген жоқ. Еуропада дүрбелең басталғанда, індеттің өрши бастағанынан күдіктенген Қазақстанның эпидемиологтары да қамсыз отырмапты. Өзге өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарымен қатар, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы да ақпан айында дайындықты бастап кеткен.

A26C4B83-0FE1-4690-B49E-59A2F8F2E8FA

Аталған ауруханадағы бактериологиялық зертхананың меңгерушісі Айман Досановаға төтенше жағдай кезінде эпидемиолог-консультант қызметін атқару жүктелген. Ол COVID-19 инфекциясы анықталған науқастарды емдейтін топты санитарлық талапқа сай жабдықтап, қорғаныс киімдерінің әзірлігіне, дәрігерлер сүйенуі тиіс іс-әрекет алгоритмін жетілдіріп отыруға жауапты. Мұндай шараларды ұйымдастыруға қырық жылға жуық еңбек жолындағы тәжірибесі көмектесуде.

6BBFADA7-E00A-4140-8227-6B2B6C2B9FC4

Бактериолог Айман Мұхтарқызы Ақжайық ауданы Базаршолан ауылында дүниеге келген. Ауылдағы мектепті үздік бағаға тәмамдаған соң, Қарағанды медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетінде оқиды. Еңбек жолын Сырым ауданының санитарлық-эпидемиологиялық мекемесінде дәрігер-бактериолог болып бастады. 1987 жылы Орал қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауысты. Кейін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық мекемеде дәрігер-бактериолог қызметін атқарды. 2016 жылы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың шақыртуымен бактериологиялык зертхана меңгерушісі міндетін атқаруға кірісті. Дәрігердің тынымсыз қызметі ескеріліп, 2018 жылы «Қазақстан денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

9AE68695-295F-4748-8ACA-769598B9A888

Қазіргі уақытта білікті де тәжірибелі маманның қызметі қауырт. Коронавируспен күресетін медицина қызметкерлері індетті жұқтырып алмауы үшін аурухана ұжымымен бірге іс-әрекет алгоритмдерін жасақтаған. А.Досанова ем-дом жүргізетін дәрігерлердің қауіпсіздігін қадағалау оңай емес екенін айтты.

– Вирустан қорғайтын киімдерді киіп шешу, қауіпті медициналық қалдықтарды жою, науқас жататын орынды гидропульт арқылы бұқырлау әдісі әбден келісіп, пішіліп, алдын ала ойластырылады. Медицина ғалымдарының обаға қарсы іс-әрекет алгоритмдеріне сүйеніп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң қадағалаймыз. Отандық медицина мұндай қатерлі індетпен бетпе-бет тұңғыш кездесіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жұмылдырған білікті мамандар тобы шетел тәжірибесін зерттеуде. Тұрғындар арасында санитарлық талапқа салғырт қарап жүргендер көп. Карантин режімі күшейместен бұрын қала ішінде қоғамдық көліктерге мінген адамдардың тұмшаны қолымен жиі ұстайтынын байқайтынмын. Мұндай салғырттық тұмшадағы қауіпті бактерияларды өршіте түседі. Соны ескертіп айтқанда, көбі ренжіп қалып жатады,  – деді Айман Досанова.

Бактериолог індетпен күресте науқастың иммунитетінің мығым болуы маңызды екенін айтты. Қауіпті кеселге шалдыққанын естігенде, бірден түңіліп сала беретіндер болады. Сол кезде психологиялық тұрғыда демеу көрсету, ауыр дерттен айығатынына науқастың сенімді болуы – тез сауығудың бірден-бір кепілі.

– Коронавирус инфекциясы бұрыннан вирустық топтамаларда бар. Ауру белгілері сипмтопсыз өтуі мүмкін болғандықтан, кей науқас індет жұқтырғанын сезінбейді. Бұған дейін әдеттегі тұмау сияқты адамдар тез айығатын коронавирус түрлері де тіркелген. Бірақ COVID-19 инфекциясының таралу қарқыны өте жылдам әрі адамзатқа қатер төндіруде. Мутациялық өзгеріске ұшыраған вирус құрлықтарды шарлап кетті. Әсіресе, егде адамдар, бұған дейін бірнеше ауруды жамап алған науқастардың ағзасы төтеп бере алмай, қауіпті кеселден көз жұмып жатыр. Ғаламшар тұрғындарын дәрменсіз күйге түсірген бұл вирустық инфекция алдағы уақытта ұзақ зерттеледі деген ойдамын, – деді бактериолог.

Айман Досанова коронавирус жұқтырған науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанда, науқастарды емдеуге тәуекел еткен алғашқы топтың еңбегі ерен деп бағалайды. Олардың қатарында болған дәрігер Бибігүл Айтбаева, жас маман Айшабибі Дүйсенова, эпидемиолог Гүлнара Кемелбекова, аға медбике Үнзила Нұрмұханова, рентген-лаборант Мерғали Қапиевтің және басқа да медбикелер мен лаборанттар, дезинфекция қызметкерлерінің мерейі үстем екені анық. Ем-домды сәтті жүргізген медқұрам 14 күн карантинге оқшауланды. «Қазіргі уақытта ауруханада ем алып жатқандар саны 100-ден асып кетті. Олар сауығып шығуы үшін дәрігерлер Райса Сапарова, Венера Кенжебаева, аға медбике Дина Нұрманова жетекшілік ететін екінші бригада аяғынан тік тұрып, күні-түн қызмет етуде. Қалалық №1 емханадан эпидемиолог Қайрат Мұратұлы келіп, жас та болса, білгір екенін танытып, әрбір науқаспен сөйлесіп, психологиялық көмек беруде. Ауруханада жергілікті адамдармен қатар, Өзбекстан мен Ресейден келген азаматтар және еліміздегі басқа өңірдің тұрғындары емделуде. Олардың біразы абыржулы күйде келді. Жұмыс істеп келе жатқан соң, өздерін шаршаңқы қалыпта ұстайтындары бар. Науқастардың дені ер-азамат болған соң, аурухананың диеталық тағамдарына қанағаттанбай жатады. Қосымша азық-түлік алып беруін сұрайды. Шетелдік валютамен сақтаған ақшаларын теңгеге айналдырып беруді өтінеді. Жұмсақ мәнермен сөйлесіп, кейде мұқтаждықпен сұрағанын тауып беруге, өтінішін ішінара орындауға тырысамыз. Бірақ карантин талабы қатаң. Сырттан ыстық тағам әкелуге болмайды. Ауруханаға демеушілер көмектесуде. Бірақ өз қалтамыздан қаражат шығарып, кейде дүкеннен тәтті тағам мен шырын жеткізетін сәттер болады. Сондықтан қайырымдылық көмегін көрсетемін деген еріктілерге риза болар едік», – деді эпидемиолог-кеңесші.

Ем-домы сәтті аяқталған 9 адам көрінбейтін майданның күрескерлеріне алғысын жаудырып, үйлеріне қайтқаны белгілі. Аурухана ұжымының жүйелі жұмыстануына жауапты бас медбике Ләйла Нұрмұханова да уақытпен санаспай еңбек етуде.

Бактериологилық зертханада мамандар науқастардың биосынамаларына талдау жүргізеді. Инфекцияның бактериологиялық даму қабілеті анықталып, басқа кеселді күшейтуіне тосқауыл қою үшін адам ағзасын қорғау әдістері ұсынылады. Қазіргі уақытта зертхана дәрігерлері Гүлнара Ахметова, лаборанттар Гүлсара Қазмұқашева, Гүлбадан Елжанова, Айна Набиева, Айдана Мұхамбетова қызметінен қол үзбей, еңбектеніп жатыр. «Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы клиникалық зертхана қызметкерлері Күнайым Есекенова, Ділда Қалқаманова да бізбен бірге қанның, зәрдің құрамын зерттейді. Қанның құрамындағы биохимиялық өзгерістерді сараптайды», – деді Айман Досанова.

 Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале