28.07.2017, 16:04
Оқылды: 57

Қос басылымның 100 жылдығына орай фотокөрме ұйымдастырылды

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Ғасырлық мерейтойға арналған шара аясында фотокөрме ұйымдастырылды.


Көрмеге газет тарихына айналған 60 шақты фотосурет қойылған. «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, еш жерде жарияланбаған тарихи суреттер де көрмеде көрініс тапқан.

- Әсіресе, екі суретті ерекше атап өткім келеді. Оның бірі - 1927 жылы 21-25 қаңтар аралығында Орал қаласында «Қызыл ту» мен «Красный Урал» басқармаларының жанында болған жұмыскер, ауыл және поселке тілшілерінің губернелік тұңғыш тобы» атты мәжілісі кезінде түсірілген екен. Мәжіліске «Красный Урал» газетінің 55, «Қызыл ту» газетінің 20 тілшісі келгендігі айтылады. Осы арада тілшілерге тапсырмалар берілген. Айта кету керек, тілшілердің қауіпсіздігі үшін олардың есімдері жазылмаған, лақап аттарымен көрсетілген. Екінші сурет те 1927 жылы түсірілген. Бұдан Тамимдар Сафиев сияқты көп естеліктер қалдырған тұлғаларды көре аламыз.

Көрмеде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде әр жылдары қызмет еткен аға буын өкілдерін, тарихи сәттерді көруге болады. Оның ішінде 1937 жылы атылған Сәтбек Иманқұловтың отбасы, басылымға зор еңбегі сіңген Бақтыбай Далабаевтың, т.б. суреттер бар.

Айта кетейік, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің ғасырлық мерейтойына арналған негізгі шаралар қыркүйек айында өтпек.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале