2.04.2017, 15:19
Оқылды: 57

Қос елдің достығының жарқын үлгісі

17757139_1910151905927819_1014684068386349360_n   Көршілес Ресей елінің Саратов облысы,  Ершов ауданында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір делегациясы қатысып қайтты.

  Ұлыс тойы Саратов өңіріндегі қандастарымыздың басын қосты. Мерекелік шарада өзге ұлттың өкілдері қазақтың салт-дәстүрімен танысып, спорттық ойындарын тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Ұлы тойға ата жұрттан арнайы шақырылған меймандар қатысып, ағайынның қуанышымен бөлісті.


  Наурыз мейрамы - түркі тілдес халықтардың  ортақ мейрамы және олардың  басын қосатын бірегей шара. Жалпы, Саратов облысында 2 милионнан астам халық болса, оның 80 мыңнан астамын қаракөз  қандастарымыз құрайды.

  Біздің өңірден барған делегацияның құрамындағы қонақтарды Саратов облысының вице-губернаторы Игорь Пивоваров  қабылдады. Жылы шырайлы кездесуден соң, өңір басшылары мен қонақтар орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың мәңгілік алауына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

  Саябақ ішіне қаз-қатар тізілген жиырмаға жуық ақшаңқан киіз үйлерде жеті түрлі дәм қосылған наурыз көже пісіріліп, ет асылды. Мейрамға қатысушылар жәрмеңке аралап, көрмелерді тамашалады. Ерекше көз тартқан ақшаңқан киіз үй алдында қолдарына найза мен қалқан ұстаған қазақтың батырлары, құндыз бөрік пен шапан киген ақсақалдар, тайқазаннан көже сапырған, жүн түтіп, ұршық иірген, қол диірмен тартып бесік тербеткен әжелер, алтыбақан тепкен жастар мерекенің ажарын аша түсті. Әр киіз үйді аралаған өңір басшылары жайылған ақ дастарқаннан наурыз көже мен астан дәм татып, ізгі лебіздерін білдірді.

  Мәдениет үйінде өткен  концерттік бағдарламада жиналған көпшілік әр ұлттың нақышына келтіре шырқаған әндерін ұйып тыңдап, өңірімізден барған  «Назерке» би ансамблінің биіне тәнті болды.

  -Наурыз мерекесі - Ресейде қоныстанған халықтардың ынтымағын ұйытатын ортақ мейрам. Бүгінгі Ұлыс күні мерекесінде Қазақстан Республикасынан арнайы келген қонақтарымызды және  түркі тілдес барша халықты құттықтаймын. Біз көршілес Батыс Қазақстан облысымен мәдениет, өнер, экономика, бизнес саласында болсын етене араласып келеміз. Сондай-ақ өткен тарихымыздағы жасаған ортақ ерліктерімізді мақтана айтып отырамыз. Саратов облысында  орыстармен бірге татар, қазақ,  шешен, өзбек, украйн  ұлтының өкілдері тұрады. Біз әр ұлттың мерекелерін атап өтіп келеміз. Ұлыстың ұлы күні жайылған дастархандағы ұлттық тағамдардың мол болуы еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың белгісі деп білемін,- деді мерекеге жиналған халықты құттықтаған Саратов облысының вице-губернаторы  Игорь Пивоваров.

  Сондай-ақ салтанаттты шараға жиналғандарды  облыс басшысы Алтай Сейдірұлы да құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

  -Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау мақсатында Батыс Қазақстан мен Атырау облысынан бір топ делегация келіп отырмыз. Әз Наурыз - ынтымақ пен бірліктің салтанат құратын тарихи мерекесі. Бұл күні адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, жылы лебізін білдіреді. Батыс Қазақстан облысында 80 мыңнан астам әр ұлттың өкілдері тұрады. Біз де олардың тарихи-мәдени мейрамдарын атап өтіп тұрамыз. Өздеріңізге белгілі, елімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі  этносаралық қатынастарды нығайтып, сенім мен өзара түсіністікті  қалыптастыру мақсатында  Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Осы орайда  өткен жылы ақпан айында  облысымызда  Достық үйі ашылды. Мұнда әр ұлтқа арналған концерт, мәжіліс залдары, концерттік бағдарламаға дайындық бөлмелері, тіл үйрету сыныбы бар. Бүгін куә болғандай, біз де жергілікті тұрғындардың ұлтық, діни мерекелерін атап өтіп келеміз. Жыл сайын ынтымақ  пен тұрақтылықты дамыту мақсатында форум өткізіп, өзара бейбіт келісімдерге келіп жүрген Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары бізге басты үлгі болып келеді. Достығымыз еселеніп, береке-бірлігіміз, ырыс-ынтымағымыз жарасымды көрініс тауып жүре берсін,- деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

  Концерттік бағдарламада Саратов өңірінің шығармашылық ұжымдарымен қатар облысымыздан барған  өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

  Сәні мен салтанаты жарасқан мереке жергілікті халық үшін үлкен тойға ұласты. Әз Наурыз мейрамы арқылы ресейлік қазақтар ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанатындықтарын көрсете білді. Сондай-ақ мұндай салтанатты тойлар көршілес жатқан екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түсері анық.

                                                                 Гүлсезім БИЯШЕВА

                                                    Орал- Ершов-Орал

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале