12.03.2019, 10:55
Оқылды: 93

Көз емдетуге кезек көп немесе жанарыңыз «жасымасын» десеңіз…

Көз емдетуге кезек көптігін облыстық денсаулық сақтау саласының  және облыстық көпбейінді аурухананың басшылары жоққа шығармайды. Негізі өңірдегі ересек тұрғындарға офтальмологиялық мәселелер бойынша мемлекеттік тұрғыдағы жоспарлы стационарлық дәрігерлік көмекті облыстық аурухананың офтальмологиялық бөлімшесі көрсетеді. Тек стационарлық көмек емес, сонымен қатар балаларға да, ересектерге де ургентті (қалыпты) және шұғыл жедел көмек те осында жасалады. Қабылдау (травмпункт) бөлімшесінде кезекші офтальмолог 24 сағат бойы көз жарақатымен келгендерді қабылдайды. Мемлекеттік негіздегі офтальмологиялық қызмет көрсету қала бойынша бір орында болғандықтан, ондағы офтальмологтарды қалалық көпбейінді және облыстық балалар ауруханалары қажет жағдайда шұғыл шақыртып алдыртады. Мамандар өңірде көз дәрігері жетіспейді, бірақ кезекті азайтамыз деп қалалық көпбейінді ауруханадан көз емдейтін бөлімше ашу ақылға сыймайды деседі.

412_41_1

         – Қазіргі уақытта офтальмологиялық бөлімшеде бес маман дәрігер қызмет істейді. Көз дәрігерлерінің көбісі жеке емханаларға жұмысқа кетіп қалды. Жаңадан келген жастардың жұмыс тәжірибелері аздау, сондықтан олардың іс жүзінде ысылып, ширығуына уақыт керек. Облыстық ауруханаға әлі 2-3 офтальмолог жетпейді. Бүгінде офтальмологтар – әмбебап, бұрынғыдай балалардың және үлкендердің көз дәрігері деп бөлінбейді. Өзге өңірлерден офтальмологтарды қызметке шақыртудамыз. Биыл да медициналық ЖОО-лардағы бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды жұмысқа шақыру жоспарда бар. Олар алдымен әлеуметтік пакет, тұрғын үй, жалақы мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Қалалық әкімдік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жас мамандарға тұрғын үй мәселесі шешілуде, - деді облыстық көпбейінді аурухананың директоры Арман Байдеуов.

         Аурухана директоры портал бойынша көзді емдетуге немесе ота жасатуға кезектің көптігін медициналық жабдықтардың жетпейтіндігімен де байланыстырады. Тиісті аппаратпен емделетін науқастар кейде кезекті ұзағырақ күтеді. Биыл көктемде облыстық денсаулық сақтау басқармасының көмегімен мемлекеттік тапсырыстар порталына шығып, офтальмологиялық бөлімшеге үш аппарат сатып алу жоспарланған. Оның бірі – УЗИ аппараты («АВ скан»), «Амблиокор» (бұл күндізгі және тәулік бойы стационарға жататын науқастарға емдік шипасын тигізетін арнайы камера) жабдықтары. Жаз басталғанша жаңа жабдықтар әкелініп, іске қосылмақ. Сонда офтальмологиялық бөлімшеге ем-дом алуға кезекке тұру уақыты қысқарады деп күтілуде.

         Қазіргі уақытта көз бөлімшесінде науқастарға бос орын жоқ. Онда күндіз аяқтай келіп ем алатын және ауруханада жатып ем-шара қабылдайтын, жедел түрде түскен науқастар да бар. Түрлі жағдайларда көз жарақатын алып түскен кейбір жандарды шұғыл қарап, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қажетіне қарай отаға алып кетеді. Бөлімшеде жылына шамамен екі мыңдай адам тегін ем-шарасын алады немесе ота жасатады. Бірақ стационарлық тегін ем қабылдауға келетіндердің көпшілігі емханалардан бөлімшеге келіп тіркеліп, тағы тізімделіп, кезекке қойылады.

         – Күндізгі стационарға келетіндерге жылына 5-6 ай сайын ауруды асқындырмай, қалпында сақтау үшін ем-дом жасалады. Ауруларды қабылдау қаржының бөлінуіне қарай жүргізіледі. Бес күндік стационарлық емдік шараны көзілдірік тағатын адамның көзі 100 пайыз көріп кетеді деп емдемейді. Тек ауруы одан әрі күшеймесін деген сақтықпен жасалады.

         Көзге аппараттармен стимуляция жасаймыз. Науқастар айына бөлінген қаржы шеңберінде қабылданады. Сол себептен бір айда емделуге тиісті барлық адамды бір мезгілге қабылдай алмайтынымыз ақиқат,- деді облыстық аурухананың офтальмологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Төлеген Ишанов.

         Мамандардың пікірін малдансақ, күндізгі стационарлық ем-шаралар емханаларда жүргізілуі тиіс. Алайда емханаларда адамның көру жүйесін емдеуге тікелей маманданған мамандар жетіспейді, қажетті ем жасайтын аппараттар да жоқ. Сондықтан көз дертіне шалдыққандар көз бөлімшесінің табалдырығын тоздырады. Ондағы 45 кереуеттік орында ауыл мен қаладан келгендердің барлығын бір мезетте емдеп шығару қиын. Дегенмен республика бойынша БҚО-да жеке және мемлекеттік негізде көз емдейтін төрт бірдей (облыстық аурухананың бөлімшесі, «Талап», «Медцентр» және соңғысы жаңадан ашылған емдеу орны) клиника  бар.

         «Кадрлар бәрін шешеді» демекші, облыстық денсаулық сақтау басқармасы көз дәрігерлеріне бірнеше жас маманды бюджет есебінен оқытуға мән-маңыз беруде.  Офтальмология тар шеңберлі  мамандыққа жататындықтан, жеті жыл оқып, дәрігер мамандығын алған жас маман қосымша төрт жыл не екі жылдай резидентурада оқиды. Болон жүйесі бойынша талап сондай. Алматыдағы көз аурулары институтында оралдық жас маман жергілікті бюджет есебінен офтальмологқа оқуда.

         Жыл санап Орал шаһарының аумағы ұлғайып, іргесі кеңіп бара жатқанын ескерсек, Ақжайық сықылды жаңа шағынаудандарда салынатын меднысандарға көз дәрігерінің керек болатыны ақиқат. Сондықтан бір-екі маманды қосымша оқытумен мәселе шешілмейді. Бұл күн тәртібінен түспейтін түйткілді мәселе болуы тиіс.

 

Жанарыңды жасыңнан сақта

 

         Бүгінде қалада да, ауылда да көзілдірікті жеткіншектердің көбейгені байқалады. Облыстың бас офтальмологы әрі облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Төлеген Ишанов мұны ата-ана жауапкершілігінің азайғанымен және компьютер, ұялы телефон пайдаланумен байланыстырады. «Балалар бұрын 4-5 сабақ оқығанда әлсіреп шығатын, ал қазіргі уақытта сабақ саны көбеймесе, азайған жоқ. Ұзақты күнге зорығып оқу оқушының қабылдау қабілетін нашарлатады. Мектепте кей сабақта компьютерде отырады, үйге келген соң әкешешесі жұмыста, тағы да сол көк экранға телміреді. Оған қоса ұялы телефоны бар. Тамағын жөндеп ішпейді. Таза ауаға шықпайды. Күн тәртібі сақталмайды. Міне, көзге түсетін жүктеме осылайша ауырлай түседі, баланың көзінде жақыннан көруге дағдыланып, алыстан көрмеушілік (близорукость) дерті пайда болады, – деді Төлеген Тілепұлы.

         Маманның сөзіне сүйенсек, көзге электрмагниттік толқындар, тым жақыннан көрсетілген суреттер, жап-жарық сәуле ауыр тиіп, жүк түсіреді. Сондай-ақ көк-күлгін түстер де көздің көруіне салмақ түсіреді. Бас офтальмолог бұғанасы бекімеген ұл-қызға, тіпті ересектерге де қараңғы жерде компьютерге, ұялы телефонға үңілуге мүлдем болмайтынын ескертеді. Өйткені қараңғыда көздің қарашығы ұлғаяды. Содан көздің қарашығын қозғалтатын бұлшық еттер қатып қалады. Мұны медицинада «жалған алыстан көрмеушілік» деп атайды. Бұл жағдай қайталана беретін болса, «жалған» дерт шынайы алыстан көрмеушілікке айналады. «Мектептердегі сынып және үйдегі балалар бөлмелерінің жарықтандырылуы да оқушының көзіне әсер етеді. Мұғалім оқушылардың партада отыру ретін қадағалауы керек. Кеңес заманында мектептерді аралап, мына сабақтан кейін көзге жаттығу жасатыңдар деп нұсқау беретінбіз. Білім ұяларында оқушылар көздеріне ауық-ауық жаттығу жасайтын. Қазір мұғалімдер сабаққа үлгермей жатқанда жаттығуды қайтпекпіз деседі. Жалпы, әр ата-ана ұл-қызының көзін дәрігерге жылына екі мәрте тексертіп тұрғаны дұрыс», –  деді Т. Ишанов.

Жалпы, көз дәрігерлерінің айтуынша, көздің жақсы көруі үшін тамақ мәзірі көкөніске  бай, соның ішінде сәбіз де болуы керек. Адам ағзасының түрлі жұқпаларға қарсы тұруы үшін құрамында А дәрумені бар, жалпы көздің саулығы үшін С, В, В12 дәруменді тамақтың пайдасы мол. Мұндай дәрумендер қан тамырларын нығайтады, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді. Жалпы көздің көруі жақсы болуы үшін балық, лимон, киви, сәбіз, орамжапырақ, қызанақ, қаражидек (черника), саумалдық (шпинат) жеу керек.

         Адамның көзі жасыл түске демалады.

         Сондықтан балалар  бөлмесін жабдықтағанда осы түсті пайдаланудың жөні бар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, ұл-қызыңыз сабақ оқып отырғанда бір уақыт көзді демалтып, көз жаттығуларын жасауды дағдыға айналдырса құба-құп.

 

Көз дерті «жасарып» келеді

 

         Бас офтальмолог кейбір көз ауруларының «жасарып» кеткенін айтады. Бұрын катаракта 70-80 жастағы шал-кемпірде кездесетін, бүгінде ол 40-50 жастағыларда, тіпті 40 жасқа дейінгі қылшылдаған жастарда жиі кездеседі. «Бәлкім, экологияның да әсері бар шығар. Дәл мынадан деп дөп басу қиын. Глаукоманы қазақтар баяғыдан суқараңғылық дейді, бұл ауруды ертерек анықтағанның пайдасы бар, алайда көпшілік жұрт уақытында қаралмайды. Оның үстіне ауыл-аудандарда көз дәрігерлері жетіспейді. Сол себепті қалалықтармен салыстырғанда ауыл тұрғындары арасында көз аурулары жиі ұшырасады. Бізге ем-дом алуға келетіндердің 56-60 пайызы ауыл-аудандардан», – деп қынжылады Төлеген Тілепұлы.

         Әрине, ақ халаттылар туабітті көз ауруларына айтарлықтай әсер ете алмайды. Бірақ ондай науқастар уақтылы ем шарасын алып тұрса, ауруды асқындырмайды. Офтальмологке уақыт таппайтын ересектер ең болмаса скринингтен өтуде енжарлық танытпаса деңіз. Скрининг деген ауруды бастапқы кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

         – Кейбір жандар суқараңғылық ауруы әбден асқынған кезде келеді. Глаукома – әлеуметтік ауру, ол соқырлыққа, мүгедектікке соқтырады. 40 жастан асқан әр адам жылына бір рет көзінің қысымын өлшетіп тұруы керек. Катарактаның алдын алуға шара жоқ. Ол адам жасының ұлғаюымен байланысты пайда болады. Ондай ауруда бас жиі ауырады, жарыққа қарағанда түрлі-түсті кемпірқосақ тәріздес шеңберлер көрінеді, көз алды тұманданады. Уақытында келсе, соқырлықтың алдын аламыз. Көз алмасының түбіндегі көру жүйке талшығы (зрительный нерв) қысылып қалады да, қан бармайды. Қоректенбеген соң жүйке талшығы өледі. Содан көз көрмей қалады. Диабетпен науқастанғандардың 90-95 пайызы артериальды қан қысымымен ауырады. Ондай адамдардың қан тамырлары жыртылғыш келеді. Сондықтан диабетпен ауыратын жандар суқараңғылықтың алдын алу үшін жылына бір рет офтальмологқа қаралуы тиіс, – деді Төлеген Ишанов.

         Қазіргі уақытта аурухананың офтальмологиялық бөлімшесінде оталар соңғы технологиялық әдістермен жасалады. Заманауи құрал-жабдықтың дені бөлімше ашылған жылдары алынған. Бас офтальмологтың әңгімелеуінше, катарактаны бұрынғыдай көз бұршағын кесіп, тігіс салмай-ақ, тігіссіз ота жасайды. Негізі адамның көз бұршағы (хрусталигі) жұмсақ болады. Бірақ адамның жасы ұлғайған сайын хрусталик те қатайып, ақ түседі. Содан көздің көруі бұлыңғыр тартады не көрмей қалады. Ондай көз бұршағы ультрадыбысты (зондпен) аппараттың көмегімен әуелі сұйықтыққа айналып, содан соң сорып алынады. Мұндай микрохирургиялық әдісті факоэмульсификация деп атайды. Бұрындары ота кезінде табиғи хрусталиктің орнына қатты хрусталик салынатын, енді олардың орнын заманауи жұмсақ хрусталиктер басты. Көз бөлімшесінде катарактадан басқа глаукома, көздің қылилығына да ота жасалады. Осылайша офтальмология саласы уақыт көшімен ілесе дамуда.

         – Көз – өте нәзік, адам ағзасындағы ең әлсізі. Диабет, ревматизм, бруцеллез, тіс, гайморит ауруларымен сырқаттану көзге  елеулі әсер етеді. Пневмония, созылмалы бронхит те көзге тиеді. Түрлі аурулардың кесірінен не уақытында дәрігерге көрінбей жанарынан айырылған мүгедектерді аяйсың, бірақ не істерсің? Әркім денсаулығын күтсе, мұндай болмас еді, – деп қорытты әңгімесін Төлеген Ишанов.

         Расында, аурудың алдын алу әркімнің өз қолында. Сондықтан жарық дүниенің жарығын көрсететін жанарыңыздың жарқырап тұрғанына не жетсін!..

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале