20.10.2018, 20:52
Оқылды: 68

Крулгоозерныйда «Жастар» саябағы ашылды

Бүгін Круглоозерный кентінде «Жастар» мәдениет және демалыс саябағы ашылып, спорт алаңы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.

IMG-20181020-WA0033

Кент тұрғындарының қуанышына ортақтасқан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев бұл игілікті істің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын жеткізді.
- Круглоозерный кенті жыл санап көркейіп, жаңарып келеді. Аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік нысандар күрделі жөнделіп, ауылішілік жолдар салынды. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған орынның жоқтығын тұрғындар көптен айтып жүрген еді. Кеңес жылдарындағы ескі саябақтың орнына кенттік округ бюджетінің үнемделген қаржысы есебінен заманауи саябақ салынды. Елбасының келер жылды «Жастар жылы» деп бекітуіне орай, ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып, «Жастар» саябағы деп атауды ұйғардық. Оған қоса «Самұрық қазына траст» компаниясы өз есебінен облыс орталығында 14 заманауи спорт алаңын тұрғызуды жоспарлаған болса, соның біреуін Круглоозерное кентінде салу туралы ортақ шешім қабылдадық. Балалар жазда футбол, қыс мезгілінде хоккей ойнайтын спорт алаңына қоса, кішкентай бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы, ересектер үшін жаттығу алаңы ашылды. Баршаңызды бұқаралық спортпен айналысуға және саябақты күтіп ұстауға шақырамын,-деді Мұрат Мұқаев.
Саябақта спорт және ойын алаңдарына қоса, «Ғашықтар» және «Отбасы» аллеялары, «Ардагерлер» алаңқайы жасақталған. Мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу үшін сахна да салынған. Жағалай жарық шамдары орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Ауылдағы белсенді жастардың күшімен сенбіліктер ұйымдастырылып, 150 түп емен көшеті отырғызылған.
-Қаланың түбінде тұрғанымен, балаларымыз күнде қалаға барып ойнай бермейді ғой. Оның үстіне пайдалануға берілген спорт алаңдарында тек балаларға ғана емес, үлкендерге де арнайы жаттығу құралдары қойылған екен. Жас аналар сәбилерін, ата-әжелер немерелерін ойнатуға әкеліп, өздері де денсаулықтарын шынықтыра алады. Әсіресе, мына заманауи қондырғылар отадан кейінгі сауықтыруға жақсы екен. Шүкір, кентіміз жаңарып, жасарып келеді. Жақсылыққа біз де үнемі сүйсініп отырамыз,-дейді зейнеткер ұстаз Аққайша Ғалиева.
Заманауи спорт алаңының ашылуына орай жергілікті кәсіпкер Әсия Мұратова жерлестеріне қолдау көрсетіп, спорттық киімдер мен футбол доптарын сыйға тартты. Су жаңа алаңдағы алғашқы жарыс Круглоозерный және Серебряков ауылдарының жас футболшылары арасында өтті. Қала әкімі Мұрат Мұқаев ауыл ақсақалдарымен бірге көшет отырғызып, саябақты көркейтуге үлес қосты.

IMG-20181020-WA0035

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале