30.03.2017, 18:14
Оқылды: 83

«Қуан, сәби» акциясы ұйымдастырылды

Наурыздың 30-ы Орал қаласындағы Сity Center кешені Funky Town ойын-сауық орталығында «Қуан, сәби» акциясы ұйымдастырылды. Оған облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының және облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері және «Жас ұлан» ұйымының мүшелері қатысты.

Акцияға қатысушылар көңілді әуенге би билеп, жас өнерпаздар ән шырқады.  Шараны облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырған «Өркен» қосымша білім беру орталығының педагогі М. Нарымбаеваның айтуынша, акцияның мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау, қала тұрғындарына «Қабылдаушы отбасы» бағдарламасын түсіндіру, бұл бағытта заңнамалық, әдістемелік кеңес беру бағытында жадынамалар тарату және көпшілікті «Балалар үйінсіз» қоғам қалыптастыруға шақыру.

Облыс бойынша жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған 954 бала бар. Соның ішінде 159-ы патронат отбасының, 64-і тума-туыстарының қамқорлығында. Мамандардың сөзінше, патронат тәрбиеленушілерге мектеп жасындағы балаларды қарауына алғаны үшін 10, ал одан кішілерін қамқорлағаны үшін 9 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақы беріледі, оған қосымша, тұрақты жалақы тағайындалады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале