31.05.2018, 12:58
Оқылды: 373

Құрбан болған журналистер

«Тоталитарлық қоғамда қалам иелері ерекше зардап шегеді. Әсіресе журналистика саласы қызметкерлерінің тағдыры қылыштың жүзінде, оттың ортасында, арыстанның аузында жүргендей әсер қалдырады» дейді Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің репрессияға ұшыраған қызметкерлері жайлы төмендегі деректерді жинаған Қазыбек Құттымұратұлы.

Батыс Қазақстан облысында қызмет етіп, саяси қудалауға ұшырап, «халық жауы» деп атылған тілшілер жайлы бұл деректер, олардың суреттері мен өмірбаяндары, архив құжаттары  - әр жерден тірнектеп жиналған көп жылғы ізденістің нәтижесі.

 

Нұғман Манаев (1894-1938)

Манаев Нұғман Сәрсенұлы 1894 жылы бұрынғы Астрахань губерниясының Бөкей уезі, Жанбай ауылында туған. Қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны.

1916 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген. Медреседе Б.Майлин, Ж.Тілепбергеновтермен бірге «Садақ» қолжазба журналын ұйымдастыруға қатысады. Журналдың 1915 жылғы сандарының бірінде «Аяқталмаған романнан үзінді» туындысы жарияланған. 1915 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан «Иман-Ислам» атты медресе оқулығын басып шығарған. 1917 жылы шілдеде Орда қаласында шыға бастаған «Ұран» газетінде редактордың орынбасары. Манаевтың Уфадағы «Шығыс баспасы» баспаханасында әріп теруші, корректор, «Орал» газетінде жауапты хатшы болғаны да айтылады. Астрахань қалалық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1921-28 жылдары Теңіз уездік атқару комитетінің төрағасы, Бөкей, Орал губернияларында халық ағарту, үгіт-насихат бөлімдерінің меңгерушісі, Орал қаласындағы «Қызыл ту» газетінде редактордың орынбасары (кей деректерде редактор), 1926-28 жылдары Жетісу губерниясы және Ақтөбе округтік комитетітінің жауапты хатшысы, 1929-30 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту халық комиссары, 1932-37 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының, Қазақ өлкелік комитеті мәдени-ағарту бөлімінің қызметкері, Қазақ марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеулер институтында аудармашылар секторының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1938 жылы тұтқындалып, 8 наурыз күні атылған. 1958 жылы мамыр айында ақталды.

 


 

Халел Есенбаев (1892-1938)

Халел Есенбаев қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданы аумағында, Ағашүй ауылында өмірге өмірге келген. Ауылдан хат танып, кейін Орынбордағы «Хұсайыния» медресесіне түседі. Сөйтіп 1915 жылы мұғалім мамандығын алып шығады. Қазан төңкерісіне дейін өз үйінің бір бөлмесінен мектеп ашып, бала оқытқан.

Халел Мұхаметжанұлы 1919 жылдың 21 ақпанында РК(б)П мүшелігіне кіреді. Бөкей губаткомының делегаты ретінде Қазақ АССР құрылтай съезіне қатысқан. «Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналының алқа мүшесі болған.

1919 жылы Қазақстанда маңызды оқиғалар көп болды. Кеңес өкіметінің В.И.Ленин қол қойған декреті бойынша Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Осыған орай Кирревкомның баспасөз органын ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды да, 1919 жылғы 17 желтоқсанда өлке астанасы – Орынборда «Ұшқын» газетінің бірінші нөмірі жарыққа шықты.

«Егемен Қазақстанның» («Ұшқын») алғашқы редакторының атын анықтап табуда кезінде осы басылымда еңбек еткен, белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлы көп ізденді. Ол өзінің 1997 жылы 22 ақпан күнгі газетімізде жарияланған «Ұшқынның» редакторы болдым»… деген мақаласында Халел Есенбаев туралы тың деректер келтіреді. Орал архивінен алынған ол құжатта Х.Есенбаевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен  1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжілісінен хаттама да бар. Автор жиналыс қаулысынан үзінді келтіре отырып, «Ұшқын» газетін басқару үшін бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тәмимдар Сафиев, Әмірғали Меңешев, Бернияз Күлеев) алқа мүшесі сайланғанын жазады. Әйтсе де ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзі толтырған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: “Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома “Киргизская правда”, “Дурустук жолы”, журнала “Мугалим” (“Учитель”), редактором органа Киркрай Ревкома “Ушкун” (“Искра”) – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома “Энбек” (“Труд”), перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п.” («1918-1919 жылдары Бөкей губерниялық атқару комитетінің органы «Киргизская правда»-«Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттерінің, «Мұғалім» журналының редакциялық алқа мүшесі, Қырғыз өлкелік ревкомының органы «Ұшқын» газетінің, Бөкей губерниялық комитетінің «Еңбек» газетінің редакторы болдым, РСФСР Конституциясын, т.б. қазақ тіліне аудардым» – аударған Қ.Қ.)

Х.Есенбаев 1920 жылдары Қазталов уездік атқару комитетінің төрағасы, губкомның үгіт-насихат және баспа бөлімінің меңгерушісі болды. 1920 жылы қазанда Орынборда өткен Қазақ автономиясының Құрылтай сиезіне қатысты. 1922-1924 жылдары Жаңақала, Теңіз уездері атқару комитетінің төрағасы болды. 1928-1935 жылдары Орал губерниясы, Семей, Қарағанды облыстарының ағарту бөлімдерін басқарды. Бүкілқазақстандық ІІ Кеңестер съезінде ҚАССР Орталық Атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ал 1936 жылы оның мүшесі болып сайланды. Ағарту комиссариаты басқармасын басқарды.

Х.Есенбаев саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, 1938 жылы 3 наурызда «Халық жауы» деген жаламен атылған.

(Ғұмырдерек «Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия» (Алматы: «Арыс» баспасы, 2002) кітабындағы мәліметтер және «Егемен Қазақстан» газетінің редакторлары» атты мақала негізінде дайындалды)


 

Ахмет Мәметов (1895-1938)

Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист Ахмет (Ахметқали) Мамытұлы 1895 жылы Астрахан губерниясының Қойтоғыт ауылында туған. Ол – әйгілі қазақ батыры Мәншүк Мәметованың әкесі.

Жас кезінде өздігінен үйреніп, сауат ашады. 1910 жылдары Уфадағы Ғалия медресесіне түсіп, 1915 жылы Орынбордағы «Хұсайыния» медресесіне ауысып, сол оқу орнын тамамдайды.

1912-1914 жылдары Қазандағы Кәрімовтер баспасынан «Кеңес», «Ғибрат» атты өлеңдер жинағын жариялайды. 1914-1917 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде өлеңдері жарияланады.

Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылы Ташкентке барып, «Алаш» газетіне мақала жазып, журналист ретінде танылады. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кіреді. М.Шоқай, С.Қожанов, Х.Болғанбаев әр кездері басқарған «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істейді. 1918 жылы күзде «Ойыл уәлаятына» келіп, «Еркін қазақ» газетінің бірнеше нөмірін шығарады. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін үкімет оның қайраткерлерін Орал қаласына апарады, олардың ішінде А.Мәметов да болады.

1920 жылы Орал қаласында «Ерік» газетін шығарып, редактор болады. 1921 жылы «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы болады. 1921 жылы губревком төралқасына мүше, РК(б)П комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1921 жылы партия қатарынан шығарылады. 1923-1927 жылдары Саратов университеті медицина факультетінде оқиды. 1927-1931 жылдары Маңғыстауда дәрігер, Семей округтік денсаулық сақтау бөлімінің инспекторы болады, Алматыдағы қазақ тері және жұқпалы аурулар зерттеу институтын ұйымдастыруға қатысады. Орал облыстық Денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істейді.

1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 1938 жылы атылған.


 

Әбдірахман Байділдин (1891-1931)

Алаш қозғалысына қатысушы. 1891 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданында туған. Үш жылдық ауыл мектебін, орыс-қырғыз училищесін, 1917 жылы Омбыдағы Мұғалімдер семинариясын бітіреді. «Бірлік» ұйымы құрылғанда оның белсенді мүшелерінің бірі болып, хатшылық қызмет атқарады. 1919 жылы Алашорда делегациясының құрамында Уфа мен Самара қалаларына барады.

Алашорда таратылған соң, 1919-1920 жылдары - Түркістан Коммунистік Жастар одағының Орталық Комитеті жанындағы қазақ (қырғыз) жастары ұйымдастыру бюросының мәдени-ағарту бөлімінің жауапты хатшысы, нұсқаушы-ұйымдастырушы, 1920-1921 жылдары Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің мұсылмандар семинариясының төрағасы, 1921-1922 жылдары Орынборда Қазақ АКСР Жер комиссариатының алқа мүшесі, «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болып істеген. 1922-1923 жылдары Орал облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, «Қызыл ту» (қазіргі «Орал өңірі» газеті) газетінің редакторы, 1923-1925 жылдары Мәскеуде Орталық баспаның қазақ секциясының қызметкері, 1925-1926 жылдары Қазақ өлкелік Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі, ал 1926-1929 жылдары республикалық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы қызметтерін атқарған. 1929 жылы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) оқытушысы болған.

1929 жылы басталған қуғын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде айыпталып, 5 шілдеде тұтқынға алынады. 1931 жылы 21 сәуірде ату жазасына кесілген.


 

Батырбек Әлжанов (1895-1940)

Ақ Жайық өңірінде баспасөз ісін ұйымдастырушылардың бірі, Азамат соғысына қатысушы Әлжанов Батырбек Хайроллаұлы 1895 жылы Орал облысы Қароба болысы, Бұлақсай ауылында (Теректі ауданы Қабылтөбе ауылдық округінде) туған. Ауыл молдасынан хат таныған. Ақпан төңкерісінен соң болыстық кооператив ұйымдастыру ісімен шұғылданып, болыстық земство управасы жанындағы азық-түлік бөлімінде жұмыс істеген. Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, М.Ипмағамбетовтің ықпалында болып, ақ казактар мен большевиктер текетіресінің соңын баққан алмағайып кезеңде астыртын мәлімет жинау жұмысына қатысқан. Азамат соғысынан кейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетін алғаш шығарушылардың бірі. 1920-23 жылдары осы газеттің редакторы, жауапты хатшысы болған. Орал қаласында қазақ театр өнерін дамытуға атсалысқан. 1923-25 жылдары республикалық «Жас қайрат» («Лениншіл жас») журналында жауапты қызметтер атқарды. 1925 жылы Ембі-Доссор ауданы кәсіподақ комитетінің хатшысы болды. 30-жылдары Орал губерниясында, округінде аудандық деңгейдегі әр түрлі қызметтер атқарған.

Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық департаментінің архивінде сақтаулы Батырбек Әлжановқа қатысты жеке іс (Арх. №П-00309, 6 қор) бойынша 1938 жылдың 17 сәуірі күні оған РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабы, 2, 7, 8, 11 тармақтары бойынша айып тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. 1940 жылдың 9 желтоқсаны күні Севостлаг НКВД-сының лагерінде қаза табады. 1956 жылы 15 маусымда ақталған.

 


Рахым Сүгіров (1904-1938)

1904 жылы Торғай облысының Қостанай уезінде туған Сүгіров Рахым Сүндетұлы 1919-1921 жылдары ауыл мектебінен білім алған. 1921 жылдың қараша айынан 1923 жылдың маусымына дейін «Жас алаш» газетінің редакция хатшысы болған. 1923-1924 жылдары Орынбор рабфагында оқыпты. 06.1924-07.1925 жылдар аралығында «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының хатшысы, 1925 жылдың шілдесінен бастап 1927 жылға дейін Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінің хатшысы. 1929 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақ өлкелік партия комитетінің органы – «Еңбекші қазақ» газетінде бас редактордың орынбасары болып бес жылдай қызмет еткен.

Шығыс Қазақстан облыстық «Екпiндi» газетінің, Алматы облыстық «Сталин жолы» газетінің бас редакторы, Алматы облыстық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің басшысы болып қызмет еткен Рахым Сүгіров те 1937 жылы 10 қазанда тұтқындалып, 1938 жылы бар-жоғы 34 жасында атылған.

Рахым Сүгіров КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының қаулысымен 1957 жылы 28 қарашада ақталды.

 

 

 


 

Медеш Оралдиев (1890-1937)

1890 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында, бұрынғы Соналы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Арабша хат таныған. Сауатты адам болған.

М.Оралдиев еңбек жолы Жымпиты аудандық Кеңес атқару комитетінде жауапты қызметтен бастаған. Кейін жұмыс бабында жоғарылап, Орал қаласына, облыстық газет қызметіне ауысқан. «Қызыл ту» («Екпінді құрылыс») газетінде М.Оралдиевтің бөлім бастығы лауазымында қызмет еткені белгілі. Бұл жерден партия жолдамасымен Алматыға, Семей, Қарағанды облыстарына жіберілген. Соңғы қызметі – 1937 жылдың 22 мамырына дейін Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық «Еңбек майданы» атты газеттің алғашқы редакторы болған.

Медеш Оралдиевті 1937 жылдың мамыр айында Қарағанды облысының НКВД қызметкерлері тұтқындаған. Үйін тінткенде «Айқап», «Қазақ», «Абай», басқа да газет-журналдар мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабы, татар тілінде шығатын «Ақ жол» журналы табылған. «Жастар арасында алашордалықтардың кітаптарын насихаттағаны, алашордалықтардың кітаптарын сақтағаны, революцияға қарсы ұлттық ұйымға қатысқаны үшін» 47 жастағы Медеш Оралдиев ату жазасына кесілген.

1989 жылдың 16-қаңтар күні Медеш Оралдиев КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысымен ақталды.


 

Елжас Бекенов (1892-1938)

 Көкшетау облысындағы Қарағаш ауылында туған. 11 жасынан жалданып байлардың малын баққан. 1912 жылдан бу диірменінде жұмысшы, Томск губерниясындағы Сужден көмір кенішінде шахтер, Петропавл стансасында теміржолшы болады. 1916 жылы майдандағы қара жұмысқа шақырылады. 1920 жылы Көкшетау ревком мүшесі болып, халық ағарту бөлімін басқарады. 1921 жылы партия қатарына қабылданған.

1922-1924 жылдары Орынборда рабфакта оқыған. 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер, 1929-1931 жылдары Петропавл округтік «Кеңес ауылы» газетінде редактордың орынбасары, кейін редакторы болды. 1931-1933 жылдары «Ауыл коммунисі» журналында редактордың орынбасары болады.

Елжас Бекенов 1933 жылы желтоқсан айында Оралдың облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Батыс Қазақстан ІІ партия конференциясында пленум мүшесі және обкомның бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды. Өлкелік партия комитетінің ұйғаруы бойынша 1935 жылы шілде айында Солтүстік Қазақстан облысына ауысқан. 1935-1938 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы «Ленин туы» газетінде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік құпияны баспасөзде сақтау жөніндегі бас басқармада редактор болып қызмет атқарды.

Елжас Бекенов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Бидің жауыздығы», «Ұлтшыл» атты тұңғыш әңгімелері, «Жәмила қалай сауатты болды» (1927), «Жаңа сәуле» (1929), «Біздің еңбек» (1934), «Жаңа жол бойында» (1939) атты әңгімелері мен повестері жарық көрді.

Е.Бекенов 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.


 

 Сәтбек Иманқұлов (1904-1938)

09 Сәтбек Иманқұлов+Иманқұлов Сәтбек (Сәтібек) Сәрсенұлы 1904 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылсоветінде туған. Әкесі Сәрсен кедей шаруа болғанымен, Сәтбек атасы Иманқұлдың тәрбиесінде болыпты. Иманқұлды «патша заманында би болған, ақсақал, бай» деп сипаттайды тергеу құжаттары. 1919-1922 жылдары ауылдық кеңес хатшысы болған С.Иманқұлов 1922-1925 жылдары Орынбор қаласында білім алған. Кейін Жымпиты ауданында, Орал қаласында түрлі лауазымдық жұмыстар атқарған.

Сәтбек Иманқұлов 1936-1937 жылдары «Екпінді құрылыс» газетінің жауапты редакторы болған. 1937 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынған Сәтбек Иманқұловқа «ұлтшыл-контрреволюциялық астыртын ұйым мүшесі, Кеңес үкіметін күшпен құлатып, Қазақ ССР-ін бөліп әкетуді мақсат тұтқан» деген айып тағылған. Сонымен бірге «Екпінді құрылыс» газетінде басшы болып тұрғанда «редакцияға жау элементтерді жұмысқа алғаны» дәлелденген. Мысалы, «ұлтшыл Мәжит Мұқашевты қызметке алып, бөлім бастығы қызметін бергені, Алашорда байы, Амангелді Имановты өлтіруге қатысқан жаудың қызы Данаш Байқадамованы стенографшы етіп жұмысқа алғаны» үлкен қылмысқа саналған.

С.Иманқұлов 1938 жылы 8 наурызда атылған. КСРО Жоғарғы сотының ұйғарымымен 1958 жылы 1 наурызда ақталған.

 


 

Ізбай Қошанов (1906-1938)

Қошанов Ізбай Нұржігітұлы 1906 жылы 20 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Маңғыстау ауданы Форт-Александровск қаласында туған, білімі бастауыш.

І.Қошанов 1927-1928 жылы Адай уездік комсомол комитетінің хатшысы болған. 1935 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Орда аудандық партия комитетінің І хатшысы. 1937 жылдың басында облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы болып тағайындалады. Бірақ көп кешікпей «контрреволюциялық ұлтшылдарды бүркемелеп, қолдағаны үшін» 1938 жылдың 7 қаңтарында партия қатарынан шығарылған. 1938 жылы 13 қаңтарда тұтқындалғанға дейін облыстық оқу-ағарту бөлімінің инспекторы.

ССРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы 1938 жылғы 13 қараша күні Алматы қаласында Қощановты ату жазасына кескен. Үкім сол күні орындалған.

Қошанов Ізбай Нұржігітұлы ССРО Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен 1964 жылы 23 сәуірде ақталды.

 

 


 

 Тәмимдар САФИЕВ  (1892-197?)

Т.Сафиев жөнінде деректер мардымсыз. Кейбір деректерде ұлты қарақалпақ екендігі айтылады. Орыс-қазақ тілдеріне жетік, қазақ баспасөзінің қалыптасуына өзіндік қолтаңба қалдырған тұлға.

Тамимдар Сафиевтің 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің редакциялық алқасына кіргендігі жөніндегі мәліметті оның өз мақаласынан көреміз: «Әлі есімде, 1919 жылы февраль айының бастапқы күндерінің бірінде Ордада азамат соғысына белсенді қатысып жүрген және сауатты қазақ жастарының жиналысы болды. Оған Шафқат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешов, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамит Чурин, белгілі ақын Ғұмар Қарашев және басқалары қатысты. Жиналыста сол кезге дейін екі тілде шығып келген «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» газеттерінің орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланды. Алдымен газеттің аты туралы әңгіме болды. «Ел еркі», «Ерікті ел» болсын» деген ұсыныстар айтылды. Ақырында жиналысқа қатысушылардың бәріне «Дұрыстық жолы» деген ат қатты ұнап, болашақ газеттің атын осылай атауға ұйғарылды.

Осы жиналыста редакциялы коллегия мүшелері бекітілді. Оның құрамына М.Көкебаев, Ғ.Қарашев, Ғ.Мұсағалиев, Х.Есенбаев және осы жолдардың авторы кірді. Сөйтіп, 1919 жылғы 20 февральдан бастап Ордада «Дұрыстық жолы» газеті шығарыла бастады. Газет материалдарын Облауаткомның председателі, большевик С.П.Милютин, Ғ.Мұсағалиев, Ғ.Қарашев т.б. редакциялап отырды» деп жазады Т.Сафиев 1968 жылы «Орал өңірі» газетінің 50 жылдық мерейтойына арналған мерекелік санында.

Тамимдар Сафиев еліміздің аға басылымы – қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің де бастауында тұрған тұлғалардың бірі. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің елу жылдық мерекелік арнаулы қосымшасында (1970 жыл, желтоқсан) қарт журналист Мерғали Ешмұхамбетовтің «Ұшқыннан» жалын лаулайды» деген естелігі шығып, онда автор 1919 жылдың соңына таман Орынборға келіп Кирревкомның кезекті мәжілісіне қатысқанын жазған еді. Сонда мынадай сөйлемдер бар: “… Кирревкомның залына көп адам жиналды.Ревком мүшелері, басқа да қызметкерлер көп-ақ. С.Меңдешев мәжілісті ашып, қысқаша сөз сөйледі. «Енді газетсіз болмайды, Совет үкіметінің саясатын елге түсіндіріп, ол саясатты іс жүзіне асыру үшін халыққа үгітші, жаршы болатын құрал керек», деді ол… Көп ұзамай баспасөз секциясы құрылды. Оған және газет редакциясына үй-жай берілді. Редакциялық коллегия құрылды, қателеспесем, редколлегия бастығы Тәмимдар Сафиев болып тағайындалды. Бұл кісі қазақша, орысша жақсы мағлұматы бар адам екен. Бөкейде 1918 жылы газет шығаруға қатысқан, басқа жауапты қызметтерде болған. Осы күні Москвада тұрады, орысша-қазақша сөздікті шығаруға атсалысты. Қазір қарақалпақ әдебиетімен, энциклопедия шығару ісімен шұғылданып жүр деп естимін. Редколлегия мүшелігіне Бернияз Күлеев, Әмірғали Меңешов, Тұнғашин (кішісі) және басқалары (есімде қалғандары) тағайындалды. Кирревком мүшелерінен бірер адам өтті. Мен және Әміржан Қаратаев әдеби қызметкер болдық...».

Архивте Бөкей губерниялық партиялық тазалау жөніндегі комиссия отырысының 1921 жылғы 14 қарашадағы хаттамасы сақталған. Онда 1919 жылғы қарашадан РК(б)П мүшесі Т.Сафиевтің «ұлтшылдықтың тұрпайы түрін көрсете жүріп партиялық жұмыста белсенділік танытпағаны үшін» сыннан өткізіп, қайыра қабылдау құқымен партиядан шығарылғаны (БҚОМА, 19 қор, 1-тізбе, 207 іс, 28-парақ) айтылған.

Міне, осы оқиғадан кейін Т.Сафиев саяси қуғын-сүргіннен қауіптеніп, Қазақстаннан алыс кеткен сыңайлы. Оның 1930 жылдары Қазақстанның құрамындағы Қарақалпақ округінің ресми басылымында еңбек еткені еміс-еміс айтылады. Кейін Мәскеу қаласына қоныс аударған. 1970 жылдары Мәскеу қаласында дүниеден өткен делінеді.

(Ғұмырдерек «Егемен Қазақстан» газетінің редакторлары» атты мақала және «Орал өңірі» газетінің мерейтойлық жарияланымдары, М.Тәжі-Мұраттың «Ғұмар Қараш» кітабындағы деректер негізінде дайындалды)


 

 

Ыдырыс МҰСТАМБАЕВ (1898-1937) - Алаш қозғалысының қайраткері, әдебиет сыншысы, абайтанушы. 1898 жылы қазіргі Семей қаласы Жаңасемей бөлігінде дүниеге келген.

1921-1923 жылдары Ы. Мұстамбаев Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және Орал губерниясының прокуроры қызметін атқарған. Қосымша губерниялық «Қызыл ту» газетіне жауапты редактор ретінде қол қойған.

Мұстамбаев осы кезеңде Арон Қаратаевтың қызы Шахзадаға үйленген. Осыған орай «Патша үкіметінің үлкен шенеунігі, саяси сенімсіз Арон Қаратаевпен туысқандық қарым-қатынасы болғандығы үшін Орал губерниясынан кетірілсін» деген құпия шешім шыққан. Ыдырыс Мұстамбаев Ақмола губерниясының прокуроры болып істеп жүрген кезінде «тап жауларымен» туыстығы бар деген оңды-солды қыр соңынан қалмай қойған айыпталулардан кейін Шахзада Аронқызымен ажырасуға мәжбүр болған.

Ыдырыс Мұстамбаев Голощекиннің «қырағы» күзетінде болып, 1926 жылдан қуғынға түсті. 1933 жылы Мәскеу қаласында ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы 11 қарашада қайта сотталып, ату жазасына кесілді.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале