10.01.2017, 11:14
Оқылды: 80

Құрметпен шығарып салды

uldai-pensia«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі, ақын, «ҚР ақпарат саласының үздігі» Сариева Ұлдай Қабошқызын зейнет демалысына зор құрметпен шығарып салды.


Медиахолдингтің мәжіліс залында өткен жиында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин Ұлдай Қабошқызына ұжымның атынан жүрекжарды алғысын жеткізді.

- Осыдан 15 жыл бұрын «Жайық Пресс» ЖШС құрылған кезде, оның бастауында тұрған төрт адамның бірі ретінде Сіздің есіміңіз мекеменің тарихында қалады деп есептеймін. Осы уақыт ішінде «Жайық Пресстің» қанатының астына екі облыстық, он екі аудандық газетті біріктірген, ақпарат орталығы бар үлкен медиахолдингке айналуы жолында Сіздің де қосқан үлесіңіз зор болды. Ұжымдағы жастарға жөн сілтеп, тәжірибеңізбен бөлісіп, үлгі бола білдіңіз.

Сіздің дін, құқық қорғау сияқты өзекті тақырыптардағы мақалаларыңыз республикалық, облыстық баспасөз бетіне жариялануда. Оның барлы­­ғы қажырлы еңбегі­ңіздің нәтижесі деп білеміз.

Осы бағыттағы жұмыстарыңыздың жалғасы ретінде үлкен бір істі қолға алып жатырсыз. Игі бастамаңызға сәттілік тілеймін!

Барша әріптестеріміздің атынан Сізге қажырлы еңбегіңіз үшін алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Демалысқа шыққаннан кейін де ұжыммен қарым-қатынасыңызды үзбей, «Жайық Пресстің» жанынан ашылған ардагерлер кеңесінің белді мүшесі ретін тығыз байланыста боламыз деп сенемін, – деген медихолдинг басшысы салтанат иесіне алғыс хат пен сый-сыяпатты табыс етті.

Ұлдай Қабошқызы да мекеме басшысы мен ұжым мүшелеріне өзіне көрсетілген сый-құрмет үшін ризашылығын жеткізіп, шығармашылық табыс тіледі.

Еске сала кетсек, Ұлдай Қабошқызы «Дүрбі» аймақтық қоғамдық-танымдық тәуелсіз газет ашып, жуырда басылымның алғашқы саны оқырман қолына тиді.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: Ұлдай Сариева 1957 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы (бұрынғы Жалпақтал), Талдықұдық ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң аудандық газетте тілші, Жалпақтал халық  театрында әртіс, Талдықұдық халық театрында режиссер және осы ауылда әйелдер кеңесінің төрайымы болып  қызмет істеді, бірнеше мәрте облыстық айтыстарға қатысты. Кейін облыс көлеміндегі салалық газеттерде, «Орал өңірі» басылымында еңбек етті.

Ақынның сыршыл өлеңдері, тағылымды мақалалары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып жүр.

Ұлдай Сариеваның өлеңіне жазылған (әні Д. Қажымовтікі) «Біз екеуміз» әні Жайық өңірінің ғана емес, еліміздің жастарының сүйікті әуеніне айналды.

Айгүл Ахметова

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале