23.08.2018, 12:16
Оқылды: 92

БҚО әкімі Оралдағы құрылыс қарқынын қадағалады

akim obezd (5)Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы бірқатар жол жөндеу мен құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты.


Ағымдағы жылы Шолохов - Профсоюзный көшелері аралығындағы Штыбы көшесінің жолы күрделі жөндеуден өтуде. Жол салу жұмыстарына «КПО б.в» есебінен 344 миллионға жуық қаржы қарастырылған. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жол құрылысы жұмыстарын Жанна Кенжина жетекшілік ететін «ДСК Приоритет» ЖШС жүргізуде. Жол салу жұмыстары мамыр айында басталған.

akim obezd (2)-Көкшетау - Профсоюзный көшелері аралығына төселген жолдың ені 6,5 метр болса, Шолохов көшесіне шығатын бағыттағы жолдың ені 9 метрді құрайды. Бұл жерде көшенің осы бөлігінде көлік ағымының көптігі ескерілді. Сонымен қатар жолдың екі қапталына екі шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жол салу жұмыстарын қараша айында аяқтауға тиіс болатынбыз. Дегенмен, жұмысты осы қарқынмен жүргіссек алдағы қыркүйек айында толықтай бітіреміз, - деді мердігер компанияның құрылыс инженері Вера Елизарова.

Сондай-ақ Екінші жұмысшы шағын ауданында Гастелло, Чуйково және Көкшетау көшелерінің жолдары күрделі жөндеуден өтуде. Аталған құрылыс жұмыстарын «Ақсай Бизнес Строй» ЖШС жүргізуде.

akim obezd (8)-Көкшетау көшесінің екі шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жолдың ені жеті метрді құрайды. Бүгін жолдың екі жанындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысын толықтай аяқтадық. Негізгі жолдың да бірінші қатқыл қабатын тосеп бола келдік. Жақын күндері екінші қабат асфальт төселеді. Аяқталуы қараша айына жоспарланған жол құрылысын 1 қыркүйекке дейін толықтай бітіреміз. Бұл көшелердің бойында №4 және №16 мектептер орналасқан. Сондықтан оқу жылы басталмай құрылыс жұмыстын аяқтауды көздеп отырмыз,-дейді мердігер компанияның басшысы Анвар Агаев.

-Осы кезге дейін біз тұрған Екінші жұмысшы шағын ауданында қатқыл жол төселген бір ғана көше болатын. Биыл осы маңдағы бес көше күрделі жөндеуден өтуде. Өткен жылы осы ауданнан су жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Енді осы әлеуметтік нысандардың кіре берісіне жолдар салынуда. Мердігер компаниялар жолды сапалы әрі уақытылы жасауы қажет. Осы маңдағы қалған көшелерге де жобалау құжаттары жасақталып, жақын жылдары жөндеуден өтуі керек. Құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталуы үшін өткен жылы құжат жасақтау, қаржы бөлу, мердігерді анықтау жұмыстарын ерте қолға алдық. Соны нәтижесінде жаздың жайма шуақ мезгілінде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Биыл да осы жүйемен жұмыс жасауымыз керек,-деді облыс әкімі.

akim obezd (9)Сонымен қатар облыс әкімі Құрманғалиев көшесі бойындағы мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы салынып жатқан бес қабатты, 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.

Аталған мекенжайда бұрын 1956 жылы салынған, екі қабатты, сегіз пәтерлі үй болған. Тозығы жеткен тұрғын үй өткен жылдың желтоқсан айында сүрілген болатын. Бұрынғы тұрғындар толығымен басқа мекенжайға көшірілген. Олар  бес қабатты үйдің құрылысы аяқталған соң су жаңа пәтерлерге қоныстанатын болады. Қалған 80-нен астам пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы елімізде жүзеге асырыла бастаған «7-20-25» бағдарламасымен берілмек. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Орал Полимер» ЖШС мамандарының айтуынша, келер жылдың жазында тұрғын үй құрылысы толықтай аяқталмақ.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың соңына дейін облыс орталығында Құрманғазы, Кердері, Еуразия, Скоробагатова, Некрасова, Ружейникова көшелерінде орналасқан 13 тозығы жеткен үйлерді сүру жоспарлануда.

akim obezd (1)Соңғы жылдары Орал шаһарында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған саябақтар мен тынымбақтар, спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдары көптеп салынуда. Бүгінгі таңда облыс орталығында 60-қа жуық ашық аспан астындағы демалыс орындары болса, жақын күндері олардың саны артпақ.

Еуразия көшесі бойында орналасқан №36 М.Ықсанов атындағы мектептің жанынан жаңа тыным бақ салынуда. Көп қабатты тұрғын үйлер шоғырланып, халық тығыз орналасқан аулаға тынымбақты Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер, «Автокомбинат» ЖШС басшысы Игорь Голоухов  өз қаражаты есебінен салуда. Құны 43 миллион теңгені құрайтын тынымбақта балаларға арналған ойын алаңы, жаттығу құрылғылары орнатылмақ. Сонымен қатар алаң жасыл желекпен көмкеріліп, тал-теректер отырғызылмақ. Тынымбақта балалар үшін қауіпсіз төсеніш төсеп, жарықтандыруда қолға алынған. Мердігердің туған жерге тартуы қала күні мерекесінде пайдалануға берілмек.

Тынымбақтың құрылысын көрген облыс әкімі өңір кәсіпкеріне мәрттігі үшін зор алғысын білдіріп, еңбегіне жеміс тіледі.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

«Орал өңірі»

akim obezd (17) akim obezd (10) akim obezd (15) akim obezd (3) akim obezd (21) akim obezd (22)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале