9.08.2019, 17:54
Оқылды: 256

Құрылысшылар күні атап өтілді

Бүгін құрылысшылар күніне байланысты Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында салтанатты шара өтті. Жиында облыс әкімінің міндетін атқарушы Бағдат Азбаев құрылысшыларды құттықтады.

IMG-20190809-WA0125-01

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша 432,2 мың шаршы метр тұрғынжай қолданысқа берілді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында тұрғын үй құрылысын және инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 16 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 17 көп қабатты және аудандардағы 139 баспана құрылысына 13 млрд. теңге, 17 инженерлік-коммуникациялық желі нысанын дамытуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалуда. Күз айында дарынды балаларға арналған 100 орындық интернаты бар спорт колледжінің құрылысы аяқталады. Биыл сегіз ауданда 29 сумен қамту нысаны салынуда. 2016 жылы ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту 36 пайыз болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 50,6 пайызға немесе 219 елді мекенге жетпек. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Соңғы үш жылда облыс бойынша 1 мың шақырым авто жол салынып, жаңғыртылды. Биыл Қазталов-Жәнібек-Өнеге-Бисен-Сайқын бағытындағы республикалық маңызы бар автожолды күрделі жөндеу басталды. Президент тапсырмасына сәйкес оңтүстік аудандарға қатынайтын жолды асфальттауды 2021 жылы тәмамдаймыз, – деді Бағдат Азбаев.

Шарада «Уральск водстрой» АҚ-ның бірінші вице-президенті Теңгіз Телеев және өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі Фатима Качмазова «Еңбек ардагері» медалімен, «СКФ Отделстрой» ЖШС сырлаушысы Жаңғақ Айболатова, «Жаңа консалтинг ЛТД» ЖШС техникалық қадағалау бойынша инженердің көмекшісі Сағидолла Әміров, «Жаңғырту 2012» ЖШС инженері Сағынғали Имашев, «Westkaros» ЖШС бас инженері Александр Рукин «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Бір топ құрылыс маманы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен облыс әкімдігі атынан алғыс хатқа ие болды. Сонымен қатар Құрылысшылар күніне байланысты Орал қаласы әкімдігі ұйымдастырған кәсіби шеберлік аумақтық байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлық табысталды.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале