13.01.2021, 19:50
Оқылды: 701

Күтімі жоқ күре жолдар көктайғақ...

Қылышын сүйретіп келген қыста ауыл мен қаланың, аудан мен елді мекендердің, облыс орталықтарының арасын жалғап жатқан жолдардың жай-күйі тұрғындар үшін маңызды. Облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың беткі қабаты техника жетіспеушілігінің кесірінен көк мұзбен құрсауланған.

20210113_153449

Мұны "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК-ның облыстық филиалы мамандары республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізу барысында анықтады. Мониторинг нәтижесі бойынша мамандар мердігерге, яғни «Қазақавтожол» ЖШС-ның облыстық филиалына Орал – Атырау, Подстепный – Федоровка, Чапаев – Жалпақтал – Казталов күре жолдарын қар үйінділері мен мұз шөгінділерінен тазалау туралы 3 нұсқаулық жіберді.

Филиал инженері Зауырбек Қыпшақбаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы жыл басынан бері «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» мамандары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 10 рет шығып, жол сапасына тексеріс жүргізгендерін, соның ішінде Орал – Атырау, Чапаев – Жалпақтал – Казталов, Подстепный – Федоровка бағытындағы күре жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін айтты. Күре жолдардағы қарды тазалау жұмыстары нашар жүргізіледі, жолдардың бетін жұқа мұз жапқан, жол жиектеріне қар жалдары үйіліп қалған. Жолдарға құмды-қиыршықтас қоспасы шашыраңқы себілген.

- Біздің басты мақсатымыз – республкиалық маңызы бар автожолдар бойымен көліктердің үздіксіз һәм қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету. Мониторинг жүргізілген күре жолдардағы қар үйінділері күрелмеген, соның кесірінен көліктердің жүруіне кедергі келтіретін мұз орамдары пайда болған. Жыл басынан бері Орал – Атырау, Чапаев –Жалпақтал – Казталов, Подстепный – Федоровка автожолдарын күтіп-ұстау жөнінде мердігер «Қазақавтожол» ЖШС-ның облыстық филиалы мен осы жұмыстарға тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның облыстық филиалына анықталған олқылықтарды жоюды ұсынған 3 нұсқаулық жіберілді. Нұсқаулық хаттарда мердігерге қыс мезгілінде қардың түсуіне қарай тазалап отыру, жолды мұздың басуына жол бермеу жөнінде ұсыныстар бар. Біздің ойымызша, бүгінде жолдардағы қар мен мұзды жою шаралары өте баяу жүргізілуде, - деді Зауырбек Қыпшақбаев.

20210113_153418

Маманның айтуына қарағанда, өткен көктемгі және жазғы мезгілдерде Казталов – Жәнібек және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Қыс уақытында мердігерлер салынып жатқан күре жолдарға жақын айналма жолдарды ретке келтіріп, ауылдар аумағындағы жолдарды қардан тазалауға міндеттелген. Мердігерлер бұл міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, айналма жолдарды жақсы күтіп-ұстауда.

«Сапалы жол –Адалдық алаңы» жобасы аясында «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК филиалының мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерімен бірге «Шымкент – Самара» халықаралық маңызы бар автомобиль жолына, «Орал – Ресей Федерациясы шекарасы» жолының бөлігіне шығып, жол сапасын тексерді. «Сырым» кеден бекеті бағытына қарай жол жүру барысында мамандар жолдың көп бөлігі көк мұзбен құрсауланғанын, кей жерлерде екі жолақты жолдың бірінің көктайғақ мұз болуынан бір жолға тарылғанын, бір жолақты қар жауып тазаланбағандықтан мүлдем пайдаланылмағанын көрді. «Сырым» бекеті бағытында қозғалған екі жүк көлігі көктайғақтың кесірінен жолдан ұшып кеткен.

З.Қыпшақбаев мониторинг барысында БАҚ өкілдеріне әлеуметтік желілерде облыстағы көлік жүргізушілердің Самара бағытындағы жолды күтіп-ұстау сапасына көңілдері толмайтынын білдіріп отырғандарын тілге тиек етті. Тұрғындар Самара облысы аумағындағы автожолдың жай-күйін облыс аумағындағы бөлігімен салыстырып, біздің жолшылардың атына біраз сын айтады.

- Өкінішке орай, облыс тұрғындарының Самара – Шымкент (195-251шақырым) халықаралық автомобиль жолының сапасыз тазаланатыны расталды. Жолдың бойын қар басып, кей жерлердің көк мұздануы, құмды-қиыршықтас қоспасының дұрыс себілмеуі, жол жиегіне қар үйінділерінің пайда болуы жайттары анықталды. Жауған қарды тазалаудың өз талаптары бар. Қарды және қар үйінділерін тазалағаннан кейін жолға құмды-қиыршықтас қоспасы себілуі керек, - деді Зауырбек Қыпшақбаев.

20210113_153323

Оның айтуына қарағанда, жолды тазалау талаптары бойынша жауын-шашын қалыпты жағдайда болғанда 8 сағат ішінде жолды ретке келтіру керек. Республикалық маңызы бар жолдарда қар үйінділері мүлдем болмауы тиіс. Облыс аумағындағы 400 шақырымдық жолды бір мердігер тазалайды, ал Ресейде жағдай басқаша: әр мердігер республикалық жолдың 50 шақырымын ғана күтіп ұстайды. Содан да екі мемлекеттегі қоңсы қонған екі өңірдегі қар тазалау жұмыстарының сапасында жер мен көктей  айырмашылық бар.

«Қазақавтожол» ЖШС-ның облыстық филиалының, яғни мердігердің өкілі №38 жол пайдалану учаскесінің бастығы Асхат Қойшығұлов Самара – Шымкент республикалық күре жолының бойы уақытылы қардан тазаланбағандықтан, жолдың кей учаскелерінде мұздың жұқа қабаты пайда болған. Облыстық филиал бойынша (№38 ЖПУ) 8 құрма жол көлігі, 3 бульдозер жол тазалайды. Аталмыш жолшылар мекемесі республикалық маңызы бар жолдың 484 шақырымын күтіп-ұстайды.

20210113_153502

- Барлық күре жолды күтіп-ұстауға техникамыз жеткіліксіз. Сондықтан «Қазақавтожол» филиалы басшылығы техниканы жалға алуға шешім шығарды. Қаңтардың 8-9 күндері жаңбыр жауып, жол беті мұзға айналды. Қазір Самара – Шымкент күре жолының кейбір учаскелерінде (Оралдан бастап РФ шекарасына дейін) 20-25 пайыз мұзды жерлер бар. Жақын арада оны жоямыз, - деді Асхат Қойшығұлов.

Оның сөзіне қарағанда, республикалық маңызы бар күре жолды күтіп-ұстау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі жеткілікті.

 

 Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале