2.08.2017, 17:33
Оқылды: 21

Қылмыскерлер құрықталмақ

Ремзауыт шағын ауданындағы қалалық ішкі істер бөлімінің №9 учаскелік полиция пунктінде «Өзіңнен баста» жобасы негізінде ашық есік күні басталды.


Облыстық прокуратура пен қалалық ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен қолға алынған акцияға орай жергілікті тұрғындар кез келген уақытта учаскелік полиция пунктіне келіп, арыз-шағымдар мен өтініштерін айтып не ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.

-Ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында облыстық прокуратура мен қалалық ІІД екі жақты ынтымақтықты орнату үшін меморандумға  қол қойған еді. «Өзіңнен баста» жобасы - сол меморандумның жемісі. Ашық есік күнін экспериментальді түрде осы №9 учаскелік полиция пунктінде өткізуімізге осы шағын аудандағы ұсақ құқық бұзушылық пен қылмыстың көп болатындығы себеп болып отыр.

«Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша бұл аумақта 10 бейнебақылау  камера орналастырылды. Оларды  №9 учаскелік полиция пунктінің қоғамдық көмекшілері мен халықты еңбекпен қамту орталығы арқылы келген консьерждар бақылайды. Қылмыстық оқиға тіркелген жағдайда бірден учаскелік полиция пунктіне хабарлама береді. Содан соң  учаскелік полиция пунктінің инспекторлары оқиға орнына барып, әкімшілік хаттама толтырады. Қылмыстық оқиға тіркелген жағдай полиция қызметкерлері сол мезеттегі күдікті адамдарды тергеп тексеру үшін бейнебақылаудың көмегіне жүгінеді,- дейді қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Қалимоллақызы.

Айта кетсек, Ремзауыт шағын ауданында 21 325 тұрғын тұрады. Қалалық ІІБ-ның жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Данияр Ракишев былай дейді:

-«Ремзауыт», «Ет комбинаты» - қылмыс жиі орын алатын шағын аудандар. Биыл учаскелік пунктке 700 әкімшілік құқықбұзушылық және 50-ден астам  мүлдем төзбеушілік туралы  арыз-шағымдар келіп түсті. Қаланың тазалығын сақтау, белгіленбеген жерге қоқыс қалдықтарын тастамау туралы  200-ден астам жазбаша хабарлама, бүктеме үйлестірілді. Бұл орайда бізге қоғамдық қызметкерлер, еріктілер көмектесіп тұрады. Қала бойынша жалпы 246 бейнебақылау камера болса, әр шағын ауданда 10 камерадан  орнатылған. Қылмыстың алдын алу мен оны әшкерелеуде бейнебақылау камераларының тигізер пайдасы зор.

Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале