14.06.2019, 11:34
Оқылды: 716

Қыраттағы раушан гүл (әңгіме)

Назымның дәрігер болу арманы міне-міне орындалғалы тұр. Бала кезінде анасы ауыр науқастан көз жұмған болатын. Тағдырдың тәлкегіне ерте іліккен қаршадай қыз талай әділетсіз жазаланып, бармағын шайнаған болатын. Өмір оны аяған жоқ. Қайта-қайта орға құлатты. Ызғырық желдің өтінде туған тағы арланның күшігіндей күй талғамай, қарға аунап, күнге қақталып өсті. Дүниеде азаптың ауыры панасыздың сорлы халі екен. Оған төзуге шыдамың жетсе, басқа сынақтан іркілмей өтесің. Адамнан аяныш күткенше, өз жүрегіңнің тілсіз ақылына мүлтіксіз сенген жақсы. Бала мінезіне тән аңқаулық пен еркеліктерін ерте тыйды.

2

Мұңсыз күлкінің ертегісін түсінде ғана көретін болды...

Ол ашық күннен гөрі  мұнартып тұратын бұлтты күнді ұнататын. Оның жанын жел мен су ғана түсінетін. Желге еркелесе, суға мұңын шағатын. Бұлттармен бірге жасын төгетін. Ондай кезде сөздің керегі жоқ, үнсіздіктің өзі дертіне шипа болатын.

Өткен кездің өксігі ойын шырмап жатқанда, диплом алу кезегі өзіне жеткенін сезбей қалыпты. Қалықыз иығынан түрткенде, мына әлемде екені есіне түсті. Мінбеге қарай құстай ұшты. Толқу үстінде дайындалған сөзінің бәрін ұмытып, демі таусыла:

– Бұл дипломмен менің жаңа күнім шығады, – деп айтуға ғана шамасы келді. Топтың ортасында анасы күлімсіреп қарап тұрғандай көрінді. Орнына келгесін де құшақ гүлдерін қысып, балаларына сүйсіне қарап тұрған аналардың ішінен апасын іздеді. Алайда бұл көңілдегі құр алданыш елес екенін түсінді. Басын торлаған қара бұлттар үріккен қойдай дүркіреп қашып кетті. Ішіне нұр құйылғандай жеңілдеп қалды. «Өмір, сен неткен тәттісің, бірақ бал құйылған тостағаныңды толтырмай беретін сараңдығыңды ұнатпаймын. Менен соншама неңді қызғанасың?! Мен дүниеге бекер келмегенімді дәлелдегім келеді» – деп іштей назын ақтарды. Расында да, Назым осы тілегінің орындалуына жаратылған сәйгүліктей тас-түйін дайын еді...

Шыдам мен сабыр мені осы күнге жеткізді. Бірақ тап қазір менің арқамнан қанат шыққандай ұшып кеткім келеді. Өзімді қоярға жер таппай, сабырсызданып  жүрмін. Мықты болсаң, қуаны-шыңды тұншықтырып көр...

Қолында Қаратөбе ауданына жіберілген жолдамасы бар Назым жолшыбай кездескен ауыр жүк машинаға мініп, кызыл кірпішті орталық ауруханаға жетті. Темекінің иісі қолқаны ашытатын көлеңкелеу бөлмеде көзілдірігі мұрнының ұшына ілінген, жасы алпысқа таяған бас дәрігер:

– О, қызым, сені бізге Құдай айдап келген екен. Шалғайдағы ауылдарда маман жетіспей, басым қатып отыр еді. Ертең ферма басшылары осында жиналысқа келеді. Солардың біріне қалауың бойынша жұмысқа барасың. Қазір менің уақытым аз. Ертең сағат үште кел, – деп шығарып салды. Ал таңда. Дәліздегі картаға қарап тұрып, не болса да Қаракөлді таңдаймын деп іштей бекініп қойды...

Ауыздығын шайнаған көк айғыр екі аяқты арбаны қаңбақтай ұшыртып шауып келеді. Жазғытұрым даланың әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көл-көсір көк кілемінде көздің жауын алатын қызғалдақтар қиялыңды шыңға самғатып, тәтті армандарға жетелейді. Моншақтай тізіліп ұшқан тырналар сезімді толқытады.

Ақтайсайдың аумағы толған сай мен жыра. Қосарласып аққан қос өзен. Топырағы майлы, өрісі нәрлі, жағасы жайлы сәнді жер. Сайындағы шүйгін шөптің жұпар иісі мұрынды жарады. Солтүстік шығыс беті пайдалы қазба байлыққа лық толы. Шыңғысында қара алтын саналатын мұнай бар. Әттең, соның бірі де игеріліп жатқан жоқ. Қалың ұйқыдағы дию тәрізді қыбырсыз. Ара-тұра асау тентек сулары Жарлыдан қақ айырылып, Қалдығайты мен Жақсыбайды әуреге түсіреді. Бурадай бұрқыраған тасқын Төлен мен Жалпақкөлдің қазанын лық толтырып, сабасына түседі. Сыңсыған тоғайында дәмі тіл үйіретін жидектердің сан түрі бар. Жердің киесі, елдің иесі болған Едіге ата да қойнауы құт өлкенің өркешінде жатыр...

Шағын ауылдың үйлері тақтайға кептірілген аппақ құрттай болып алыстан көз тартады. Басқарма төбесі саз балшықпен майланған шағын үйдің жанына ат басын тіреп:

– Ләтипа, деп айқайлағанда, жасы елуге жақындаған, толық денелі, аққұба, ақ орамалды, әдеміше келген әйел жарты қап тезегін қорасынан шығарып, қазандығының қасына әкелді де, жаймен үнсіз бұрылып, Назымға қадала қарады. Бұрымы өрілген, қолында даладан жинаған гүлдері бар жас қыздың сүйкімділігіне бір сәт таңданып қалды. Басқарма:

– Ләтипа, бұл бала бізге жіберілген маман. Жататын жері болмай тұр. Қасыңа алсаң қалай болады? Оқуын үздік бітірген. Өзі бір жақсы балаға ұқсайды, – деді. Әйел үнсіз ғана басын изеді. Ләтипа апа ауылдың құрметіне бөленген адал жан екен. Жұбайы шофер болған. Ауылдың кіреберісінде тікжар сай бар. Сол сайға түсе бергенде ауыр жүк тиеген машина рульге бағынбай, салмағымен биік жардан құлап кетіп қазаға ұшыраған. Үш жасар қызы сол жылы белгісіз ауруға тап болып, көз жұмады. Жиырма жеті жасында жесір қалған Ләтипа апа содан бері жалғыз тұрады. Әрине, ел болғаннан кейін атқа мінген азаматтар мен «сері» жігіттер көздерін сүзіп, өкпесі өшкенмен алдына келгенде, дыбыстары шықпай, тура қарап ештеңе айта алмай кеткен көрінеді. Тіпті жасы келіп, жүріп қалған жігіттерге қосамыз деп ентігіп жүгірген орақ ауыз, кербез жеңгелер небір тұспал сөздерді дәмдеп айтса да, ойларын іске асыра алмаған. Сұлулығын қызғанған өсекшілер ойдан құрап қанша лақап таратса да, күн аумай өтірігі анықталып, өздерінің басы дауға қалады. Мұғалімдік жұмысына жан-тәнімен беріліп жасағандықтан, балалар бұл кісіні ерекше сыйлайды. Сөзге сараң, ісіне мығым, дініне берік адал жанды ауыл жастары «Ләй апа» атап кеткен. Уақыт өте келе Ләтипа Назымды өзінің туған қызындай жақсы көріп кетті...

Осылайша Назымның шалғайдағы еңбек жолы қызу басталып кеткен еді.

Күздің қара суығында, қыстың қақаған аязында, көктемнің нөсерлі жаңбыры мен тасқынында талай рет тасыған Жақсыбайдың асау өткелін кешіп өтіп, күн-түн демей науқас адамдардың дертіне шипа тауып, өлімнен арашалап қалған болатын...

Ақпанның аяғы бораннан көз аштырмай қойды. Қаракемер мектебіндегі балалар қызылшамен ауырып жатыр деп хабар келгендіктен ойлануға уақыт жоқ. Таң ата боран басылғаннан кейін, Тор-төбел атқа шана жегіп, асығыс жолға шықты. Ләтипа апасы өңі кеткен көне тұлыпты шанаға салып тұрып: – Жалғыз шыққаның жөн болмас, басқармаға барып, қасыңа кісі сұра, – деп ескертті. «Ала таңда кім шыға қояр дейсің, уақыт оздырмай аттанғаным жөн болар» деп жүріп кетті. Көптен жегілмеген жануар даланы сағынып қалған екен. Екі танауынан буы бұрқырап, ұлпа қарды қайықтай жарып, зырғытып келеді. Әзірге жүрісі ширақ.

Ақпан айы – дала тағысы қасқырлардың ұйығатын уақыты. Бұл кезде олар топтасып жүреді. Олардың тыныштығын бұзу – аса қауіпті. Тіпті адамға шапқан кездері болғанын талай рет естіген. Осы күдікті ой келгені сол-ақ екен, аттың жүрісі бәсеңдей түсті. Құлағы бір дыбысты шалғандай басын изеп тұрып алды. Алдағы сайдан бір-бірімен алысып-жұлысып таласқан тағылардың әуегі шықты. Шошынған ат көзін алартып, ос-қырынып шегіншектей жөнелді. «Енді қашамын, сақ бол!» дегендей аспанға қарғып алды да, шидің арасымен аталақтап шаба жөнелді. Қалың шидің сабағы бет қаратпайды. Шанадан түсіп қалмайын деп екбетінен жатып алды. Ортекедей секірген шананың табаны біресе шиге, біресе қарға түсіп шиқылдап, күртілдеп сырғиды. Төртөбелдің шиді бойлап қашуы, бөрілердің екпінін бәсеңдеткісі келген тәсілі болар деп делбені бос ұстап, еркіне жіберді. Тілі жоқ демесең, жылқы өте есті жануар. Бастарын қырау шалған шилерді сатырлатып жапырып, көкжалдар да табандап келеді. Бір мезетте жазық далаға шыққандай болды. Тізерлей тұрып жан-жағына көз жүгіртсе, ақ кебінге оранғандай меңіреу жазықтық. Аппақ қардан ешнәрсені анықтай алмайсың. Құлағы тік көкжалдар қалың шиге расымен де бөгеліп қалған екен. Шашылған құмалақтай әр тараптан ытқып шығып, жарыса жүйткітіп келеді. Бастапқы үшеуі онша ірі емес. Орта тұсындағы бесеуі бойшаңдау, артындағысы тайыншадай абадан. Қасындағы құртқасы да кем түспейді.Тайраңдап қатар жортып келеді. Ол ара-тұра бөгеліп, маңғаздана мойнын созып, аймақты бақылағандай кейіп танытады. Қара терге түскен Назым бойлай тұрып, жан-жағына көз салды. Алыста қазандай ойпат ортасы көкшіл мұз ба? Су ма, анықтау мүмкін емес. Дереу делбені шірене тартып солай қарай бағыттады. Күн де мұнартып, батыс беттен жел соғып тұр. Аяқ асты жаяу борасын. Уақыт та түс ауған мезгіл болуы керек. Бұл «Тұздыоба» деп аталатын көлшік еді. Жергілікті халық бұл жерді кие тұтады. Тұз айында құрбандық шалып, ақтығын байлап, тұзға түсетін. Қазір асты қатқанымен, бетінде тобықтан асатын қар араласқан суы бар екен. Ат суға түскен бойы шананың оң жақ ақлөбінен басып, аттың үстіне қарғып мініп алды. Он-он бес қадамнан кейін аттың адымы бәсеңдеп, құлағы қайшыланып, тағы жиырма қадамды әрең басып тұрып алды. Өлетін жерім осы болды ғой деп артына қараса, бөрілер жағада қаз-қатар тізіліп отыр. Ендігісі түз тағысының қолында, бұны жұлмалап талай ма, әлде тамақтап тұншықтырып өлтіре ме, кім білсін? Білетіні – тығырықта, құлан түзде, жападан-жалғыз опат болатыны. «Әй, жалған дүние, өлу деген осы екен ғой. Тым болмаса, артыма ұрпақ та қалдыра алмадым. Жұмаштан қалған жетім қыз айдалада адасып, қасқырға жем болыпты деген сөз қала ма? Жоқ, сендерге оңай беріле қоймаспын». Іштей қайраттанып, үрей мен қорқынышқа жол бермей, бойын жинап алды. Ат үстіне ыңғайлана отырып, бір қолымен жалына жармасып, екінші қолымен  шананы ағытып, қамыт пен доғаны шанаға лақтырып тастады. Үстіндегі тұлыпты  аттың терін қатырып алмайын деп үстіне жапты. Тірліктегі түрлі сәттері есіне түсіп, көзінің жасын бір сығып алды. Төртөбел де иесінің жайын түсінді ме, тынышталып ырқына көнді. Атты жағадағы көкжалдарға қарсы бұрып, бұлардың неге бөгеліп тұрғанын іштей түсінуге тырысты. Бағанағы көкшулан құртқа бөлектеніп, қырқадағы төбеге шығып, мойнын көкке созып ұлыды. Өзінің түрі қорқынышты болғанымен, үні нәзік шерге толы қобыздың әуені сияқты естіледі. «Әй, жортушыларым, мына жаны жаралы қызда не өштерің бар? Онсыз да өзге үшін жанпида болып жүрген түрін көрмей тұрсыңдар ма? Ана қарақат көзі мен жауқазын жүзіндегі жалынды көріп тұрсыңдар ма? Тиіспеңдер! Кері қайтыңдар!» деп әмір берді ме, кім білсін? Манағы әуектегі көкжалдар құйрықтары созыла, бірінің ізін бірі басып, көкшуланның артына ілесіп кете барды. Жасыл көзді абадан қарсы келіп, тұла бойын сүзгіден өткізгендей бір шолып өтті. Көзі сенің пешенеңе жазылған тағдырыңды маңдайыңнан оқып тұрғандай сұсты. Жақындап келіп бір айналып өтті де, жөніне кетті. Демін ішіне тартып, қалшиып қалған Назым мына көрініске аңтаң. Тегі бұлардың әрекетінде бір гәп бар. Ойына ел ішіндегі қариялардан естіген аңыз әңгімелер түсті. Соның бірі мынадай оқиға еді:

Тұздыобаның солтүстік шығысында терең жыра бар. Жарлыдан бөлініп шыққан су Таян арқылы сай-саланы толтырып, осы көлге құяды. Көзден таса, елден жырақ мекен болғандықтан, сол сайлардағы апанда көкжалдар күшіктейді. Көктемде қозыларын өріске қосып шығарған шопан жігіт қоңыр қозының бөлініп қалғанын көреді. Қанша рет қайтаруға әрекет жасағанмен, бағытқа көнбей, тура апанға қарай қашып кетеді. Отар қойды қараусыз тастауға тағы болмайды. Оның үстіне төлдер бар деген оймен кері бұрылып, қойларды өрістен қосынға айдап келеді. Түскі тамақ уақытында иттердің мазасыз үргенін, шарбақ ауладағы қойлардың иіріліп қалғанын байқап, мылтықтарын  іле сала тысқа шықса, манағы қашқын қоңыр қозының маңырап ортада тұрғанын көреді. Көз ұшында қырқадан асқан көкбөріні байқайды. Осы оқиғадан кейін қанша жүрек жұтқан аңшы болса да, маңдағы тағылардың мазасын алмайтын болған деп айтылады...

Енді есін жиып алға ұмтыла бергенде, алай-дүлей боран басталып кетті. Ышқына соққан жел әп-сәтте қарды түбіттей түтіп, даланың астан-кестенін шығарды. Бірақ Назым оған аса қорқа қойған жоқ. Манағы ғажайып шиеленістен кейін біртүрлі бойына ерекше қуат пайда болды ма, шұғыл шананы қайта жегіп, тас түйін бұрқасынға қарсы аттанып кетті. Оңтүстік батыстан соққан су боран бірте-бірте күшейіп барады. Жердің жырығынан шыққан алып айдаһар ысылдап келіп қалғандай зәрені алады. Алда құтырған бұрқасыннан шошайған бір нәрсе қарауытып көріне бастады. – Бұл не?

Үй ме? – деп үміттеніп еді. Олай болмай шықты. Шошақ мола. Түсінікті. Жолдан адасқан. Енді соқыр теке ойнаудың қажеті жоқ. Осы жерден боранның артын күту керек. Ширақ қимылмен атын туарып, ішіне кіргізді. Шананы есікке көлденеңінен тұрғызып қойды. Қапшықтағы жемді аттың алдына тө-гіп, өзі де шанадағы шөпті төсеніш қылып жайғасты.

«Шошақ мола» пішімі жұмыртқа тәрізді. Қабырғасы биенің сүті мен жабағының қылын араластырып соққан шикі тас. Тастардың арасына қамыс салып қалаған. Көлемі едәуір үлкен. Ішіне 10-15 адам оп-оңай сыйып кетеді. Биіктігі 4-5 метрдей болады. Нағыз ұшар басына бор балшықты қабаттап құйған. Жаңбыр жауса, өзін-өзі ақтап тұрады. Қанша ғасыр өтсе де, сол күйінде сақталып тұр. Көшпелі қазақтар түнде айдың сәулесімен ұшар басы ағарып тұратын Шошақ молалар арқылы бағдарланған. Талай жиһанкез осындай жерде жауын-шашыннан сақтанып түнеп шыққан. Бұл моланы айтушылар көркімен перінің қызы ғана теңесе алатын арудың бейіті десе, біреулері мыңғырған малын айдаған бай көш кезінде кенеттен қаза болғасын, осы жерге қойған деп айтады. Кім болса да, тегін адам емес. Бір мезетте бес жүзге тарта жабағының құйрық жалын күзеу оңайға соқпайды. Ертеде садақа-асқа арнаған жылқыны алаңсыз бабымен семірту үшін жал-құйрығын кесіп жіберген. Ондай малға барымта-қарымта жүрмейді, ит-құс, ұры-қары тимейді деген түсінік болған...

Тұлыпқа оранған Назым тез ұйықтап кетті. Шаршағасын ба? Әлде осы жердің өзінің қасиеті бар ма? Алаңсыз тынығып қалыпты. Дала тып-тыныш. Күннің шапағы күлімдеп тұр. Құртпен оразасын ашып, жолға шықты. Қаракемер  бастауыш мектебіндегі Нағима апай ауырған балаларды шеткі үйде оқшаулап ұстап отыр екен. Тез таралатын ауру алты балаға жұғып үлгеріпті. Әсіресе, емшектегі сәбидің халі нашар екен. Оған анасының сүтін қасықпен ішкізді. Екі баланың көзі қызарып кеткен. Ауыздың ішкі шырышты қабығында ақ дақтар бар. Қатты қызулары көтеріліп, әбден әлсіреп қалған екен. Ешкінің сүтіне сары май қостырып бергізді. Жас семіз тоқты сойғызып, сорпасын ішкізді. Төрт күннен кейін балалардың үстіне бөртпелер шыға бастады. Ол жақсы белгі. Жастан жаңа асқан сәбидің жағдайы көп өзгермеді. Тамағы ісіп кеткендіктен, өте ауыр тыныстайды. Суға йод тамызып та, тұз қосып та, фурациллинмен де шайып көрді. Нәтиже жоқ. Жұмағыз әже табаққа су құйып, ақ шүберекпен терезені, тұтқаны, табалдырықты сүртті де қайта суға салды. Ернін қыбырлатып дұға оқыды. Шүберекті сығып, баланың маңдайын, алақанын, кеудесі мен арқасын, табанын сүртіп алды да жанып тұрған отқа лақтырды. Терезе мен есікке қызыл мата жап-қызып, өзгеше дәстүрлі ем жасады...

Бәрі белгілі. Балаға витамин жетіспейді. Қобдишасында ондай нәрсе жоқ. Терезенің алдында тұрған раушан гүлі мен алоэге көзі түсті. Дереу гүлді ұнтақтап қай-натып тұнба жасады. Алоэге бал қосып, шырын дайындады. Күніне төрт рет тұнбамен тамағын шайып, қасықпен шырын ішкізді. Бір жетіден кейін баланың қызуы түсіп, тыныштала бастады. Жұмағыз әже қуанғаннан Назымды кеудесіне қысып:

– Айналайын, сен тегін қыз емессің. Табанды екенсің. Менің үмітім үзіле бастап еді. Баланы қара қызылшадан арашалап қалдың. Қыраттағы Раушан гүлім, аман бол! Өркенің өссін! Бағың өрлесін! – деп батасын берді.

Далада көктемнің алғашқы шуақты күндері басталған еді. Мағзом ата атты әбден бабына келтіріп қойған екен. Аяғының бас-қаны білінбей ұшып келе жатыр. Ауылға жақындағанда күл төбенің басында қарайлап тұрған адамды көрді. Ләтипа апасы екенін бірден таныды. Етегіне сүрініп төмен қарай жүгірем дегенде, күртік қарға оңбай құлап, бірнеше мәрте домалап түсті. Шанадан түсе қарсы жүгірді. Екпінімен «Апа!» деп құшағына кіріп кетті.

– Амансың ба, кішкентай ботақаным! Тентек қозым! – деп, Ләтипа ана да егіліп жылап алды...

Қаршадай қыздың ерлігі мен тапқырлығына ауыл адамдары дән разы. Үлкендер менің қызым, қарындасым, елдің баласы деп қадірлейтін болды. Кішілер үлгі тұтты. Құшағы ыстық елдің шексіз махаббатына бөленген Назым арман қанатында шабыттанып, талай биік белестерді бағындырды. Алматы қаласындағы орталық аурухананың бас дәрігері қызметіне дейін көтерілді. Ләтипа апасы жиен немерелерімен елге қыдырып келіп тұрды. Аналарыңның табаны тиген жер.

Ұшқан ұясы. Қуат берген құнарлы топырағы деп жерге аунатып алатын. Назым түсінде үнемі қыраттағы гүлдерді көретін. Ауылдың ап-пақ құрты мен тары көжесін аңсап, ақжарқын адамдарын сағынышпен еске алатын...

Мәулен  Салахаден,

Қаратөбе  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале