21.01.2021, 15:22
Оқылды: 273

Қыздар хақында...

Адамзат өмірінде ана туралы, әйелдер және қыздар жайлы  ғажайып сөздердің көп айтылғаны сонша, жер мен көктің арасы анаға деген шексіз махаббаттан тұратын сияқты көрінеді кейде маған.

28497B88-0931-4216-8E17-37FFE71BB801

Қызы бақытты ел – шын бақытты ел сияқты, расында... Халқымыз әйел тағдырының күрделілігіне, оның нәзік иығына түсер жауапкершілік жүгінің маңыздылығына айрықша мән берерліктей тағылымдар қалдырған.

“Қыз бала – қонақ” деп оның орнын төрден сайлау,  “Қыздың жолы жіңішке” деп аттылы кісі қыз бала алдынан шықса, жолын кеспей, тізгінін тартып, тоқтап өткізіп жіберу сияқты ырымдар көнеден қалған жөн-жосықтың біздің құлағымызға жеткен жұрнақтары ғана. Оның да сақталып жатқандары шамалы.

Қыз баладан нәзіктік күту үшін алдымен оған нәзік құрмет көрсету дәстүрін ұстанған бабаларымыз неткен дегдар, неткен сұңғыла психолог еді. Сол нәзіктіктен адам да, қоғам да, қыздарымыз да айырылып қалып жүрген жоқпыз ба? Қатыгезденіп бара жатқанымыздың  бір сыры  осында болып жүрмесін.

“Әлемді сұлулық қорғайды” деген қанатты сөз бар. Жан сұлулығы шығар...

Ұядағы тәрбиені анасыз елестету мүмкін бе? Сол ананың қыздан өсетіні бесенеден белгілі.

“Ырыс алды – қыз” деген сөзді тектен-тек  бізге қалдырмаған бұрынғының дуалы ауыздары.

Жә, қазіргі зырылдаған өмір ырғағында  пәлсәпа соғып отыруға  уақыт жоқ. Бүгінге оралайық.

Қыздарымыз ибалы ма? Әйел-аналар бақытты ма бүгін?  Жүздері шат, көңілдері орнында ма? Болмаса, неге? Осы сұрақ әр-қайсысымыздың ойымызда жүруге тиісті, меніңше.

Ал жауабы әрқилы. Қанша адам болса, сонша тағдыр...

Ұрпақ тәрбиесімен біраз жыл шұғылданған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, қыз баланың кішкентай кездерінен-ақ болмыстары бөлек. Сезімтал, жараланғыш, сонымен бірге тәкаппар, қайсарлықтары да бар әдемі  жаратылыс. Бірде “Үміт” гимназиясында қыздар жиналысы өтіп жатты. Кіл қыздар (ең үлкен “қыз” – мен).

Жаттанды дәріс оқу жосығымызда жоқ. Әңгімелесу, ой бөлісу, өмірде, өз арамызда, жанұяларда болып қалып жататын алуан түрлі жағдайларды ортаға тастап, оны талдау  сияқты  тәсілдермен  жұмыс жалғасып жатты.

Кенет, бір қыз қол көтеріп, сұрақ қойды маған. “Сіз ұлдарға қарағанда қыздарға қаталырақ қарайтын сияқтысыз. 3 алған қыздарды  оқудан шығарып жібересіз, ал сол бағаны алған ұлға  түзетуге уақыт беріп,  алып қалуға тырысасыз. Жақсы көрмейсіз бе біздерді? “Жаулықтының намысы бір” дейтіні қайда?”.

Жаны бар сұрақ түссе, жаны енетін өңкей “жетібастар” ғой. Жүздері лап етіп, маған қарай қалды бәрі. Мұғалімдердің кейбіреулері қызық көріп, шыдай алмай күліп те жіберіп жатыр.

Не деу керек? Баладан ештеңе жасыра алмайсың. Ұлдарды қамшылап, “иттей болып”, қуып жүріп оқытып шығаратыным да рас. Олар жалқаулау келеді әдетте қыздарға қарағанда. “Екі қолға бір күрек, еркек бала  күнін көрер. Қызды оқытайын, таза жерде жұмыс істесе де...” дейтін пікір құлақтарына сіңіп қалған ба, әлде “кодтары” солай ма, білмеймін.

Сонымен, не деп жауап бергенімді айтайын сол жерде.

“Әрине, сендермен намысым бір! Озғандарыңды, тәрбиелі, ибалы болғандарыңды қалап тұрамын. Бақытты болғандарыңды одан да артық қалаймын. Сондықтан да бір-бір қыздың бақытын ашатын, шаңырақты берік ұстай алатын қамқор әке, ауыл-аймағына, еліне пайдасын тигізер еркек болып өссін деп ұлдарды сүйрелейтінім сол. Ал енді айтыңдар, кімді артығырақ жақсы көреді екем?” деп өздеріне қайтардым сұрақты.

Әңгіме қызу жалғасты.

“Теңін табу”, “Азамат қандай болу керек?”, ” Қыз мұраты”, “Әйел бақыты” деген әңгімелер де қозғалып кетті арасында. Ана-ларының, әжелерінің өмірлерінен үзік сырлар, оқиғалар айтылды.

Кіп-кішкентай қыздардың тереңдіктері мен ойлылықтарына қайран қалдым. Олар мені, менің өздерін ұлдардан да артық көретінімді түсініп, іштей одақтаса, мәз болып тарап бара жатты.

“Қызға қырық үйден тыйым” деген сөз тек қыз балаға емес, қоғамға қарата айтылған деп қабылдаймын өз басым. Қыздарымыздың жақсы адам болып қалыптасуына, мейірімге де шомып,  талап пен тәртіпті де сезініп өсуіне, бір сөзбен айтқанда, бақытына  сіз де, біз де жауаптымыз.

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» бетінің қоғамдық редакторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале