5.01.2018, 13:43
Оқылды: 85

Қызыл бұзаудың дауы «қызып» барады...

«Орал өңірі» газетінің редакциясына Жалпақтал ауылының тұрғыны, «Еркін» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрадым Шоқпанов келіп, ауылының аумағында орын алған бір оқиға жөнінде баяндайды. Бұл оқиғаға өзінің баласы Еркіннің қатысы бар екенін айтып, ұлының ауылдағы полиция қызметкерлерінен жәбір көргенін жеткізеді. Тіпті, тәртіп сақшылары Еркіннің ауылда еркін жүруіне кедергі келтіріп, ол жергілікті колледждегі оқуына бара алмай отырған көрінеді... Мұрадым Шоқпановтың осынау шағым хатын қолына алған газет тілшісі Жалпақталға барып қайтты.

 «Полиция ұры деп жала жауып отыр»

– Былтырғы тамыз айында Қаз­бек Айсабек, Армат Телжан және мен «ВАЗ 2114» маркалы ­көлікпен Жаңақаладағы ағама ба­­­рып, аутокөліктің қосалқы бөл­­­ше­­гін алып келе жатқан болатын­­­быз. Қараңғы түскен шақ. Жаңақа­­ла ауданының Жаңажол ауыл­дық округіне қарасты Теңдік елді мекенінің маңынан өткен кез­де жолдың бойында жатқан, туыл­ға­­нына шамамен 2-3 күн болған бұ­зауды көрдік. Қазбек «мына бұзауды салып алайық, бәрібір өліп қалады ғой» дегесін, көлікті тоқ­тат­тық. Сыртқа шығып, айналаны қарадық, ешбір жан да, мал да жоқ. Үшеулеп бұзауды аутокөлік­тің артына салдық. Жалпақталға кел­гесін Қазбек «бұзауды мен алайын» дегесін, біз қарсы болған жоқпыз. Бұзауды Қазбектің үйі­не түсіріп кеттік. Артынан ол бұл бұ­заудың қасына өзінің бір бұ­­зауын қосып, ауылдағы Асқар деген кісінің «ВАЗ-2107» көлігін алды. Асқар алғашында Жалпақтал по­ли­ция бөлімінің учаскелік инспекторы Естөре Құрманғазиевтің ­көлік сататынын естіп, бұл бұ­зау­ларды оның көлігіне алмастырып алмақшы болады. Соңы­нан ауыл тұрғыны Руслан Батыровтың «ВАЗ-2107» көлігіне ауысты­ра­ды. Артынан Естөре Құрман­ға­зиев Асқардан бұзауларды қай­­дан ал­ғанын сұрағанда ол Қазбек бергенін айтқан. Сосын Қазбекпен сөйлескенде ол бір бұзауды да­ладан тауып алғанымызды жет­кіз­ген. Сөйтіп полиция бізге шықты.

Полиция бөліміне барған бойда бізге бас салып, «сендер бұзау ұрлағансыңдар» деп кінә тақты. Үшеумізді үш бөлмеде тергеді. Мен бұзауды ұрламағанымызды, даладан тауып алғанымызды айттым. Сөйтіп үстімізден іс қозға­ды. Артынан Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы Сағат Ғаб­басов «бір қой, не баспақ бер, сен­дер­де бар ғой, сосын істі жабамыз» деді. Мен ештеңе бермейтінімді айт­­тым. Ал қасымдағы екі жол­дас жігіт полиция қызметкерлері сұ­ра­ған қой мен ақшаны берген соң олар­ды босатып жіберді. Менен еш­те­ңе шықпағаннан кейін со­­ңым­нан түсті. Яғни былтырғы мау­­сым­да «құлын ұрлапсың» деп жала жапты. «Қайдағы құлын?» де­ге­нім­де полиция қызметкерлері күш қол­данды, яғни Естөре Құр­ман­ға­зиев мені мойнымнан қыл­ғын­дырып ұстап, Асхат Нұғманов ішімнен соғып тұрды. Егер мо­йындамасам, қамаймыз деді. Олармен салғыласқаннан пайда жоқ екенін көріп әрі қорыққан соң айтқандарына келістім. «Тағы да тауып алған не бар?» деп сұраған соң тамыз айында Армат Телжан екеуміз жолдың бойынан көлік көтергіш (домкрат), темір арқан (трос), ұялы телефон тауып алдық дедім. Осылайша маған қатысты үш іс ашты.

Содан Сағат Ғаббасов бір нәр­селерді өзі жазды да, мына жерге қол қой деген жерлеріне қо­лым­ды қойдым.  Сөйтіп бес күн бойы мені полиция бөлімінде заңсыз ұс­та­ды. Тек түсте және кешке үйге жі­бе­ріп тұрды.

Артынан әкем келіп, аудандық прокуратураға алып барды. Сол кездегі аудан прокуроры Д. Ме­детбековтің атына Жалпақтал полиция бөлімінің қызметкерлері С. Ғаббасов, Р. Ғайнеденов, А. Нұғ­манов, Е. Құрманғазиевтің мені кінәлап, малдарды, заттар­ды ұр­лады деп жала жауып, заңсыз әре­кет­тер жасағанын, ұрып-соқ­қан­дарын айтып, оларды қылмыс­тық жауапкершілікке тартуды сұрап, арыз жаздым. Содан кейін тыныш­талды ғой. Тынышталды дегенде толық тынышталған жоқ, ауылға барсам, олар артымнан бағып жү­реді. Көшеде жүргізбеген соң са­баққа бара алмай, қырда жүрмін, – дейді Еркін Мұрадымұлы газет тілшісіне.

Еркінмен бұл оқи­ғаға да бірге тап болған Армат Телжанның айтуынша, полиция қызметкері Руслан Ғайнединов «сендер бұзау ұр­ладыңдар» деп айып тағып, одан 10 мың теңге ақша сұрапты. Артынан полиция бөлімінің басшысы Сағат Ғаббасовпен кездескенде ол бір қой бер деген. Сонда бұл іске қатыстырмайтынын айтқан. Осылайша ол Р. Ғайнединовке жур­налдың ішіне салып, 10 мың теңге берген. Ал Қазбек Айсабек екеуі бір-бір қойдан Еркіннің УАЗ көлігіне салып, С.Ғаббасовтың көршісі Зұлқарнай Мұхамбе­­тов­тың үйіне апарып тастапты. Со­­дан ке­йін полиция оны мазаламапты.

 

 «Еркінге қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды»

Жалпақтал полиция бөлімі­нің бастығы, поли­ция подполков­нигі Сағат Ғабба­сов Еркін Төлеп аудандық прокуратураға біздің үстімізден арыз түсірді дейді. Онда «жала жапты, яғни полиция бөлімінің қыз­мет­керлері ұрып-соғып, күш көр­­сету арқылы жасамаған қылмыс­тарды жасадың деп мойындатты, тергеуші ақша, Жалпақтал по­ли­ция бөлімінің басшысы екі қой алды» деп мені және төрт қыз­мет­­керімді қаралаған. Бұл туралы ма­ған аудан прокурорының өзі хабарласып, тексеру жүргізілетінін айтты. Тексерістен соң жинақтал­ған мәліметтерді аудандық про­куратура БҚО ІІД өзіндік қауіпсіз­дік басқармасына жолдады. Со­­­ған байланысты ішкі істер департа­ментіне барып, пара алмағанымызды, ұрып-соқпағанымызды ай­тып, жауабымызды бердік. Одан бөлек бізге қатысты Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ұлт­­тық бюросының БҚО бойынша департаменті де тексеру шараларын жүргізді. Осы тексеру ке­зінде біздегі учаскелік полиция қызметкері Е. Құрмағазиев маған хабарласып, оған ауыл тұрғыны Мержан Әбілхайыров деген азамат келіп, Шоқпановтар өзінің мазасын алып жүргендерін айтқан. Яғни «финполдың тергеушісіне полицияға қарсы мәлімдеме жа­са, саған ақша береміз» деп айт­­қа­­нын жеткізді. Мұны сол бойда ауылға келіп, тергеу жүргізіп жат­қан ұлттық бюроның қызмет­керіне айттым. Бірақ тергеуші одан жа­уап алмаған соң мен БҚО ІІД өзін­дік қауіпсіздік басқармасы басшысына шығып, жағдайды ба­ян­­­дадым. Ол кісі учаскелік полицияның рапортын алып, тексеру әре­ке­тін жүргізіңдер деді. Көп кешікпей М. Әбілхайыровты ша­қырып алып сұрағанымда ол растады. Аудан прокурорына шы­ғып бұл бағытта не істейміз дегенім­де, қылмыстық іс қозғау ке­рек­ті­гін айтты. Осылайша ауыр қылмыс жасады деп айыптау
үшін куәні сатып алу дерегі бо­йын­ша биыл­ғы 16 қарашада Мұ­радым Шоқ­па­нов пен баласы Еркін Тө­лептің үс­тінен ҚК 422-бабының 4-бөлімі бойынша іс қозғадық.

 

Ертең газеттен оқитындарыңыз

Мақала авторы Сәкен Әбілқалықов Жаңақала ауданының Қушы­ға­нақ елді мекеніндегі бұзауын жоғалтқан шаруа қожалығына да ба­рып қайт­ты. Шаруашылықтың малы 2013 жылдан бас­тап жоғала берген. Сол жылы 7 бас, 2015 жылы 25 бас жоғалып, тек біреуі табылған, қалғаны жоқ. Былтырғы шілдеде бұзаулы сиыр мен құнажын, тамызда бір еркек, бір ұрғашы бұзау із-түзсіз кеткен. Жалпақталдан табылған бұзауын бірден та­ни­ды. «Құдайға шүкір, 200 бастан астам ірі қара малым тұр, екі бас бұзау­ға қарап тұрған жоқпын. Ал Мұ­ра­дым «бұл бұзаулар сенікі емес, сен өтірік айтып отырсың» деп мені кінәлайды. Егер тексерту қажет болса, ДНК бойынша анықтап, ақ-қарасына жетуге болады ғой» дейді шаруа.

Сонымен, құлын мен бұзау ұрлықтарына қатысты қыл­мыстық құрам анықталды ма? Көлік­тегі заттарды жымқыруға байланысты іс не болды? Көлікке ауыс-түйіске түскен екі бұзаудың бірі қайда? Қазір қай іс бойынша тергеу амалдары жүруде? Зардап ше­гу­ші жақ қаулы заңды күшіне ен­ген жағдайда қайта арыз бе­ру­­ді ойласа, Жалпақтал по­ли­­ция бөлімінің қызметкерлері өз­­деріне келтірілген моральдық шы­ғынның есесін қайтаруға ниетті. Ал полицейлердің іс-әрекетіне қатысты БҚО прокуратурасы мен Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті не дейді? Оқиғаға қатысы бар Қазбек Айсабек редакцияға неге келмей жүр?

Мақала авторы журналистік зерттеу кезінде аталмыш оқиғаға тікелей не жа­на­ма қатысы бар, бұл жайтқа байланысты ой-пікірін білдірген 20 шақты адаммен жолыққан. Олардың бәрінің айтқандары газет бетіне сыймаса да, оқиғаға тікелей қатысы бар жандар қамты­лған. «Орал өңірі» газетінің ертеңгі, 6 қаңтар күнгі №2 (20566) санынан Сәкен Әбілхалықовтың «Қызыл бұзаудың дауы «қызып» барады...» мақаласын оқыңыздар.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале