30.03.2018, 18:50
Оқылды: 63

Қызыл су қаупі тұрақты бақылауда

9Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық су тасқынына қарсы штабтың кезекті отырысы өтті.

Жиында қала әкімі Мұрат Мұқаевтың облыс орталығы Оралдағы су тасқынына қарсы атқарылған шаралар жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, қаладағы коммуналдық қызмет орындары екі аусымда жұмыс істеуде. Қар шығару, су сору жұмыстарына 100 техника  және 375 адам тартылған. Облыс әкімі қаладағы қауіпті  аудандардың жайы туралы сұрап, нақтылады. Бұған М.Мұқаев су басу қаупі бар қаланың Жұлдыз, Балауса, екінші жұмысшы ауданы, ескі қала, Желысқырықтау (Свистун гора), Курени аудандарында тиісті жұмыстардың тұрақты жүргізіліп отырғанын айтты.

«Жағдай бақылауда. Қазіргі жағдайға байланысты қала тұрғындары үйлердің суға кеткені жөнінде жалған хабар береді. Коммуналдық қызметтің жұмысшылары барса, үйлерінің жанындағы немесе септиктегі суды тазалауды сұрайды. Сондықтан тұрғындардан онсыз да бір қолын екі ете алмай жүрген жұмысшылардың жұмыстарын қиындатпауды сұрар едік», - деді қала басшысы.

5Облыс басшысы қала әкіміне жеке тұрғын үй иелері кооперативтерімен жұмыстанып,  көп қабатты үйлердің маңын су баспауы үшін жұмыстану керектігін айтты. Сондай-ақ облыс әкімі М.Мұқаевқа күні кеше қалада үстіне мұз сүңгісі түсіп қайтыс болған азаматтың отбасына барып, жағдайын біліп, көмек көрсетуді тапсырды.

Жиынға онлайн режимінде қатысқан аудандардың әкімдері де су тасқынының алдын алу жұмыстары жайында баяндады.  Барлық аудандарда қар шығарылып, тиісті шаруалар жасалуда. Облыс әкімі оларға малдың жем-шөптен тарықпауын қадағалауды, шалғай ауылдардың жағдайын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар басқосуда Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рақымжанов Бисен ауылы маңындағы қызыл судың кесірінен жолдағы қиын жағдайдың жойылғанын баяндады.

Аталмыш штаб отырысында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов су құбырлары мен құдықтарға еріген қар суы құйылып, түрлі аурулардың таралуына себеп болуы ықтимал екенін алға тартты. Сондықтан ол аудан-ауылдарда, елді мекендерде су таситын көліктермен ауыз су тасуды ұйымдастыру және қар суы құылған жағдайда суқұбырларын залалсыздандыру қажеттігін ұсынды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

6 14

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале