28.08.2019, 14:57
Оқылды: 304

Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен триатлоншы Әнел Сытдықова Оралға келді

Қайтпас қажыр-қайратымен баршаны таң қалдырып, әлем бойынша таңдаулыларға ғана бағынатын Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен триатлоншы, әуесқой спортшы Әнел Сытдықова елге келді. Өңір мақтанышын «Орал» халықаралық әуежайынан ата-анасы, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев бастаған жергілікті билік өкілдері мен жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды.

анель (1)

Ұшақтан түскен бойда баспасөз құралдары өкілдеріне сұхбат берген Әнел болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.

– Тамыздың 21-і күні Ла-Манш бұғазын Англиядан Францияға қарай бағытта жүзіп өттім. 34 шақырымды құрайтын арақашықтықты бағындыруды түнгі 02.00-ден бастап, 15 сағат 15 минутта діттеген жерге жеттім. Бұл биікті бағындыру үшін төрт жылдай дайындалдым. 2016 жылғы алғашқы талпынысым және 2018 жылғы жоспарым ауа райының қолайсыздығына байланысты сәтсіз аяқталды. Айта кетерлігі, мен ең алдымен жүгірумен айналысып бастап, кейін триатлонға ауыстым. Дәл осы спорт түрінің ең ауыр әрі қиын саналатын жүзу кезеңі жаныма ерекше жаққандықтан, әуесқой жүзушілер ұйымдастыратын арнайы старттар туралы сұрастырып, оларға қатыса бастадым. Ла-Маншты бағындыру туралы ой маза бермей, басқалар жасаған іс менің де қолымнан келеді деген оймен дайындыққа шындап кірістім, - дейді жігерлі жан.

анель (3)

Әнелдің ойға алған биікті бағындырып, бұғазды жүзіп өтуіне мәскеулік бапкер Сергей Ленивкин көп еңбек сіңірген. Ол дайындаған тағы екі адам да Ла-Манш бұғазын жүзіп өту бақытына ие болған. Бұғазды бағындырудың басты қиындығы ретінде жерлесіміз су температурасының 15-16ºС деңгейінде болатындығын және мұздай суды арнайы гидрокостюмсіз жүзіп өту талап етілетіндігін атады.

«Спортшының жүзуіне тәуелсіз бақылау жүргізіп отырған қауымдастық өкілі, бапкер отырған қайыққа жақындауға болмайды, тынысты реттеу немесе тамақтану үшін кідірген әр секунд санаулы. Белгіленген межені жүзіп өтіп, жағаға шыққаннан кейін міндетті түрде түкіріктен сынама алып, допингтік бақылау жүргізеді. Спортшының қанында тыйым салынған зат табылмаған жағдайда, меже бағындырылды деп саналады. Сәл қателік кетсе, нәтиже есепке алынбай, өзіңнің тауың шағылуы мүмкін», - дейді Әнел.

анель (4)

Ла-Манш бұғазын бағындырған тұңғыш қазақ қызының мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта Америка елінде екі ұзақ шақырымдық жүзуден өтіп, үштік тәж атағын иеленгісі келеді. Ол үшін 35 шақырымды құрайтын Католина бұғазын және Манхэттен арқылы 60 шақырым шамасындағы 20 көпір бұғазын кесіп өтпек.

– Алдыңа зор мақсат қойып, сол жолда жұмыстану ешқашан кеш емес. Мен өзімді кәсіби жүзуші деп санамаймын, оның үстіне, бұл спортқа кеш келіп, барлығын нөлдік деңгейден бастадым. Бірақ бір істі ойға алсам, бар күш-жігерімді соған арнаймын. Ла-Маншты бағындырамын деп мақсат қойғалы әр күнім қатаң жоспармен өтетін. Күн сайын таңертең балаларым мектепте болған кезде сағаттап жаттығуда боламын, түстен кейін мектепке барсам, қалған уақытымды толықтай отбасыма арнадым. Шын ниет болса, сүйікті адамдарыңа да, жаның қалаған ісіңе де уақыт табасың. Англия тұрғындарының көпшілігі жүзумен ден қойып айналысады, олардың орта жасы 50-55 жас шамасында. Бір қызығы, бұл елде Ла-Маншты бірнеше мәрте кесіп өткендер көп», – деп әңгімеледі Әнел Әлібекқызы.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале