21.05.2020, 17:28
Оқылды: 408

Латифундистердің басына бұлт үйірілмек

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне байланысты селекторлық кеңес өтті. Оған қала және аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен прокуратура және БАҚ өкілдері қатысты. 

IMG-20200521-WA0133

– Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану – өзекті мәселе. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланбай жатқан жерлерге салық мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, жер телімдерін қайтармауға болатын мерзімді қысқарту, ғарыштық мониторингке көшу бойынша заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелерін қарастыруда. Жаңа заң жобасы күшіне енгеннен кейін қолымызға аталған бағыттағы жұмысты жандандыратын нақты құралдар тиеді. Облыстағы ауыл шаруашылығындағы жер көлемі – 7 миллион 40 мың гектар.  542 мың гектары – егістік алқаптары, 5 527 мың гектары – жайылым жер. Орал қаласы мен аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, пайдаланбай жатқан жерді анықтау және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу бойынша жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде 2019 жылдан бері 860 мың 300 гектар пайдаланбайтын жер анықталған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерінің 9 пайызы немесе 75 мың гектар жер алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 25,8 мың гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілді. Жергілікті атқарушы құрылымдар 650 мыңнан астам жер учаскелерін қайтару бағытында жұмыстануда. 1991 жылғы есеп бойынша, облыста 12,9 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері болған. Қалған жер учаскелері қайда? Көптеген жер телімі қорда тұрғанын анықтадық. Осы көрсеткішті қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыс жүргізудеміз, – деді жиында баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.

IMG-20200521-WA0134

Былтырғы қыркүйек және желтоқсан айларында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиындарда ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруға қатысты аудан әкімдіктеріне берілген тапсырмалардың бірқатары әлі күнге орындалмаған. Жиналыстар қорытындысы бойынша жүргізілген тексеру жұмысына сәйкес, өткен жыл соңында ескерту берілсе де, Бәйтерек ауданындағы «Насым» (1571 га) және  «Турсун и К» (2552 га) ЖШС-лары әлі күнге иелігіндегі жерді пайдаланбай отырғаны белгілі болды. Аудан әкімдіктерінің мәліметіне сүйене отырып, шаруашылығын ширатуы тиіс бірқатар агроқұрылымды атасақ, Ақжайықтағы «Октябрь» ШҚ 4 000 га, «Тілек» ШҚ 7 993 га, Теректідегі «Жақсымбетов» ШҚ 4 554 га, «Қараша Агро» ЖШС 4 699 га, Бөкей ордасындағы «Марлен» ШҚ 5850 га, Бөрлідегі «АСКО-Инвест» ЖШС 3 000 га, «Өтеген» ШҚ 2619 га, Жаңақаладағы «Аружан» мен «Айдашев Б» ШҚ-лары 10 000 га, Жәнібектегі «Равиль» ШҚ 1387 га, «Жаппас» ШҚ 410 га,Жаңақаладағы  «Аружан» мен «Асланбек» ШҚ-лары 10 000 га, «Равиль» ШҚ 1387 га, «Жаппас» ШҚ 410 га, Казталовтағы «Перспектива Кан» ЖШС 20 000 га, «Тұрар» ШҚ 3600 га, Сырымдағы «Licorice Kazakhstan» ЖШС 15 438 га, «Айбат» ШҚ 5750 га жерді игеруге құлықсыз болып отыр. Игерілмеген жер көлемі жөнінен Сырым (168,8 мың га), Ақжайық (132,7 мың га), Бөрлі (65,4) аудандары алда тұр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев Жер кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қосалқы жалдауға жол берілмейтінін қаперге салды. Жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Азамат Тілеубаев прокуратура құрылымдары тиімді пайдаланбай жатқан жер телімдерін анықтау мақсатында жұмыс жүргізіп жатқандарын айтты. Оның мәліметіне сүйенсек, былтыр аумағы 1 130 мың гектар, кадастрлық құны 9 млрд теңге 2,5 мың жер учаскесінің бос жатқаны анықталған. Прокурорлық қадағалау актілерінің қорытындысына сәйкес 108 мың гектар  құрайтын 221 учаске мемлекет меншігіне қайтарылған. Құны 3,6 млрд теңге 1 153 учаскені игеру жұмысы басталды. Жер кодексінің 94-бабына сәйкес көлемі 67 мың гектар болатын 344 учаскеге байланысты ұйғарым қабылданып, ауыртпалық салынды. Биылғы бірінші тоқсанда Бөкей ордасы, Бөрлі, Сырым, Тасқала және Бәйтерек аудандары бойынша 18 664 гектар жер қайтарылған. «Ондаған жылдар бойы топырағы тозып бос жатқан шұрайлы жер телімдері экономикалық тұрғыда пайда әкеліп жатқан жоқ. Учаске сұрап отырған шаруалардың иелігіне өткенше, жер алқабы әбден жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан жергілікті атқарушы және өкілетті құрылымдар жер телімдерін қайтарумен табанды түрде айналысуы тиіс. Әкімдер бұл мәселені бақылауына алып,түсіндіру жұмысын ширатқаны маңызды. Жер игеруге құлқы жоқ шаруа қожалықтары 10 еселенген салық пен айыппұл салынатынын ескерткенде барып, меншігіндегі учаскені өз еркімен мемлекетке қайтаратынын тәжірибе дәлелдеп отыр», – деді Азамат Тілеубаев.

IMG-20200521-WA0136Жиында сөз алған Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың айтуынша, 2019 және 2020 жылдары түгендеу жұмысы нәтижесінде шаруашылық қажетіне пайдаланылмай жатқан 132 мың гектар жер анықталған. Соның 50 мың гектары мемлекет иелігіне қайтарылған.  Қазіргі уақытта анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында 78 шаруа қожалығымен жұмыс жүргізілуде. «Ауданда жер телімдерін тиімді пайдаланбай жатқан бес шаруа қожалығы бар. Кейбір шаруа қожалықтары су көзінің болмауына байланысты бағымдағы малын жайылымға жібере алмай отыр. Осыған қатысты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Жер телімін жүйелі пайдалануға қатысты бірқатар ұсынысымызды айтқым келеді. Мәселен, ҚР Жер кодексінің 92-бабына сай шаруа қожалығы мал санының 20 пайызын жайылыммен қамтыса немесе сол жердің шөбін шауып жатса, «учаскені пайдаланып жатыр» деп есептелінеді. Осыған сүйенген қожалықтар малының 20 пайызын ғана тірейді. Осы көрсеткіш жылдар бойына өзгермейді. Шаруашылығын дамытуға бейқам қарайды. Одан бөлек «Маған тиесілі аумақтағы шөпті шауып, мал азығын дайындап жатырмын» деген уәж айтады. Егер бес-он жылда кәсібін дамытып, мал басын көбейтіп, еңбек нәтижесін көрсетпейтін болса, заң жүзінде шектеу салу керек. Жер телімін жасырын түрде қосалқы жалдауға беру әдістері көрініс табуда. Яғни бөгденің малын өз атына тіркейді де, шын мәнінде, мал иесі басқа екенін, жерін жалға беріп отырғанын мойындамай, аузын қу шөппен сүртетіндер табылады. Кодекске өзгерістер енгізіп, осындай бассыздықтарға тосқауыл қойылса екен», – деді Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

IMG-20200521-WA0135

Селекторлық  кеңесте облыс әкімі Ғали Есқалиев ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланып отырған агроқұрылымдар тізімін ашық жариялау үшін мамандарға тапсырма берді. Алдағы уақытта шұрайлы жерлерді иемденіп отырған, бірақ көзбояушылық жасап, шаруаға салғырт латифундистер әрекеті әшекере болатынын қадап айтты.

– Жер телімін қосалқы жалдауға беру заңсыз. Кейбір шаруалар «Бірлескен қызмет туралы шарт» жасасады да, сол құжатпен қосалқы жалдауға барып отырған әрекетін бүркемелейді. Біздің қолымызда жалған шарт жасасып, осындай заңсыздыққа жол беріп отырған абырой-беделімен көзге түскен ірі шаруа қожалығы иелерінің аты-жөні көрсетілген тізім бар. Сыртынан қарағанда, заң жүзінде жұмыс жасап жатқандай көрінеді. Бірақ жерін жалға беру есебінен пайда тауып отыр. Ескертуімізге  құлақ аспаса, олар туралы мәліметті жарыққа шығарамыз. Аудан әкімдері соларға түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс. Заң жүзінде жұмыс істейтінін дәлелдеген шаруа қожалықтарын тізімнен алып тастаймыз. Жерді игеру барысында елеулі кедергіге тап болып отырған, мәселен, құрал-жабдығы жетіспейтін, су көзін таба алмаған шаруаларға көмектесеміз. Алдағы уақытта салық инспекциясы мамандарына тапсырма береміз. Олар меншігіндегі жерді кәдеге асырмай отырған агроқұрылымдарға он еселенген көлемдегі салық салатын болады. Жуырда «Геоақпараттандыру» порталын іске қосамыз. Спутник арқылы агроқұрылымдар жұмысын бақылаймыз. Портал арқылы қолға түскен мәліметтерді өкілетті құрылымдарға жолдаймыз. Алдағы уақытта бақылау жұмысын күшейтуге құзырет беретін заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Бұған дейін көзбояушылық жасап отырғандардың әрекеті спутник арқылы әшкере болады. Жиында аудан әкімдері айтқан ұсыныстарды жинақтап, жер қатынастары басқармасымен бірге жұмыстанып, заңнамалық өзгерістерге қатысты мәселені Үкімет деңгейінде көтереміз, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале