10.05.2018, 15:30
Оқылды: 48

М.Әуезов атындағы театр Оралда өнер көрсетуде

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәслихаты М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының Батыс Қазақстан облысындағы гастрольдік сапарына арналды. Брифингке спикер ретінде театр директоры А.Маемиров қатысты.

Спикердің айтуынша, қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры М.Әуезов атындағы драма театры шымылдығын 1926 жылы Қызылорда қаласында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» және Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен ашқан болатын. Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, тағы басқалар атсалысты.

Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы биылғы гастрольдік сапарын Батыс Қазақстан облыстарынан бастады. Д.Темірсұлтанова, Д.Ақмолда, А. Сатыбалды сынды танымал тұлғалар бастаған өнер ұжымы И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М.Омарованың «Ақтастағы Ахико»,тағы да басқа қойылымдармен Сырым, Теректі, Зеленов аудандарында өнер көрсетті. Қазіргі таңда өнер ұжымының гастрольдік сапары Орал қаласында жалғасуда.

-Биыл театр жанындағы музейдің ашылғанына 50 жыл толады. Жарты ғасырлық тарихы бар музейге алғашқы театр әртістерінің киімдері мен фотосуреттері, афишалары, бағдарламалары, өмірден озған театр артистерінің өмірбаяндары, жеке материалдары,  қолжазбалары, алған сыйлықтары қойылған. Бұдан бөлек, музей қорында спектакльдердің түсірілген бейнетаспалары да сақтаулы. Бүгінде музей қорында 30 мыңнан астам жәдігер бар. Біз гастрольдік сапарымызда театр тарихынан сыр шертетін көшпелі көрме ұйымдастырдық. Барша облыс тұрғындарын Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының фойесінде орналасқан көрмені тамашалуға шақырамыз,-деді А.Маемиров.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале