24.05.2017, 15:17
Оқылды: 62

Мәдениет пен өнер ұлықталған күн

18718446_1347779005310107_882752051_n   Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениет – нұрлы өмір» атты мерекелік кеш өтті. 

   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, жазушы, драматург Роллан Сейсенбаев пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов  қатысты. Мерекелік кеш Қарлығаш Қадырбекованың би студиясы қойған театрланған би көрінісімен ашылып, өңір өнерпаздарының әсем әуендерімен қыза түсті.


   -Мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында рухани байлығымыз туралы бірнеше мәселе көтерген еді. Мәдени жаңғырусыз, рухани байлықсыз экономикамыз да басқа салаларымыз да ілгері баспайтыны анық. Жас ұрпақтың мәдениетті де тәрбиелі, саналы  болып өсуіне  мәдениет пен өнер майталмандарының қосар үлесі зор. Күні кеше ғана өңірімізге ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев бастаған «Қазақконцертінің» өнер ұжымы келіп «Сәлем саған, Ақжайық» атты концертін өткізді. Олардың арасындағы Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмеденова, Айжан Нұрмағанбетова секілді өнер майталмандары облысымыздың 12 ауданын аралап, 15 ән кешін өткізді. Сондай-ақ жуырда Қазақ драма театрына КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімі берілді.  Ендігі кезекте Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш музейі» ашылып, айтыс өтпекші. Сырым Датұлының 275 жылдығы да тойланатын болады.  Мұндай мерекелік шаралар өнер ұжымының қолдауынсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан мәдениет пен өнер ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, - деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

   Мерекелік кеш барысында сөз алған жазушы, драматург  Роллан Сейсенбаев Дешті Қыпшақ даласында Ақжайық өнерінің алар орны ерекше екенін атап өтіп, мәдениет пен өнер ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

   Салтанатты шарада  ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің Құрмет грамотасымен Ақжайық тарихи-өлкетану музейінің директоры Аян Жұмағалиев, ал Алғыс хатымен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дария Бақытова мен Ақсұлу Жұмалиева марапатталды. Ал  облыс әкімінің Алғыс хаты  мәдениет пен өнер саласында ерекше  орны бар  білікті мамандар  Рысбике Ибраеваға, Оксана Лавроваға, Медет Оразовқа, Асия Стародубцеваға, Нұрлыгүл Сағыноваға, Әнуарбек Балдақовқа, Гүлнәз Хамзинаға, Мая Якшаиноваға, Надежда Хрипченкоға  табысталды.

   Сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының Алғыс хатына облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлбану Қажғалиева, облыстық камералық оркестрінің әртісі Луиза Қалиева, облыстық мемлекеттік архивінің архивисі Орынбек Тасмағанбетов және Орал қалалық үрмелі-аспаптар оркестрінің әртісі Дмитрий Волгин мен облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің дыбыс режиссері Дмитрий Смелов ие болды. Сонымен қоса шара барысында  мәдениет пен өнер саласының  үздік қызметкерлері арнайы аталымдар бойынша  марапатталды.  Айта кетсек, Ж.Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Аягүл Нуфтуллина «Үздік кітапхана қызметкері», облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы Әсел Нәсіпқалиева «Үздік мұражай қызметкері»,  Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов «Ақжайықтың дауысы»,  Х. Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері Қарлыға Меденова «Үздік әдіскер»  және «Сахна саңлағы»  облыстық қазақ драма театрының әртісі Думан Омаров пен  Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Бекет Нәсенов «Үздік ұйымдастырушы» атанса, А.Н.Островский атындағы облыстық драма театрының суретшісі Максим Будаевқа «За профессиональное мастерство» аталымы бұйырды.

                                               Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале