4.07.2018, 17:47
Оқылды: 38

«Мақала шындыққа сәйкес келмейді» деген сот шешімі шықты

Бүгін Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС-ның талабы бойынша «Орал апталығы» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров пен  «Журналистская инициатива» және «Пресс-неделя» ЖШС-ларына қатысты қозғалған азаматтық іске қатысты сот шешімі шықты.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Найля Сейдахметованың мәлімдеуінше, 2018 жылдың 18 қаңтарында «Орал апталығы» басылымының uralskweek.kz сайтындағы «Народные новости» бөлімінде «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК»» мақаласы жарық көрген соң «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС сотқа шағым түсірген.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, «Нэфтек» жанар-жағар май құю бекетінен бензин құйған соң, көлігінің істен шығып қалғандығы және темір тұлпарын жөндеуге отыз мың теңге шығын жұмсағаны жөнінде сайт журналистеріне шағымданған оралдық Нұрлан Садыров есімді азамат бұл мәселені аяқсыз қалдырмауды сұраған.

Сотқа шағымданған «NEFTEK Оперейтинг» ЖШС аталмыш ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартып, оны «жалған және шағымданушының іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп тануды, мақаланы газет бетінде терістеуді, сондай-ақ, алынбай қалған пайда ретінде 2 939 032 теңге өндіріп беруді сұраған.  Оған қоса шағымданушы тарап кейін азаматтық істі тыңдау барысында «Барлық айыптау шындыққа жанаспайды» деп жалғыз сөйлеммен ғана берілген газет бетіндегі терістеудің заң талаптарына сәйкес еместігін айтқан және онымен мүлдем қанағаттанбайтындықтарын жеткізген.

-Азаматтық істі қарау барысында шағымданушы талаптарының негізделгендігі және нақты дәйектермен расталғандығы анықталды. Яғни, «Нэфтек» бекетіндегі жанар-жағармайдың сапасы туралы, мақала жарық көргеннен кейін желілердегі мұнай өнімдерін сату көрсеткішінің төмендегенін растайтын күн сайынғы сауда-саттықтың есебі және алынбай қалған пайданың сомасы белгіленген айғақтар көрсетілді. Негізі бұл құжаттарды ұсыну жауапкерге жүктеледі. Алайда, жауапкер тарапынан істі тыңдау кезінде жарияланған ақпараттың дұрыстығын, қатыстылығын және жарамдылығын дәлелдейтін бір де айғақ ұсынылмады,-дейді судья Н.Сейдахметова.

Сот шешімімен шағым қанағаттандырылды және «Некачественное топливо на АЗС «НЭФТЕК»» мақаласындағы деректер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Сонымен қатар сот жауапкерді «Орал апталығы» газеті сайтының «Народные новости» бөлімінде бұрынғы мақаланың орнына көлемі мен қарпі дәлме-дәл сәйкес келетін жоққа шығару мақаласын жариялауды міндеттеді. Оған қоса жауапкер шағымданушының есебіне 2 939 032 теңге материалдық шығынды да өтеуі тиіс.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале