11.05.2017, 11:21
Оқылды: 59

«Мақсатымыз - таңдаулы туындыларды заманауи форматта насихаттау»

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

«Елбасы рухани жаңғыру жөніндегі жалпы ұлттық идеяны жариялағанда жаңғыру үдерісі міндетті түрде елдің рухани тамырынан нәр алуы тиіс екенін атап айтқанын жақсы білесіздер. Біздің рухани тамырымыз бабадан мирас болған салтымыз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз десек, оның ішінде дәстүрлі әншілік, күйшілік және термешілік өнердің орны ерекше. Халқымыздың шежіремен бірге келе жатқан осы бірегей өнерді лайықты дәріптеу, елдік бірлік идеясын іске асырудың аса ұтымды құралы. Осыны ескере отырып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазақстан» РТРК» АҚ арқылы «Мен қазақпын» атты телевизиялық мега жобаны ұсынып отырмыз. Жобаның мақсаты – дәстүрлі әнші, күйші, термешілерімізді еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу. Таңдаулы туындыларды өскелең ұрпаққа заманауи форматта насихаттау. Өнер бәйгесіне халық композиторларының шығармаларын, халық әндерін орындайтын өнерпаздар қатысады. Олардың ішінен ең үздігі телевизиялық байқауға жолдама алады» деді ол.

Сонымен қатар, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин жобаның өңірлердегі алғашқы байқаулары 5 маусымда бастау алатынын тілге тиек етіп, жарысқа елімізден бөлек Ресей, Қытай Халық Республикасы, Моңғолия мен Алтайда тұратын қандастарымызда қатыса алатынын жеткізді.

«Өңірлердегі іріктеу жарыстары маусым айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Ал шілде айында Ресей, Қытай, Моңғолия мен Алтайда өткіземіз. Жобаның іріктеу кезеңінен түсірілген күнделіктер «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен 9-27 тамыз аралығында көрсетіле бастайды. Ал жоба эфирге толық күйінде осы жылдың  3-қыркүйегінен енеді деп күтілуде. Күнделіктерді шығаруға арнайы шығармашылық екі топ құрып отырмыз. Бір топты танымал күйші, сазгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға маманы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Халықаралық Құрманғазы атындағы байқаудың лауреаты, Республикалық «Асыл мұра» байқауының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Айбек Бекбосын жүргізетін болады. Екінші топты дәстүрлі әнші, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президент оркестірінің әншісі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Әміре Қашаубаев, Естай Беркімбаев атындағы республикалық байқаулардың лауреаты Аллажар Қайбар жүргізеді. Айта кететін тағы бір жайт, жобаға 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады» деді ол.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале