15.07.2018, 9:46
Оқылды: 71

Малик Маненің қос голы «Ақжайыққа» жеңіс әперді

IMG-20180714-WA0035Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.


Матчты жинақы өткізген Артур Авакянцтың шәкірттері екінші минутта-ақ есеп ашты. Оң қанатта алыстан пас алған Игорь Худобяк ала допты Азат Ерсәлімовке жылжытты. Азат айып алаңына асырған допты "Ақжайықтың" сұрмергені, сенегалдық Малик Мане баспен дәл ұрды. Бұдан кейін қонақтар да алға ұмтылып бақты.

Ойын барысында «Ақжайық» сапында екінші кездесуін өткізген Латвия құрамасының мүшесі Артур Карашаусксқа дәлдік жетіспеді. Малик Мане де бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен 70-ші минутта Иван Антиповтың пасынан кейін Малик Мане ортаға қарай ойысып, айып алаңына кірместен, шірене тепті. Қақпа жақтауына тиіп, ішке енген доп торда тулап жатты. Бұл Маненің биылғы біріншіліктегі жетінші голы еді.

Сөйтіп, қарсыласын тізе бүктірген оралдықтар турнир кестесінде әзірге төртінші орынға көтерілді. «Ақжайық» келесі кездесуін 21 шілде күні Атырауда көш соңында келе жатқан «Атырау» командасымен өткізеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр Нұраш

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале