1.04.2020, 21:56
Оқылды: 147

Мәлімдемеде маңызды мәселелерге мән берілді

Еліміз бүгінгі күні күрделі жағдайды бастан кешіп жатқаны жасырын емес. Әсіресе, өз нәпақасын өздері тауып жүрген жеке кәсіп иелеріне тіптен қиын болды. Осындай сындарлы сәттен сүрінбей өту үшін тек ауызбіршілік пен төзімділік қажет екенін де ел-жұрт жақсы біледі. Ал, Мемлекет басшысының күні кешегі мәлімдемесі ауыл тұрғындарына үлкен күш-жігер бергендей болды. Қайсыбірін айтайық, онда көптің көкейінде жүрген біраз жайлар қамтылған. Әрине, шалғай өңірде шаруа баққан менің жерлестерім үшін алдымен ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін көмектер маңызды. Сондай-ақ, онда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты да жағымды жаңалықтар аз емес. Мұның бәрі қарапайым халыққа айырықша қамқорлық емей немене?!

Мәлімдемеде түрлі әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар да өсетіндігі айтылды. Көпті көрген көнекөз қарияларымыздың қуанышы тағы бар. Олардың зейнетақылары он пайызға көбеймек. Жалпы еліміздегі қазіргі қиын-қыстау кезеңнен сүрінбей өтудің тиімді жолдары іздестіріліп, қолдан келген қолдау-көмек көрсетіле бастағанына жұрт куә. Ендігі жерде үлкен-кішіміз күш біріктіріп, егемен еліміздің ертеңі үшін жан аямай еңбек ете білуіміз керек. Президентіміздің өз сөзімен айтқанда: "Біз- рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін".

Бұл ретте, өзім туып-өскен қасиетті Орда топырағының азаматтары ортақ істен сырт қалмайтынына бек сенімдімін. Мен өзім біраз жылдан Орда ауылында балабақша меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін. Ондағы айтпағым, жерлестерімнің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі маған етене таныс. Олардың кейбірі әлгінде айтқан әлеуметтік көмекке зәру. Халқымыздың осындай топтары үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгені де мәлімдемеде нақты айтылды. Әрі табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілгелі отыр.

Ендеше, біз енді жұмыла көтерген жүк болатынын нақты ісімізбен дәлелдей білуіміз керек. Бұл қиындықтар да күні ертең артта қалып, ел еңсесі қайта тіктелеріне біз сенімдіміз. Тек ел жүгін көтерген ерлеріміз аман болсын.

Аягөз Түсіпқалиева,

Бөкей ордасы аудандық мәслихатының депутаты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале