18.01.2019, 15:43
Оқылды: 62

Мәнерлеп сырғанауға қашан мән береміз?

Отанымыз тәуелсіздік алғалы білім, ғылым, өнер, спорт саласындағы жеткен жетістіктеріміз аз емес. Дегенмен спортта жазғы олимпиадалық ойындарға қарағанда, қысқы спорт түрлерінен өтетін сайыстарда биік шыңды бағындырған сайыпқырандарымыз санаулы-ақ. Ақ Жайық өңірінде жастарға, балаларға қысқы спорт түрлерімен айналысуға барынша жағдай жасалған. Бірақ сол спорт түрлеріне неге екені белгісіз, ұл-қыздарымыз көп құлшына бермейді. Жақында Оралдағы мұзайдынды спорт сарайына бас сұғып, ондағы мәнерлеп сырғанау спортына баулу жұмыстарымен танысқанбыз.

syrganau

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес 2018 жылдың қазан айынан бастап кәсіпорын атауы «Қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі» МКҚК болып өзгертілген-ді. Аталмыш мектеп директорының оқу-спорт ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Васильеваның айтуынша, бұл спорт кешені жаңа технология бойынша жабдықталған. Көлемі 60х30 метрлік мұзайдын, 1300 көрерменге лайықталған трибуналар, киім ауыстыру бөлмесі, жуынуға  арналған орын және бейнебақылау камералары орнатылған. Қысқы спорт түрлерінен шайбалы хоккей, допты хоккей, шорт-трек, конькимен мәнерлеп сырғанау, шаңғымен жарысу спорт түрлері бойынша  бақандай бес бөлім жұмыс істейді. 2018 жылдың  басында спортпен айналысатын балалар саны 534 спортшыны құрап, оқу топтарының жалпы саны 51-ге жеткен.

Бұл ғимаратта бір уақытта 120 балаға спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың да келуіне жол ашық. Қысқы спорт мектебінде тәлім алу 4-5 жастағы балаларға ақылы, қалған топтардағы ұл-қызға  тегін. Бірақ бір ескеретіні, балаларды спорттық киіммен ата-аналары қамтамасыз етеді.

Сырт көзге қысқы спорт түрлері бір-біріне жақындау болғанымен, әрқайсысына өзіндік ерекшелік тән.

Соның ішінде Қазақстанда кенжелеп тұрғаны мәнерлеп сырғанау екендігі жасырын емес. Осы спорт кешеніндегі мәнерлеп сырғанаудан бас бапкер болып еңбек ететін Иван Солодовщиковтың айтуынша, мәнерлеп сырғанау – өте қиын спорт түрі.

– Бұл өзі – еңбектенуді, төзімділікті қажет ететін кірпияз өнер. Асылы, балалардың бұл спортқа 4-5 жасынан келгені дұрыс. Себебі, баланың сүйегі қатаймай тұрып, мәнерлеп сырғанаудың қиын элементтерін үйрене алады. Тек мұзда сырғанаумен  емес, екі сағат жаттығудың бір сағатында хореографиямен айналысады. Өйткені, бұл спорт түрі өнермен ұштастырылған, әуенге сай қимылдап, билеу керек. Мәнерлеп сырғанау ұл-қызыңызға нендей жақсылық береді десек, ол жылдамдыққа, ептілікке, дене бітімінің сымбатты болуына көмектеседі. Осындай керемет спорт түрінің Қазақстанда кенжелеп тұрғаны өкінішті. Еліміздің көптеген қаласында жаңа технологиялық жабдықтармен қамтылған қысқы спорт түрлерімен айналысуға арналған арнайы мектептер жоқтың қасы. Дегенмен оралдық спорт сарайында даму, ілгерілеу жоқ деп айта алмаймыз. Өткен жылы Алматы қаласында өткен ХV халықаралық «Күзгі жарыс» қорытындысында үш алтын, төрт күміс, екі қола жүлдемен оралдық. Тек біздің қысқы спорт сарайында емес, Қазақстан бойынша мәнерлеп сырғанау спорты енді ғана дамудың даңғыл жолына түсіп келеді, – дейді Иван Солодовщиков.

Орал қаласының тұрғыны Жангүл Құлқашеваның екі перзенті де қысқы спорт түрлерімен шұғылданады. Ол жалпы спорттың балалар үшін пайдалы жағы көптігін айтады.

– Үш жасар қызым телефонға әуестене бастады.

Оның көңілін басқа пайдалы нәрсеге аударуым қажет болды. Сондықтан оны мәнерлеп сырғанаумен айналыссын деп қысқы спорт мектебіне бердік. Онда спортпен айналысу даярлық тобындағы тәрбиеленушілерге ғана ақылы, айына 4500 теңге. Өзі де осы спортты қатты жақсы көріп кетті, жаңа достар таба бастады. Ал тоғыз жастағы қызымды шорт-трекпен шұғылдануға бердік. Өйткені, мектеп сөмкелері  ауыр, арқасы, белі ауыра бастаған еді. Қазіргі ғаламтор заманыңда баланы ұялы телефоннан алшақтатудың бір тәсілі ұл-қызымызды спортқа баулу деп ойлаймын, – деді Жангүл Құлқашева.

Он екі жасар мәнерлеп сырғанаушы Айкүміс Үбітаева – қазірдің өзінде бірнеше  жарыстың жеңімпазы. Ол мәнерлеп сырғанаумен 5 жасынан бастап айналысады.

– Алғаш мұз сарайға қолымнан жетектеп, әжем мен әкем әкелген болатын. Бұл спорт өзге спорт түрлеріне қарағанда өте ерекше көрінді. Бастапқы кезде тіпті мұз үстінде тұрудың өзі қиын болатын. Еңбектеніп, тер төккеннің арқасында қазіргі кезде көптеген биік белесті бағындырудамын, – деді бізбен әңгімесінде Айкүміс.

Айкүмістің мұз үстінде өнер көрсетіп жүргеніне биыл жеті жыл толды. Оның әзірше ең ірі жеңісі Алматыда өткен Қазақстан біріншілігінде 17 спортшы арасынан суырылып шығып, үздік үштікті түйіндеген кезі. Қазір балауса спортшы биылғы жылдың көктемінде Алматыда өтетін жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігіне дайындалуда. Болашақта мәнерлеп сырғанаудан олимпиада алтынын мойнына таққысы келеді.

Әрине, еліміз мәнерлеп сырғанау спортынан кенже қалып отырғанымен, алдағы уақытта байрақты бәсекеде Қазақстанның туын желбіретер жастардың шығатыны сөзсіз. Сондықтан ұл-қызыңызды бос жүргізбей, қысқы спорт мектебіне апарып, бір спорт түрімен айналысуға берсеңіз, еш өкінбейсіз!

Нұрғали Ермекқали,

Ж. Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық  колледждің  студенті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале