10.07.2017, 11:06
Оқылды: 22

Марафоншы Мақсот ағай

Темірболат-Құбашұлы-және-марафоншы-Мақсот-Кенжегерей-Мақсот2-350x233Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен Теміртау зауытында бірге жұмыс жасаған, бүгінде Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы болып қызмет ететін, осы білім ордасының доценті, жасы 80-ге таяған Темірболат Құбашев әріптесі Мақсот Кенжегереймен бірге редакциямызға аяқтай келді.

Аталмыш университеттегі дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы, сырт көзге жігіт ағасы жасына енді ғана іліккендей көрінетін Мақсот ағамыз биыл алпыстың жетеуіне толған. Ол осы жылдың 24 сәуірінде Ресейдің Саратов қаласында өткен, жүзден аса үміткер қатысқан жартылай марафон сайысында 21,1 шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, үшінші орынға ие болыпты.

— Облысымызда Мақсоттай марафоншының барын көпшілік біле бермейді. Ал Мақсот ағаларыңның өзі болса, жарнамалағанды жаны сүймейді. Мен Мақсотты жасымның үлкендігіне салып, оның қаламағанына қарамай, қолқалап, сендердің алдарыңа әдейі әкелдім. Жерлестеріміз жетпіске аяқ басқан спортшының салауатты өмір салтын ұстанудағы табандылығын газеттен оқып білсе екен, үлгі алса екен деймін. Менің редакцияға келгендегі бар шаруам – осы, — деді бізге Темірболат Құбашұлы.

Мақсот Қажыгерейұлы жүгірумен айналысуды жас кезінен бастап қолға алған екен.

— Үнемі жүгірумен айналысудағы басты мақсатым – денсаулықты сақтау. Бірде арқамнан суық өткізіп алып, бүгіле алмай жүрдім. Ол уақытта жаспын, спортзалға барып, баскетбол, футбол ойнайтынбыз. Көбірек қимылдап, терлеген кезде денемнің икемге келе бастайтынын аңғардым. Содан бастап тұрақты түрде жүгіруді қолға алдым. Бүгінгі таңда қысы-жазы үзбей, қаламыздағы мәдениет және демалыс саябағында жүгіріп жаттығамын. Сәуір айында Саратовта өткен марафон туралы  ғаламтор арқылы алдын ала хабарланып, қатысуға өтініш жіберген болатынмын. Дайындықты ақпан айынан бастадым. Сол аралықта екі аяғымнан бірдей жарақат алып, жаттығуды бір айдай үзуіме тура келді. Негізі спортшы марафонға даярланғанда, бір айдың ішінде кем дегенде 250-300 шақырым жүгіруі керек. Ал мен даярлық кезінде 200 шақырымдай қашықтықты ғана бағындырдым. Сайыста межелі қашықтықты 1 сағат 49 минутта жүгіріп өттім, — дейді ол.

Мақсот ағай 60 жасында 18-35 жас аралығындағы спортшылармен бірге Шымкент қаласында өткен жартылай марафонға қатысқан. Оған осыдан екі жыл бұрын Таиландта өткен марафонда жүгірудің де сәті түсіпті.

— 2015 жылы наурыз айында балам екеуміз Таиландқа демалуға бардық. Сонда бір жерлесімізден жартылай марафонға жүгіру ұйымдастырылып жатқанын кездейсоқ естіп қалдым. Марафонға қатысып, естелік сыйлықтармен марапатталдым, — дейді марафоншы.

Кейіпкеріміз 2013 жылы, 63 жасқа толар шағында мәшинеге қағылып, иығы, қабырғасы, тізесі – үш жерден сынып, аяғын мүлде баса алмай қалады.

— Дәрігерлер «аяғың сау» деп дұрыс қарамады. Ақыры іріңдеуге айналған соң, қазақы емге бардым. «Балам-ау, аяғың іріңдеп кетуге қалыпты ғой» деді емші апай мені көрген бойда. Емшіге алғаш барғанымда-ақ, аяғымды бастым. Он бірінші күн дегенде өздігімнен жүре алатын халге жеттім. Бір айдан кейін жүгіріп кеттім, — дейді спортшы.

Мақсот Қажыгерейұлы спорт факультетіне оқуға түспес бұрын құрылыс саласында жұмыс жасаған. Ол салада да айтулы жетістіктерге жетіп, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленген. Бүгінгі таңда ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 9 шілде күні өтетін XXVIII халықаралық толық марафонға қатысуға, яғни 42 км 195 метр қашықтықты жүгіріп өтуге дайындалу үстінде.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале