21.06.2017, 11:43
Оқылды: 22

Масаны қайта улауға қаражат бөлінбеген

Screenshot_2017-06-21-03-28-32-1«Оралда жауын-шашын көбейді. Біз дәрінің көлемін қаншалықты көбейтіп улағанымызбен жауған жаңбыр барлығын шайып кетеді. Ал ол жерді қайта улауға қаражат бөлінбеген»,-дейді «Дезинфекция» облыстық бірлестігі» жеке медициналық орталығының директоры Мұрат Танкеев.


Бұл жайлы ҚР Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалы алаңында масаларды дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын талқылаған баспасөз отырысында айтылды. Шараға облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Серікқали Қанапин де қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Мамандар қала аумағында дезинсекциялық өңдеу шараларын өткізу үшін республикалық бюджеттен 48 901,00 мың теңге бөлінгенін мәлімдеді.

–Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тапсырыс беруші ретінде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақтылы өткізді. Нәтижесінде «Дезинфекция» жеке медициналық орталығы 23 600,00 мың теңге көлемінде қызмет көрсетуші ретінде бекітілді. Ал қалған қаражат үнемделіп, үкіметке қайтарылуы тиіс. Осылайша екі кезеңге бөлінген масамен күресу шаралары басталды. Алғашқы кезеңнің жұмыстары масаның дернәсілдерін улауға негізделген болатын. Ол 16-сәуірде басталып, мамыр айының ортасына дейін созылды. Дернәсілдерді улау үшін вектобак биологиялық ларвицид дәрісі аспалы субүріккіш арқылы қолданылды. Аталмыш дәрі өсімдіктер мен жануарларға зиян келтірмейді. Негізінен өзен-көлдердің су тасқыны болған аймақ, тайыз су тоғандары, қысқы қар суы жиналған жерлер және этномологиялық белгілері бар Серебряково, Круглоозерное, Комитерн, Желавево ауылдары – барлығы 600 гектар жер аумағы қамтылды.

Ал мамыр айының ортасында басталған екінші кезеңде барлығы 6000 гектар аумақты улау жоспарланды. Шыбын-шіркейлер мен қанатты масаларға қарсы жұмыстар арнайы техникамен жүзеге асырылуда. Бұл кезеңде қала аумағында орналасқан орман алқаптары, саябақтар және саяжайлар агран препоратымен өңделуде. Қолданыстағы дәрі токсинді болғандықтан тұрғын үй массивтерінің айналасын өңдеуге біздің құқымыз жоқ. Авиация арқылы улау көрсетілген сомадан үш-төрт есе көп қаражатты талап етеді,-деді Серікқали Алпамысұлы.

«Дезинфекция» жеке медициналық орталығының басшысы өздеріне бөлінген қаражаттың жеткілікті екенін айтты.

–Тендер уақытында өткізілді. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Соған қарамастан маса азаймай тұр. Қала тұрғындарының да арыздары жиілей түсті. Мұның бірден бір себебі – ауа-райының шыбын-шіркейдің көбеюіне қолайлы жағдай туғызуында. Мәселен жыл сайын Жайық өзені көктем мезгілінде шамамен тоғызыншы мамырға дейін көтерілетін еді. Ал биыл судың келуі 28 мамырға дейін созылды. Сондай-ақ жауын-шашын көбейді. Біз дәрінің көлемін қаншалықты көбейтіп улағанымызбен жауған жаңбыр барлығын шайып кетеді. Ал ол жерді қайта улауға қаражат бөлінбеген. Белгіленген аумақтың 5000 гектары өңделді. Тек қала іші өңделіп қоймай, өзен жағасындағы Зеленов, Теректі аудандары да улануы керек. Сонымен қатар тендер ақпан айында өтеді, ал мамырда өзеннің қаншалықты деңгейде көтерілетінін дөп басып айта алмаймыз. Сол себепті жыл сайын қосымша қор қарастырылуы тиіс. Қорыта айтқанда бөлінген қаражат масаны улауға жеткілікті, дегенмен оң нәтиже көру үшін уланатын жердің көлемін әлі де ұлғайту қажет,-дейді Мұрат Абатұлы.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Бейсенбайұлы масалардың эпидемиологиялық жәндіктер қатарына жататынын ескертті. Сондықтан денсаулық сақтау мекемелерінде маса арқылы жұққан жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың тіркелуі жіті қадағалануда.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале