21.05.2018, 15:31
Оқылды: 43

Махамбет Өтемісов атындағы университетке жаңа ректор тағайындалды

20180521162019Облыс әкімі Алтай Көлгінов Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымына жаңа ректор Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиевті таныстырды.

- Бұл 85 жылдық тарихы бар ұжымның еңбегі арқасында, ұстаздардың күнделікті жұмыстарының нәтижесінде мыңдаған жас маман қанат қағып,  әр өңірде жұмыс атқарып жүр. Осы білім ордасын жеті жыл бойы басқарған Асхат Сәлімұлы Иманғалиевтің орасан зор еңбегін атап өткім келеді. Жоғары оқу орнының дәрежесін көтеріп,  өңіріміздің дамуына, жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін жүзден астам ғылыми еңбегі бар тәжірибелі маманға алғысымды білдіремін, - деген Алтай Сейдірұлы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Асхат Сәлімұлына және оқытушылық қауымға жолдаған ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Асхат Иманғалиевке Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын тарту етті.

Алтай Сейдірұлы білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы бұйрығымен аталмыш университеттің ректоры болып тағайындалған Нұрлан Серғалиевті таныстырып өтті.  Ол 1969 жылы Тасқала ауданында дүниеге келген. К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды бітірген. Мамандығы – агроном-экономист. Биология ғылымдарының кандидаты, професор, облыстық мәслихат депутаты. 1998 жылдан бері  ғылыми қызметкерден Жәңгір хан атындағы БҚАТУ деканы, ректоры лауазымдарына көтерілген.

- Біздің алдымызда бірнеше міндеттер тұр. Ең алдымен, ғылымды дамыту қажет. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі аралықта білім мен тәрбие берудегі жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені білімсіз даму жоқ. Сонымен қатар  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да жұмыстар атқаратын боламыз. Бұдан басқа Елбасы биыл бес әлеуметтік бастаманы атап өткен болатын. Ондағы басты бағыттардың бірі - қосымша гранттар бөлу және жатақханалар салу мәселесінің оң шешімін тез арада табуымыз керек. Бұл университетке жатақхана қажет екені белгілі. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады. Үштілділікті дамыту да күн тәртібіндегі мәселе, - деген Алтай Сейдірұлы Нұрлан Хабиболлаұлының қызметіндегі басты міндеттерді атап өтіп, еңбегіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Асхат Сәлімұлы облыс басшылығы мен университет ұжымына алғысын айтса, жаңа ректор ұжыммен бірге жетістікке жететіндеріне сенім білдірді. Сондай-ақ 93 жасының 75 жылын осы университет жұмысына арнаған ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова мен филиология ғылымдарының докторы, ғалым Ғабит Хасанов бұрынғы ректорға ризашылықтарын білдіріп, жаңа басшының еңбегіне табыс тіледі.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале