4.11.2019, 16:45
Оқылды: 264

Махамбет университетінде оқырмандар байқауы өтті

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде  «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдалған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романына арналған  университетішілік оқырмандар байқауы өтті.

IMG_0790

«Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек» деген еді абыз жазушы жан толғанысында.

         Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек ері, көрнекті жазушы, ақын, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушының «Аңыздың ақыры» романы таңдалған болатын.

Ақын Темірхан Медетбек «Әбіш Кекілбайұлы – еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс.  Ол – феномен. Ол – тұтас әлем. Ол айтқан сайын, қадалған сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Ол – рухани ұлы тұлға» - деген жазушы бейнесі мен шығармашылығы хақында берген бағасында.

Қаламгер қаламынан туған «Аңыздың ақыры» романы да талайдың іздеп жүріп, сүйсініп оқитын классикалық туындысы. Тарих тамырын қозғайтын романның қазақ әдебиетінен ойып тұрып алар орны бар.

«Аңыздың ақыры» романына арналған оқырмандар байқауы – жалпы оқырмандар қауымына, соның ішінде жастарға арналып, студенттер арасында оқырмандық мәдениетті дамыту, сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау, ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік тілді дәріптеуге сонымен қатар таланттарды тануға арналды.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде  қатысушылар «Аңыздың ақыры» романы бойынша берілген сұрақтарға жауап беріп, романды толықтай қаншалықты меңгергендіктерін көрсетсе, екінші кезеңде «Мен оқыған «Аңыздың ақыры»: түйгенім, болжам, ұсыныс» атты шығармашылық жұмыс орындады.  Ал үшінші кезеңде «Аңыздың ақыры» романынан жатқа, мәнерлеп үзінді оқыды.

Оқырмандар байқауында қаламгер шығармашылығын насихаттап, студенттер арасында белсенділік танытқаны үшін Төлеу Зүлфия,  Файзуллина Қазына,  Құлтай Жадыра,  Көшербаева Гүлнұр, Сәрсенбаева Динаралар  алғыс хаттармен марапатталды.

Абыз қаламгер туындысын оқып қана қоймай, тереңнен меңгерген, мазмұнын ұғып, көркемдік-идеялық ерекшелігін талдауда, роман туралы әдемі ойын жеткізіп, тұжырым жасаған, қаламгер туындысынан үзінді оқуда шеберлік танытқан  байқауға қатысушылар жеңімпаздар атанды.  Жүлделі бірінші орынды Мамұт Зафура, екінші орындарды Эсетова Қазына мен  Жылтықаева Құралай, 3-орынды Сұлтанғали Назерке, Оразхан Бағдат,  Сембаева Ақнұр иеленді.

1-орын

Қазақ халқының алтын құрсағынан шыққан алып жазушы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының мұрасы еш уақытта оқусыз қалып, ұмытылмақ емес. Дарабоз жазушының әр шығармасы қазақ халқымен бірге жасайды.

Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале