10.07.2017, 17:10
Оқылды: 46

Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстанның жай-күйімен танысуда

 Deputattar Yzmyhanbetov  Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Павел Казанцев, Қанат Мусин және Абай Тасболатов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Мәжіліс депутаттары алдымен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, онда өңірдің өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланды.


     Кезінде Батыс Қазақстан облысын төрт жыл бойы басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы нәтижесінде өңірлерде экономика алға басып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Соның ішінде Батыс Қазақстанда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Бұрын он екі ауданның тең жартысына қатқыл табанды жол тартылмаса, кейінгі жылдары бұл бағытта жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында тұрғын үйлер көптеп салынып, инфрақұрылым тартылуда. Облыстағы жобаларға бұдан былай да Мәжіліс депутаттары тарапынан қолдау көрсетілетін болады.

         Облыс басшысы өңірдегі көкейкесті мәселелердің шешілуіне қолдау танытқан Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдірді. «Нұрлы жол» бағдарламасы инфрақұрылым мәселелерін оңтайлы шешуге үлкен септігін тигізуде. Батыс Қазақстанда, әсіресе, жол мәселесі басымдық бағытқа ие. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл 500 км жол жөнделетін болса, соның 200 шақырымы - республикалық, қалғаны - жергілікті жолдар. Бірқатар жобалар келесі жылы мәреге жетеді. Сол секілді «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 12 млрд. теңгеге 11 көп қабатты тұрғын үй (барлығы 1600 пәтер, мұның 10-ы Оралда, біреуі Ақсай қаласында), оған қоса сегіз ауданда тұрғын үйлер салынуда.  Бұл, бір жағынан, құрылыс компаниялары мен жергілікті зауыттардың өнімі мен жұмыс күшін пайдалануға, екінші жағынан, тұрғын үй кезегін азайтуға мүмкіндік береді», деді Алтай Көлгінов.

         «Біз облыста он күн бойы болып, еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен кездесеміз, өндіріс орындары мен қоғамдық ұйымдарда болып, түйткілді мәселелер төңірегінде ақылдасамыз. Депутаттар заңшығарушылық жұмысқа қатысумен бірге барлық өңірдегі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін де есепке алып, ең маңыздыларын республикалық деңгейде талқылауға шығара білуі тиіс», деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

         Бүгін түске дейін Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Абай Тасболатов облыс басшысымен бірге Оралдағы теннис орталығы мен оқушылар және жастар сарайында болып, аталған нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.

         Депутаттар облыс орталығындағы өндіріс орындарымен қатар өңір аудандарында да болмақ.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале