9.01.2017, 18:36
Оқылды: 36

Мәжіліс депутаттары – тұрғындар арасында

g-karagusova  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, Қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы  Гүлжан Қарағұсова, аталған комитет мүшелері Татьяна Яковлена және Аманжан Жамаловпен тұрғындардың жүздесуі өтті.  Шарада «Нұр Отан» партиясы облфилиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев болды.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов меймандарды ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен таныстырып өткен соң, халық қалаулылары сөз алды. Олар Парламенттің заң шығарушылық қызметі жайында тұжырымдады, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға молынан мүмкіндік әкелген «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын толықтырып отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

- Бұл бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асырылуы әрине, бөлінген ақша қаражатын ұтымды пайдалануға тікелей байланысты. Өкінішке қарай, нақты нәтижелер болмай жататын кез де бар,- деді Гүлжан Жанпейісқызы.

Депутаттар сайлаушылардың өтініш-тілкетерін мұқият тыңдады. Мәселен, еңбек ардагері, ҚР Мәслихаттарының құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев ауданда жастардың спорттық әлеуеті зор бола тұра, дене шынықтыру-сауықтыру кешені әлі күнге жоғына алаңдаушылығын айтты. «Аудан орталығында осындай кешеннің құрылысы жүргізілуіне септескейсіздер»,- деді ол.

  Д.Жақсыбаев сондай-ақ Чапаев тұсында Жайық өзеніне көпір салудың толғағы жеткенін, мұның бүкіл еліміз үшін пайдалы нысан боларын еске салды.

  Кездесу мінберінен сөз алған «Таным» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жетекшісі Құрман Бисеғалиев терроризмның алдын-алу жөніндегі жұмысты күшейту аса бір көкейкесті мәселе екенін қаузаса, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға баспана ұсынуға қатысты кейбір мәселені нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жанна Нұржанова жұмыспен қамтуға байланысты оқыту және қайта оқыту мәселелеріне байланыс сұрақтар берді.

  Мәжілісмендер аудан орталығы жанындағы қой етін өңдейтін «БатысМарқаЛамб» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Болат Қосжанұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале