6.01.2017, 10:33
Оқылды: 75

Мәжіліс депутаты кәсіпкерлермен кездесті

ekaterina-nikitinskaya   ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет жөніндегі Комитет мүшесі Екатерина Никитинская облыстық кәсіпкерлер палатасында болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

   Жиын барысында өзін қысқаша таныстырған халық қалаулысы кәсіпкерлердің хал-жағдайын сұрап, олардан жұмыс барысында кездесіп қалып жатқан түйткілді мәселелер жөнінде сұрады.


   Осыған орай, «Уланова» ЖК жетекшісі Елена Уланова өзінің көп жылдар бойы жеміс ағаштары мен өсімдіктерді күтіп-баптаумен айналысатынын айтып, тәлімбақ жұмысына қажетті арнайы техникаға қолын жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай техника өте қымбат тұрады, қолма қол сатып алуға қаражат жетпейді, сондықтан оны тек несиеге алуға мәжбүр. Осы бағытта біршама уақыт жұмыстанған Уланованың жолы болмапты, өйткені тәлімбақта жұмыс істейтін техника лизингке берілетін техникалар тізімінде жоқ екен. Осы мәселені соңғы 2-3 жыл бойы көтеріп жүргенін айтқан кәсіпкер депутаттан бағасы аспандап тұрған бұл техниканы лизингке берілетін техникалар тізіміне енгізу жөнінде көмек сұрады. Елена Уланова, сондай-ақ, өсімдік бизнесінің өзіндік ерекшелігі жөнінде айтып, қосымша құн салығы субсидияланса немесе кәсіпкерлерге салынатын салық мөлшері азайса деген тілегін жеткізді.

     Бұдан кейін сөйлеген «Шағын бизнес орталығы» қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова шағын бизнестің дамуына арналған кейбір мемлекеттік бағдарламаларды әлі де жетілдіру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, ірі жобаларды жүзеге асыруды қолға алған кейбір кәсіпкерлер әлсіз, толық жетілмеген бағдарламалардың кесірінен түрлі кедергілерге тап болуда. Сондықтан, ірі жобаларды жарты жолда қалдырмай, сәтті аяқтап тапсыру үшін кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарап, өңдеу керек. Шолпан Жұматайқызының бұл сөзін осы жиынға қатысып отырған қайсыбір кәсіпкерлер қолдап, осындай шикі бағдарламалардың кесірінен өздерінің үлкен қиындыққа тап болғандарын айтты. Тағы бір кәсіпкер ірі бизнес пен шағын кәсіптен алынатын лицензия салымы мөлшерін бірдей етіп қоюдың дұрыс еместігін қаперге салды. Оның сөзінше, бұл кәсіпкерлердің қалтасына кәдімгідей-ақ салмағын салып тұр. Өткен жылдың өзінде жеке кәсіптерінен жөнді табыс таппаған арақ-шарап сататын үш дүкен жабылып, алты лицензия кері тапсырылған. Алым-салым мөлшерінің шамадан тыс көбеюі кәсіпкерлікті дамытудың орнына, оған кедергі келтіреді.

    Кәсіпкерлер жиында жол қатынасы мәселесін де көтерді. Олардың айтуынша, Астана мен Орал қаласына қатынайтын Астана-Киев пойызының жүрмей қалғаны аталмыш қалалар арасындағы жол қатынасын нашарлатып жіберді. Елімізде, соның ішінде өңірімізде тұратын Украина азаматтарының көптігін айтқан кәсіпкерлер депутаттан  олардың жақын-жуықтарымен араласуына бөгет болып отырған осы мәселенің оңтайлы шешілуіне көмектесуін сұрады.

    Жоғарыда айтылған түйткілді мәселелерді мұқият тыңдап, қойын дәптеріне түртіп алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская жиналғандардың өтініш-тілектерін тиісті орындарға жеткізуге уәде берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі» 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале