22.03.2018, 15:57
Оқылды: 23

Меценаттар өткізген мереке

Зеленов ауданының Достық ауылында Наурыз мерекесі алғаш рет тойланды. 'Қош келдің, әз Наурыз!' деген атаумен өткен шараға ауыл тұрғындары көп қатысты.


-Елбасымыздың 'Рухани жаңғыру' бағдарламасы аясында биыл ауылымызды Ұлыстың ұлы күні кең көлемде алғаш рет тойланды. Бұған дейін мәдениет үйінде шағындап атап өтетін едік. Ал ағымдағы жылы Ернар Хайдаров сынды ұлтжанды кәсіпкер азаматтардың бастамасымен мейрам жаңша ұйымдастырылды. Оған ауылымыздағы мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, әкімдік сынды мекемелер де барынша қолдау көрсетті. Тоғыз этнос өкілі, 7 мыңнан астам тұрғыны бар ауылымыз осынау мерекенің жоғары деңгейде өтуінің арқасында шынымен де жаңғырып қалды,-деді ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиев.
Достық ауылдық әйелдер кеңесінің жетекшісі, украин ұлтының өкілі Светлана Есинаның айтуынша, әр ұлттың, соның ішінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттайтын Наурыз секілді мерекелер дәстүрлі түрде кең көлемде тойлануы керек. Сонда ғана жас ұрпақ елжанды, отансүйгіш болып өседі.
Мерекелік шара барысында салт-дәстүрлерден көріністер, көже ішуден, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Қыдыр ата батасын берді. Ән мен күй, жыр мен би де мерекенің шырайын аша түсті. Айта кету керек, мерекелік шараға өзге ұлт өкілдері де белсене қатысты.
-Өзге ауылдарда жыл сайын дүркіреп өтетін Наурыз мерекесі бізде де болса екен деп армандайтынбыз. Өзіміздің қолымыз ауызымызға жете бастаған соң, ауылдағы іскер, пысық, елгезек, ұлтжанды жігіттердің басын қосып, Наурыз мерекесін өзіміз бастап өткізейік деп ұсыныс тастап едік. Бәрі бір ауыздан қолдады. Біріміз киіз үй, екіншісіміз алты бақан, үшіншіміз түрлі сайысқа демеуші болып, келесілеріміз өзге де шараларды ұйымдастыруды мойнымызға алдық. Ауызбіршіліктің, елге, ауылға деген жанашырлықтың арқасында ол ойдағыдай жүзеге асқан сияқты. Ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз, жастар бәрі алғысын айтуда. 'Алғыстың алтыннан да қымбат' екенін енді жете түсініп жатырмыз. Осылайша бала кездегі арманымыз орындалды. Енді Ұлыстың ұлы күні ауылымызда жыл сайын тойланатын болады. Біз тек Наурыз тойлаумен шектеліп қалғымыз келмейді. Ауылды рухани жаңғырту бағытында атқарылар жұмыс көп. Соларға да ұйытқы болу ойда бар. 'Рухани жаңғыру' бағдарламасында Елбасы туған жерге ту тігу керектігін айтты. Ауылымыздың азаматтары Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын ойдағыдай орындайтындарына сенім мол,-дейді Достық ауылының тұрғыны Қуаныш Саққазов.

Сәкен Әбілхалықов,
Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале