29.03.2017, 17:36
Оқылды: 26

Медициналық сақтандыру – заман талабы

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың  өңірдегі денсаулық сақтау саласының активімен кездесуінде кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында Елжан Амантайұлы Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, денсаулық сақтаудағы ақпараттандыру, дәрілік заттардың бағасын реттеуді енгізу және өзге де көкейтесті мәселелерге тоқталып өтті.

Министрдің айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізіле бастайды. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары және сақтандырылған тұрғындар МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді алатын болады.

Сондай-ақ биылдан бастап дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу мақсатында ҚР кейбір заңнамаларына өзгерістер енгізу жоспарланғанын да тілге тиек етті.

- Медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарға медициналық қызметтің екі түрі ұсынылатын болады. Оның алғашқысы профилактикалық екпелер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл көмекке мұқтаж науқастарға алғашқы медициналық жәрдем, әлеуметтік мәні бар ауруларға (онкологиялық аурулар, қант диабеті, туберкулез) мемлекет тегін медициналық көмекке кепілдік береді.

Ал екіншісі МӘМС қатысушысы болып табылатын тұлға кез келген уақытта міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдары есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекке ие бола алады. Бұл қызметтерге амбулаториялық-емханалық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі кіреді, - деген Елжан Біртанов міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жарналар мен төлем мөлшерлеріне де қысқаша тоқталып өтті.

Бұдан кейін Астанадан арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру жүйесіне көшу заман талабы екенін және оның маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін жеткізді.

Жиын соңында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Ләззат ШАҒАТАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале