13.02.2019, 22:58
Оқылды: 42

«Мейірімді көктем» жобасы көп балалы аналарға көмектеспек

Бүгін Орал қаласы әкімінің есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһардың даму деңгейіне оң баға берді.

IMG_9685

–Президент қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың бәрі халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Әр бағдарламаның өзіндік маңызы бар. Елбасы жыл сайын әр деңгейдегі әкімдерге тұрғындар алдында ашық есеп беруін міндеттеп, ел-жұртты мазалаған сауалдардың шешімін табу керектігін айтып отыр. Бүгінгі қала әкімінің есептік кездесуінде көптеген сұрақ қойылды. Ел алдында ашықтық қағидатын қамтамасыз ету бағытында екі жыл қатарынан «Ашық әкімдік» шарасын өткізіп келеміз. «Ашық әкімдік» қабылдауына келетін тұрғындар саны арта түсуде. Биылғы қаңтар айының 27-сінен бастап бірнеше мәрте өткізілген ашық есік күнінде өз басым 140-қа жуық адамды қабылдап үлгердім. Шешімін табуға тиісті мәселелер көп екенін білеміз. Бірақ жасалып жатқан жұмыс ауқымы да аз емес. Халық мүддесіне еңбек етудеміз,– деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің сөзінше, көп балалы аналар мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Жұмыссыздық, баланы оқыту, әлеуметтік жәрдемақы, тұрғын үй алу секілді аналарды мазалайтын мәселелердің шешімін табуды жергілікті әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобы кешенді қарастырмақ. Алтай Көлгінов осы апта ішінде «Мейірімді көктем» жобасы бастау алғанын айтты. Жоба аясында көп балалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға, дипломы жоқ, жұмыс таба алмай жүрген тұрғындарға қолдау-көмек көрсетіледі.

–Облыста 12 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оған қоса, жалғызбасты ана, алимент төлемейтін әке, бала-шағасын асырауға қауқары жетпей отырғандар мәселесі де қоғамды алаңдатады. Сондықтан жоба ауқымында осы күрмеулі жайттарды назарға ала отырып, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсартумен жүйелі жұмыстанамыз. Тұрғын үй кезегінде Орал қаласының өзінде 19 мыңнан астам адам тұр. Бұл мәселе неден қалыптасты? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын болды. Нарықтық экономикаға өткен соң, барлық сала дағдарды. Экономикасын нарық заңдылығына сәйкес дамытқан елдер көш ілгері кетті. Баспана салынбады. Қазіргі кезде Елбасы қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы қарқын алуда. Бағдарлама арқылы бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер көбейіп, қала аумағы кеңейіп келеді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінде 70 мыңға жуық салымшы баспана кезегінде тұр. Мемлекеттің жағдайы жақсы. Бағдарлама бойынша үй салу қарқынын күшейте түсеміз. «7-20-25» бағдарламасы ауқымында үй алу жарнасы 20 пайызға дейін төмендетілгенін білесіздер. Сондықтан сәл сабыр ету керек. Кезең-кезеңімен баспана мәселесінің шешімін табамыз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Орал қаласы ішіндегі жолдар күрделі жөндеу жыл сайын қарқын алып, мектептер мен балабақшалар, спорт нысандары салынып жатқанын айтты. Әкімнің айтуынша, биылғы қыс аумағында қарды тазалау бойынша шұғыл шаралар қабылдануда. «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында қаладағы жылу магистральдарын жаңғырту жалғасын табады. Жылыту маусымы аяқталған соң қаладағы әбден ескірген жылу-электр орталығын жөндеу жұмысы басталмақ. Шаһардағы кәріз жүйесін жаңалау да өзекті болып тұр.

– Мәселелердің бар екенін ашық айтып отырмыз. Соларды бірлесіп шешеміз. Ол үшін ұзақ жылдарға арналған жоспар құрылады. Орал қаласы жылдан-жылға көркейіп келеді. Шаһардағы абаттандыру жұмысы жалғасын табады. Біздің ең басты байлығымыз – адамдар, оның ішінде, білімді ұрпақ. Сондықтан мектептер салуға тиістіміз. Кез келген дамыған қоғамда мәселе болады. Қала тұрғындарының саны жыл сайын көбеюде. Бұған қуанамыз, бірақ жаңа мәселелер туындап жатыр. Бәрін шешеді деп мемлекеттен көмек күтіп отыра беруге болмайды. Нарықтық экономика негізінде бизнестің дамуына жағдай жасалуда. Сондықтан түйіткілдерді кәсіпкерлермен, тұрғындармен бірлесе отырып шешеміз. Қазіргі Орал бұрынғысынан өзге, дамыған қала. Туған қаланы сүйіп,  оның көркеюіне үлес қосу, қолдағы барды бағалау қажет, – деді Алтай Көлгінов.

Нұртай Алтайұлы,

Суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_9741

IMG_9709

IMG_9764

IMG_9739

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале