2.04.2018, 9:56
Оқылды: 69

Мектеп директорлары клубының жұмысын жандандыру ұсынылды

ospanov (1)Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бейресми жағдайда мектеп басшыларымен жүздесті. Оқушылар сарайындағы ашық диалог алаңында білім ошақтарының басшыларымен емен-жарқын әңгімелескен Ғабидолла Абдоллаұлы мұндай басқосуларды ендігі жерде дәстүрге айналдыруды ұсынды. 

Ғабидолла Абдоллаұлы білім ошағындағы қандайма мәселелерді болса да бірлесе шешуге шақырды. Бұл орайда бұрыннан жауапты қызметтерде, әсіресе әлеуметтік салада жұмыстар атқарған тәжірибелі басшының «Мектеп директорлары клубының жұмысын жандандыру» туралы идеясы ұтымды көрінді. Және бұл клуб барлық мәселені ортақ қазанға салатын мектеп басшыларының темірқазық мекеніне айналуы тиіс.

ospanov (2)«Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әлі күнге өз маңызын жоймағанын мойындауымыз керек. Бұл орайда Ғабидолла Абдоллаұлы кешегі өткен «Математикалық регатаның» осы өңірден бастау алып, министрлік тарапынан қолдау тапқанына, олимпиададағы ұстаздарымыздың жеңісіне ризашылық білдірді. Ұстаз бойындағы сайыскерлік қасиеттің білім саласында бәсекеге қабілеттілікті күшейтетінін айтып, мұндай регатаны басқа пәндерден де өткізіп тұру туралы ой тастады. Облыс әкімінің орынбасары тоқталған мәселенің бірі – цифрландыру жайы. Осы бағытта көптеген семинар-тренингтер ұйымдастыруды қолға алу керек. Бұл орайда облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың таяуда ҚР Білім және ғылым вице-министрі алдында цифрландыру мәселесі бойынша есеп бергенін айтып өтті. Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратқызы да білім жүйесін басқару процестерін автоматтандыру қолға алынғанын, осыған сәйкес, балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін автоматтандырудың жаңа стандарты бекітілгенін, мектептерге қабылдау, өзара ауысу электронды режімде іске асырыла бастайтынын мәлімдеді. Және мектеп басшыларының білім саласын цифрландыру мәселесіне қатысты жылт еткен жаңалықтың бәрінен хабарлы болып отыруларын ескертті.

ospanov (3)Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов тарапынан айтылған бәрекелді дерлік ұсыныстың бірі – оқырмандар клубтарын ұйымдастыру мәселесі. Ол үшін заманауи көркем әдебиеттің тізімі жасақталып, мектеп басшыларына осы тізім үлестірілуі керек. Әрбір мектеп басшысы өзінің кәсіби құзыреттілік деңгейін көтеруі, заман ағымына ілесе алуы үшін үнемі жаңа мазмұндағы кітаптарды оқуы және ізденіс үстінде болуы шарт. - Уақыт бір орында тұрмайды. Әлем де өзгермелі жағдайда. Сондықтан біз де өзгеруіміз қажет, - деген Ғабидолла Абдоллаұлы бір айдан соң оқырмандар клубында бас қосып, оқыған кітапты талдауды әдетке айналдыруды ұсынды. Әрине, мектеп басшылары осы әдісті өз білім ұясында қолданып, ұстаздар мен оқушыларды тарта отырып, жүзеге асырса құба-құп. Басқосу барысында мұғалім мәртебесін көтеру жайы да назардан тысқары қалмады. Бұл орайда Ғ.Оспанқұлов мұғалімдерді қолдау жүйесін жаңарту қажеттігін жеткізді. Білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесіне бей-жай қарамау, әсіресе қазіргі таңда балаларды ғимараттардың бойындағы мұз сүңгілерінен сақтандыру, бала тағдырына жауапты мұғалімдерді тани білуден қателеспеу туралы баса айтты. Сондай-ақ Ғабидолла Оспанқұлов Назарбаев зияткерлік мектебінің іс-тәжірибесіне сүйене отырып, мектептерге енгізіле бастаған кураторлардың жұмысына қызығушылық танытты. Әзірге қаладағы 10 білім ұясында жұмыс жасап жатқан кураторлар қызметінің тиімділігіне №44 мектеп директоры Ақжарқын Темірхан мен №17 мектептің басшысы Тамара Рудич тоқталып өтті. Олардың айтуынша, кураторлар іске кіріскелі пән мұғалімдері біраз жүк-салмақтан арылып, алаңсыз жұмыс жасауда көрінеді. Келешекте өз қажеттілігін көрсеткен кураторлар қызметі барлық мектептерде енгізілетін болады.

Кездесу соңында Ғабидолла Абдоллаұлы мектеп басшыларын тоқсанына бір рет немесе одан да жақын аралықта бас қосып тұруға шақырды.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале