13.05.2019, 16:30
Оқылды: 47

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен БҚО-ға келді

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында мемлекет басшысы Орал қаласындағы оқушылар сарайында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.

IMG_0036

 

Президент өзінің сөйлеген сөзінде Батыс Қазақстан облысы ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосып отырғанын, соның ішінде өнеркәсіптік өндірістер мен инвестиция көлемінің ұлғайғанын, шағын және орта бизнестің аяғынан нық тұрғанын, халықтың табысының артқанын атап өтті.

– Батыс Қазақстанды елдік пен ерліктің шежіресі тоғысқан киелі өңір деп атауымыз бекер емес. Бұл Жәңгір хан мен Сырым батырдың, күйші Дәулеткерейдің, әнші Мұхиттың, Шәңгерей мен Ғұмар ақынның қасиетті мекені. Ақ Жайықтан шыққан Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Ескендір Хасанғалиев сынды әдебиет және өнер тарландары – барша халқымыздың ортақ мақтаныштары. Елбасы Батыс Қазақстан облысына әрқашан айрықша назар аударып келгенін жақсы білесіздер. Орал – Батысқа шығатын басты қақпа. Сондықтан бұл өңірге жан-жақты қолдау жалғаса береді. Жалпы, облыстың географиялық жағдайы өте қолайлы, табиғи байлығы мол, өндірістік әлеуеті зор. Бүгінде Ақ Жайық – қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жақында облыс әкімін қабылдап, өңірдің тыныс-тіршілігі туралы білдім. Соңғы уақытта облыста көптеген оң өзгерістер көрініс алуда. Жаңа бастамалар жүзеге асуда. Бұл облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандықтардың еңбегінің нәтижесі. Алдымызда тек облыс көлеміндегі емес, барша еліміз үшін маңызды істерді қолға алу міндеті тұр. Біз келешегі зор экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз керек. Ел халқының өмір сүру сапасын арттыра түсуіміз үшін динамикалық дамуы қарқынды, бәсекелестікке төтеп беретін экономикалы ел қалыптастыруды жалғастыра беретін боламыз. Батыс Қазақстан – өндіріс  әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Бұл өңір газ бен мұнай өндірісі бойынша алдыңғы шепте. Еліміз бойынша мұнай өндірісінің 14 пайызы, газ өндірісінің 36 пайызы сіздің облысқа тиесілі. Еліміздегі жалпы өнім өндірісінің 8 пайызы Орал өңірінің үлесінде. Сонымен қатар облыс көлемінде экспорттық әлеуетті арттыру үшін барлық мүмкіндік бар. Сондықтан келешекте өнім өңдеу саласын дамытып, жоғары технологиялармен жабдықталған кәсіпорындар ашу керек. Өңірге инвестиция тарту жұмысы да жүйелі жүргізілуі керек. Шетелдік инвестиция тарту тек бұл өңірде ғана емес, еліміздің барлық облысында қолға алынуы қажет. Жақында министрлер мен облыс әкімдерімен өткен кеңесте елге инвестиция тартудың маңыздылығын айтқан болатынмын. Дамуға бағыт алған бірде-бір мемлекет инвестициясыз өз жарқын болашағын елестете алмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел мен өңірдің экономикалық дамуына бағытталған бірқатар тапсырмалар жүктеді. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы мен орта және шағын бизнес саласын дамыту, халықты, соның ішінде көп балалы, табыс-кірісі аз отбасыларын тұрғын үймен қамту секілді  мәселелер бар. Сондай-ақ Президент аудан-ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту, жолдар салу, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, жастарға қолдау көрсету, азаматтық қоғам жұмысын ширата түсу басты назарда болатындығын алға тартты.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңірде агроөндірістік кешенді дамыту үшін Үкімет пен жергілікті әкімдікке тапсырма берді.

– Облыс әкіміне өңірде индустриалдық аймақ құруды тезірек қолға алуды, осы іске бағытталған тың жобаларды жүзеге асыруды тапсырамын. Бүгінде бұл өңір шет мемлекеттерге ет және ет өнімдерін экспортқа шығаруда. Дегенмен осы саладағы еңбек өнімділігі төмендеген. Бұл мәселені Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешу қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көрсетілетін қолдауды күшейтуіміз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды халыққа дұрыс түсіндіріп, шағын және орта бизнеске кең жол ашуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Президент сөзіне қарағанда, шетелдік инвестиция есебінен екі бірдей алыс ауданның орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстарының басталуы өте жақсы көрсеткіш. Соған орай әкімдікке Жастар жылы аясында барлық ауданды осындай дене шынықтыру кешендерімен қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру қажет. Құрылыс барысын қатаң бақылау облыс әкіміне жүктелді. Әлеуметтік жағдайы нашар және тұрмысы төмен көп балалы отбасыларды баспанамен қамтуды жүйелі түрде реттеу керек.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ауыз су мәселесін шұғыл шешу қажеттігін де атап өтті.

– Таза ауыз су мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Елді мекендердің 45 пайызы ғана орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, 2020 жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырамын. Сондай-ақ өңірдегі жол мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық маңызы бар жолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейді. Бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады, сонымен қатар өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Орынбор тасжолын жөндеу жұмыстары, оңтүстіктегі Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жол құрылысы басталғанын білемін. Үкіметке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін осы жұмыстарды аяқтауды міндеттеймін. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы облыстағы тозығы жеткен электр желілеріне назар аударып, облыстың электр желілері тозғандығын айтты. Сол себепті аудандарда жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Мұндай өзекті мәселелер шешілмей, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу туралы ойлауға бола ма? Осы мәселелерді Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешуді қолға алу керек, – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ашықтық пен жариялылықты одан әрі дамытуды тапсырды.

– Барлық деңгейдегі әкімдер азаматтардың өтініштеріне дер кезінде кідіріссіз жауап беруі қажет. «Ашық әкімдік», «Ашық бюджет» жобалары – осы бағытта жасалған алғашқы қадам. Мемлекеттік құрылымдардың жұмысы «қызмет үшін адам» емес, «адам үшін қызмет» қағидатына бейімделуі керек.

Сонымен қатар жастарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Жастар – дамудың ең басты күші іспеттес. Жастардың өз кәсіптерімен шұғылдануын, олардың жұмыспен қамтылуын мемлекет басты назарда ұстайтын болады. Сондай-ақ белсенді жастардың ішінен президенттік кадрлар қорын жасақтау жоспарлануда. Конкурстық негізде таңдалатын бұл қорға барлық өңірден 300-ге жуық жас маман алынбақ. Батыс Қазақстан облысынан да білікті де, білімді мамандар осы саптан табылады деп ойлаймын. Іріктеліп алынған мамандарды жауапты қызметтерге орналастырып, олардың тәжірибелерін шыңдай түсеміз. Біз жастарымыздың қолынан іс келетінін іс жүзінде дәлелдеуіміз керек. Алдағы болашақта мемлекет тізгінін алаңсыз тапсыратын еліміздің азаматтарын қазірден бастап дайындауға тиіспіз. Бұл бағытта жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.

Мемлекет басшысы ретінде жергілікті өз-өзін басқару жүйесін қолдаймын. Ел үшін маңызды шешімдер қабылдаған кезде әр азаматтың тысқары қалмауын қамтамасыз ететін жүйені іске қосуымыз керек. Әр тұлға мемлекет қаржысына атқарылған істі бақылауға алуына мүдделі болуы шарт. Мемлекет қаражатын есепсіз жұмсап, ысырапшылдыққа салынғандар қатаң жазаланатын болды. Бұл бағытта жұмыстың жаңа жүйесіне көшуіміз керек. Әрбір мемлекеттік қызметші қарапайым болуы шарт. Жаңа қызметке тағайындалысымен өз жұмыс бөлмесін жөндеуге кірісетін қызметшілерді жиі естіп жүрміз. Сондай-ақ азаматтық қоғамды жетілдірудің жаңа бағдарламасын 2025 жылға дейін жүзеге асыруды Үкіметке тапсырамын. Елдегі саясатқа немқұрайлы қарамайтын, қоғамдағы белсенді азаматтар біздің басты сүйенішіміз болмақ. Көбінесе осы азаматтық қоғамның мүшелері елдегі орын алған келеңсіздікті алғашқы болып байқап, дабыл қағады. Сондықтан бұл бағытқа да қолдау көрсетуіміз қажет.

Біздің негізгі ұстанымымыз – биліктің халықпен бірге болуы. Басты бағытымыз – сабақтастық, әділеттілік, өрлеу. Еліміздің өңірлері жақсы дамығанда ғана мықты мемлекет қалыптастырамыз. Алдағы уақытта өңірлердің дамуына бағытталған арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру да жоспарымызда бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттен кейін сөз алғандар облыста атқарылып жатқан ауқымды істерге қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыстарын білдіріп, бірқатар түйткілді мәселелердің шешімін табуға ықпал етуді сөз етті.

Жиын соңында Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Стройкомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Нұрбаевты, «Автокомбинат» ЖШС-ның директоры Валерий Голоуховты, облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Николай Дмитриенконы және Сырым ауданындағы  Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманованы алғысхаттармен марапаттады.

Нұрбек Оразаев,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_0071

IMG_0087

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале