16.06.2018, 16:37
Оқылды: 22

Мемлекеттік қызметкерлер қайырымдылық жүгіруге қатысты

20180616_090040(1)Бүгін Орал қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет жүйесінің 20 жылдығына және Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Алға басу-движение вперед» атты қайырымдылық жүгіру өтті.

Шараның мақсаты – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты  өмір салтын насихаттау және спортқа баулу. Ел дамуындағы аса маңызды, жауапты қызметте халықтың зор құрметіне бөленіп, ел алғысын арқалап жүрген мемлекетік қызметкерлер осы жолы да игі істің ұйытқысы бола білді.

-Биыл еліміздегі мемлекеттік қызмет туралы заңның қабылданғанына 20 жыл. Біз қазір мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына бағытталып, жаңа жүйеге көшіп келе жатқанын айқын аңғарып отырмыз. Жұмыстан үйге уақтылы жіберу, жалақыны өсіру, дене шынықтырумен айналысуға көбірек көңіл бөлу сияқты өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметті ең беделді қызметке айналдыру жолында үлкен қадамдар жасалуда,-деген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қайырымдылық жүгіруге қатысқан барлық мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақовтың айтуынша, қайырымдылық жүгіруге 800-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысқан. Әр қызметкер қайырымдылық акциясына қатысу үшін жарна төлеп, нәтижесінде 500 мың теңгеден астам қаражат жиналған. Бұл қаржы түгелімен Аружан Саинның «ДОМ» қоғамдық қорына аударылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі науқас балалардың ем-домына жұмсалатын болады.  

Абай алаңынан бастау алған қайырымдылық жүгіру Жеңіс алаңында мәреге жетті. Үш шақырым қашықтықты ерлер арасында ең бірінші болып Сергей Курдин бағындырса, әйелдер арасында Айсұлу Дияшева жеңімпаз атанды. Оралдық Куликовтар отбасы «Спорттық отбасы» аталымы бойынша марапатталса, әкесімен бірге акцияға үлес қосқан 6 жасар Хансұлтан Құрмаш жарыстың ең жас қатысушысы атанды. Ал 62 жастағы Жаңылсын Кәрімова ең жасы үлкен қатысушы ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.

Айта кету керек, «Алға басу-движение вперед» қайырымдылық жүгіру Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында бір күнде, бір уақытта, бір стартпен өткізіліп, насихатталды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале