19.06.2017, 18:16
Оқылды: 97

Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған басқосу

Memleket kizmetkerler kyni    Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту және мемлекеттік қызметке кадр дайындауды жетілдіру мақсатында «Мемлекеттік қызмет кадрларын дайындау: әріптестік және практикалық бағыт» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


   Шараға ғылыми саланың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Басқосудың модераторы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша Департамент басшысы Мирболат Нұртазин  болды. Конференция барысында РФ Президенті жанындағы халықтық шаруашылық және мемлекеттік қызмет Академиясының Балаков филиалының оқытушыларымен  скайп арқылы бейнебайланыс орнатылды.

   - Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы  2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығы бойынша  23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні деп бекіткен болатын. Мемлекеттік қызметшілер - мемлекеттік органдардағы биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыратын  лауазымды тұлғалар. Мемлекеттік саяси қызметшілер  мемлекеттік қызметке сайлау негізінде тағайындалады, ал мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасу конкурстық негізде жүргізіледі. Мемлекеттік қызметке тағайындалатын тұлға Қазақстан Республикасының азаматы,  жоғарғы білімі, кәсіби даярлық деңгейі болуы міндеттеледі.  Мемлекеттік қызмет  көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі – мемлекеттік қызметшілер жұмысының басты көрсеткіші болмақ. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады. 2001 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып келеді,- деді  Мирболат Сүйеуұлы еліміздегі мемлекеттік қызметтің маңызы мен оларды іріктеудің талаптарына  тоқталып.

   Ал  бейнебайланысқа шыққан РФ Президенті жанындағы  халықтық шаруашылық және мемлекеттік қызмет Академиясының Балаков филиалының оқытушысы Алексей Крахмалов Ресей Федерациясында мемлекеттік органдардағы биліктің функцияларын мемлекеттік және муниципальді қызметшілер атқаратынын және мемлекеттік қызметке магистратура бітірген мамандарды қабылдайтындығын, сондай-ақ  мемлекеттік және муниципальды қызметтің қоғамдағы орны туралы  түсінік берді.

   Содан кейін  сөз алған ҚазИТУ ғылыми-білім кешенінің қоғамдық және гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Серік Исағалиев  мемлекеттік қызмет кадрларын даярлаудың  шетелдік тәжірибесімен бөлісті.

   - АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Францияда заманауи мемлекеттік қызметтің негізі бізден бір ғасырдан астам бұрын қаланған. Шет елдерде мемлекеттік қызметпен, кадр саясатымен айналысатын, шенеуніктердің жұмысын қадағалайтын, үміткерлерге іріктеу жүргізетін олардың кәсіби деңгейі мен қызмет ету нәтижесін бағалайтын арнайы құрылым айналысады. Заңдармен айқындалған қатаң сақталатын іріктеу, көтермелеу және шенеуніктерді жазалау процедуралары мемлекеттік басқарудың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Шетелдердің мемлекеттік қызметшілерінің корпусын қалыптастыруы мәселесіне үңілсек, АҚШ, Германия, Жапония, Францияда жас элита мамандарды мақсатты бағытталған тәрбиелеу жолымен қалыптастырады. Сингапур және Малайзияда мемлекеттік қызметкер жоғарғы сапада қызмет атқарса, материалдық ынталандырады. Сингапурда қабілеті жоғары, талантты жастарды мектеп кезінен анықтап, бақылап, оларды оқыту барысында  әрдайым қолдап отырады. ЖОО-ға түсулеріне арнайы стипендиялар тағайындап, шетелге оқуға жібереді екен. Есесіне болашақтан үміт арттырар жастар өз үкіметіне 4-6 жылдай қызмет етуге міндеттеледі. Осылайша талантты, дарынды жастарды мемлекеттік қызметке орналастырады. Мұндай жастарды іздеуді үкімет жанынан құрылған арнайы комитеттер әлемнің барлық елдерінде жүзеге асырып отырады. Осындай жұмыстардың арқасында елге мамандардың келуі елден сыртқа кеткен мамандар санынан үш есе артқан,- деді  Серік Талғатұлы.

   Ал Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық техникалық университетінің экономика және менеджмент кафедрасының доценті Берік Құсайынов болашақ мемлекеттік қызметшілерді инновациялық технологияларды пайдалана отырып даярлаудың жолдарымен бөлісті. Берік Мерғалиұлының айтуынша, аталмыш білім ордасында мемлекеттік қызметкер үшін қажет «Муниципальды менеджмент», «Мемлекеттік инновациялық саясат» пәндері өтеді. Осы пәндер бойынша ол студенттерге  2016-2017 жылдың I-II тоқсанында   жаңа Scrum технологияны пайдаланып дәріс пен сараман сабақтарын өткізгенде, студенттер өз ойын анық айтып, оң шешім қабылдап, жаңа идеялар, тың жобалар  ойлап тапқан екен.

   Сондай-ақ конференция барысында мемлекеттік қызметшілердің білім-білігі,  мінез-құлқы, төзімділік қасиеті сөз болды.

                                                                           Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале