25.10.2017, 19:29
Оқылды: 61

«Мемлекеттік тіл саясаты, латын әліпбиі, ономастика - қазақстандықтардың ортақ мәселесі»

Қаламыздағы Достық үйінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты семинар өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби медиатор, белгілі саясаттанушы Дос Көшім, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбдірашит Әбдіраимов қатысты.

Жиынды ашқан БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов шара барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттер, мемлекеттік тіл саясатын қолдау, әліпби таңдаудағы негізгі ұстанымдар туралы мәселелер талқыланатынын айтты.

Өз кезегінде сөз алған Дос Көшім бұл семинар орыс тілді аудиторияға арналғанын, сол себепті негізінен ресми тілде сөйлейтінін жеткізді.

-Бүгін мен мемлекеттік тіл саясаты, латын әліпбиі және ономастика сынды үш мәселеге тоқталғым келіп отыр. Бірінші мәселе бойынша біз соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан Ақмола, Қарағанды секілді, бейнелеп айтқанда «орыс тілді» өңірлерге жиі атбасын бұрдық. Ондағы облыс орталықтарында, шағын қалаларда, аудандарда 150-дей кездесу өткіздік. Былтыр Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында да осы бағытта шаралар ұйымдастырылды. Соңғы кезде кейбір облыстар бізді арнайы шақыратын болды. Себебі, мемлекеттік тілге деген қажеттілік жыл өткен сайын артып келеді. Дегенмен әлі де қазақ тілін жете білмейтін отандастарымыздың аз еместігін мойындаумыз керек.

Жалпы қазір еліміздегі жағдай түбегейлі өзгеріп келеді. Мысалы үшін айтсам, тәуелсізідігіміздің алғашқы жылдары оқушылардың 65 пайызы орыс мектептерінде оқыса, қазір балалардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Бүгінгі таңда еліміздің біраз өңірінде орыс мектептерінің қатары сиреді. Қызылордада 1, Ақтөбе облысында 12 орыс мектебі қалған. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында бәсі артып келеді. Өткен жылдары жер мәселесіне қатысты дау туып, артынан арнайы комиссия құрылғанын білесіздер. Сол комиссия отырыстарының тоқсан пайызы мемлекеттік тілде өтті. Мемлекеттік тіл саясатын біз әрқайсымыз жете түсінуіміз керек, оны қоғамға, соның ішінде жастарға насихаттауымыз қажет. Бұл мәселеге Ассамблея да белсене қатысуы тиіс деп ойлаймын. Осынау жайттар, латын әліпбиі мен ономастика мәселелері сөз болғанда кейбір саясаткерлер бұл жайттарды ұлтараздықпен байланыстырғысы келіп, саяси астар іздейді. Бұл саяси мәселе емес немесе тек қазақ этносына қатысты жағдай емес. Ол - қазақсатандықтардың ортақ мәселесі. Сол себепті қазақ тілі дегенде, барлық отандасымыздың бойында бұл менің тілім деген құрмет болуы керек,-деді Дос Көшім.

Бір әттегенайы, осындай келелі мәселелер айтылған жиында ат төбеліндей ғана кісі болды. Кейбір саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері, бірен-сараң ғалым, мемқызметші мен «Қоғамдық келісім» КММ-ның қызметкерлерінен басқа жанды көре алған жоқпыз. Негізі бұған өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысқаны жөн еді. Себебі, жергілікті ассамблеяға да қатысты біраз ұсыныс-пікір айтылды. Мемлекеттік тілді дамыту республикада тұратын барша ұлт өкілдерін біріктіруші фактор екендігі кеңінен насихатталған жиыннан олардың сырт қалғаны өкінішті-ақ...

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале